Мақсаттан нәтижеге: кәсіби өсу үшін әдістер мен үздік тәжірибелер

- -
- 100%
- +

Кіріспе
Өткен күн тарих, бүгінгі күн сый,
келер күн сыр.
Адам орта жасқа келгенде еріксіз алды-артына қарап, жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, өзіне есеп бере бастайды. Мен бала күнімнен өмірдегі ерекше сәттерді қағазға түсіруді әдетке айналдырдым. 1986 жылы алғаш рет күнделік жазуды қолға алған екенмін. Ол кезде небәрі алтыншы сыныпта оқитын бала едім. Күнделік жазу ойы сол шақта қайдан келгені қазір есімде жоқ. Бәлкім, оқыған кітаптарым әсер еткен болар.
Бала күнімнен кітапқұмар болдым. Қызықты шығарма қолыма тисе, бір түнде оқып шығатынмын. Алғашында кітаптың әсерлі тұстарының астын сызып отыратынмын, кейін сол ойларымды жеке жазбаларға түсіре бастадым. Есейе келе жазғандарым жоғалып кетпесін деп, компьютерге енгізіп, электрондық күнделік жүргізуді қолға алдым.
Сол сәттерде қағазға түскен ойлар мен естеліктер кейін түрлі қызметтерде жүргенде кәдеге жарады. Танымал тұлғалардың өмір жолы мен толғаныстары менің өз өмірлік ұстанымымды қалыптастыруға ықпал етті.
Жиырма жасқа келгенде әр ісіме есеп беріп, әрбір әрекетімді саралап отыруды дағдыға айналдырдым. Уақыт өте, сол жазбаларымның өмірімнің ажырамас бөлігіне айналғанын байқадым.
Адам бойындағы құндылық – Жаратқанның сыйы. Алла әр адамды қайталанбас тұлға етіп жаратқан. Алтын мен алмасты жер қойнауынан қазып алғанда олардың өз құны бар, бірақ өңделген сайын әсемдігі артып, құндылығы еселене түседі. Адам да сол секілді – өмірге белгілі қасиеттермен келіп, отбасы тәрбиесі, оқу-білім мен қоршаған ортаның әсерімен сол қасиеттерін шыңдайды. Дегенмен кейде өмірдің ықпалында жүріп, өз құндылығын жоғалтып алатындар да болады.
Ердің жасы елуге таяғанда, өмірдің әр белесін саралап, өз тәжірибемді жүйелеп, өзгеге ой салар дүниеге айналдыруды мақсат еттім.
Бұл кітапты жазуға шамамен жиырма жылға жуық мемлекеттік қызметтегі тәжірибем негіз болды. Әр қызмет сатысы – өз алдына бір мектеп. Сол кезеңдердің бәрі менің өмірлік танымымды байытып, көзқарасымды қалыптастырды. Өмірдің әр өткелінде жаңа түсінік, жаңа пайым пайда болады. Бір кездері мызғымас деп санаған қағидаларыңның өзі уақыт өте өзгеретініне көзім жетті.
Бұл кітапқа менің өмір жолымдағы оқиғалар мен сол жолда түйген тәжірибелер арқау болды. Негізгі мақсатым – мемлекеттік қызметке жаңадан келген жастар мен жас басшыларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибелік кеңес ұсыну.
Өйткені ешкім бұл өмірге бәрін біліп келмейді. Бәрі – уақыт пен тәжірибенің жемісі. Әрбір табыс пен өкініштің астарында үлкен сабақ жатыр. Сүрінбеген адамнан үйренер нәрсе аз, ал өмірдің ыстығы мен суығын көрген адамның айтары мен тәлімі көп.
Бұл еңбекте елге және өңірге танымал азаматтардың жұмыс тәсілі, адамдық болмысы мен іскерлік қасиеттері де баяндалады. Кітаптың мазмұны негізінен менің өз басымнан өткен кезеңдер мен қызмет барысында қалыптасқан қарым-қатынастардан туған тәжірибелерге құрылған. Қызметтің қиындығы мен қызығын қатар көріп, түрлі өмір сабағын бойыма сіңірдім. Сол жиған тәжірибем мен ой қорытындыларымды қағазға түсіріп, жас мемлекеттік қызметшілерге пайдалы болар кейстер ұсынуды жөн санадым.
Қазір ақыл-кеңес берушілер көп. Әлеуметтік желіде тамақтану мен өзін-өзі дамыту жайлы түрлі блогтар толып жүр. Бір жағынан, бұл заман талабы да шығар. Өйткені өз бетімен бағыт таба алмайтын адамдар үшін бұл – қажет дүние. Тек берілген кеңес адамға пайдасын тигізсе болғаны.
Мен өзімді солардың қатарына қосқым келмейді. Бірақ өмірден өз орнын тапқан, халықпен бірге қызмет істеген адам ретінде, жинаған тәжірибемді өзімде ұстамай, кейінгі буынмен бөлісуді парыз санадым.
Бұл кітаптағы ойлардан әркім өзіне қажеттісін алар, қажетсізін қоя тұрар. Менің түпкі мақсатым – адам өз күш-жігері, білімі мен табандылығы арқылы өмірде жетістікке жете алатынын көрсету.
Өйткені әлемге әйгілі тұлғалардың көбі байлық пен беделге нөлден бастап, өз еңбегімен жеткен. Оларды өзгелерден даралайтын – тегі, алған білімі мен көрген тәрбиесі. Бұл қағида уақыт өтсе де өз мәнін жойған жоқ.
Отбасынан бастау алған тәрбие мен жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибе – осы кітаптың жазылуына негіз болды. Сондықтан бұл еңбек мемлекеттік қызметке енді келген жас буын үшін жол картасы, өмір мектебінің бір тарауы боларына сенемін.
Адам белгілі бір жасқа келгенде еріксіз ой түйеді:
«Мен осы уақытқа дейін не тындырдым? Қоғамға қандай пайдам тиді? Өмірімнің мәні неде?» – деген сұрақтар кез келген саналы жанның көкейінен табылады. Бұл – өзін тануға, ішкі әлемін ашуға апарар жол.
Менің осы жазбаларым, ең алдымен, өз отбасым мен балаларыма қалдырған рухани мұрам деп білемін. Онда өмір жолым, қызметтік тәжірибем, туған жердің тарихы мен тағылымы бар. Мүмкін, мен сияқты кітапқұмар жандар үшін де ой салар, өмірге деген құлшынысын арттырар дүние болар.
Ал бұл кітаптың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі жастарға өмірден түйген тәжірибелер арқылы бағыт-бағдар көрсету, өзін-өзі жетілдіруіне сеп болу.
І тарау. Балалық шағымның сәттері
Ащыойылдың жағасында өткен балалық
Ауыл – әр қазақтың жүрегіндегі
ең қасиетті мекен. Б.Момышұлы
«Адамның ойлағаны болмайды, Алланың қалағаны болады» деген сөздің ақиқаттығына уақыт өте келе көзім жетті. Өмірімнің мемлекеттік қызметпен тікелей байланысатынын бұрын ешқашан ойлаппын ба – тіпті елестетпеппін.
Менің балалық шағым Ақтөбе облысы, Темір ауданының шалғайындағы бұрынғы Теректі совхозында, қазіргі Тасқопа ауылында өтті. Жаңа атауы – Тасқопаға көпке дейін үйренісе алмай жүрдім. Себебі балалық және жастық шағымда «Қай жерденсің?» деп сұрағанда әрдайым: «Теректіденмін» деп жауап беретінмін.
Ауылым – еліміздің өзге ауылдары секілді қазақы болмысын сақтаған, Кербие қыратының баурайы мен Ащыойыл өзенінің сағасында орналасқан шағын, бірақ шырайлы елді мекен.
Ащыойыл – Ойыл өзенінің бір тармағы. Ені 10–20 метр шамасында, кей тұстарда тереңдігі үш метрге дейін жетеді. Бір жері құмды, бір жері жабысқақ лайлы көлшіктер мен тік жарлы қарасулардан тұрады.
Тасқопа ауылы Шилісай мен Шұбаржылан өзендерінің түйіскен тұсынан бастау алып, батысқа қарай Индер көлі маңындағы шөлейт аймақтарға сіңіп кетеді.
Ауыл туралы айтқанда, алдымен көз алдыма Кербие мен Ащыойыл елестейді. Кербие – Тасқопадан екі шақырымдай жерде, қалың қамыстың арасында орналасқан жер. Оның атауы Асау-Барақ батырдың жылқышысы Ожырай Құрманқожа Сұлтанбек есімімен байланыстырылады.
Аңыз бойынша, ол Ойылдың Құмжарған деген жерінен ата-анасына еңбегіне алған жылқыларын айдап келе жатып, Ащыойыл бойындағы осы маңға аялдайды. Ертеңіне тұрса, бір биесі ақсап, жүре алмай қалыпты. Күздің кезі болса керек. Бие жүре алмайтын болған соң, «қайтарда алып кетермін» деп Кербие бойына қалдырып кетеді. Ал қайтар жолда іздесе, биесін таба алмайды. Келер жылы Құмжарғанға ата-анасына көрісуге келе жатқанда, баяғы биесін дәл сол маңнан, аман-есен, құлындап тұрған күйінде көреді.
Содан бері ел бұл жерді «Кербие» атап кеткен екен. Осы аңыз-әңгіме менің есімде әлі күнге дейін жаңғырып тұрады.
Біз отбасында бес баламыз. Үйдің үлкені – менмін. Менен кейін екі інім мен екі қарындасым бар. Анам отбасында тәртіп пен еңбекті бірінші орынға қоятын. «Ұлсың, қызсың» деп бөлмей, бәрімізге бірдей талап қоятын. Аптасына кезекпен үй тазалатып, ас пісіруді, ұқыптылық пен жауапкершілікті ерте жастан үйретті.
Әкем кейінгі жылдары машина-трактор гаражының меңгерушісі, бригадир, техника мен құрал-жабдық тасымалдаушы болып қызмет етті. Сол себепті іссапарда жиі жүретін. Біз көбіне ата-әженің тәрбиесінде өстік.
Анам күн сайын кешкі шай үстінде бесеумізді маңайына жинап алып, сабағымызды сұрайтын. Мен өз бетімше дайындалуға әдеттеніп алғандықтан, іні-қарындастарымның үй тапсырмасын көбіне анаммен бірге қарап, түсіндіретінмін.
Мектепте тарих пәнінен сабақ берген Мұхтарова Сәуле апай әр сабағының соңғы он бес минутын өлкетану тақырыбына арнайтын. Ауылдың тарихы, жер-су атаулары мен елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы қызықты әңгімелер айтатын. Сол кезде мен «Тасқопа» атауы ауылдың ежелгі аты екенін білдім.
Мектепте озат оқушылардың қатарында болдым. Сыныпта отряд кеңесінің төрағасы болғандықтан, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатынмын.
Өмірімдегі ерекше есте қалған сәттердің бірі – Мәскеу, Белград және Курск қалаларына жасаған сапарым. Сол уақытта ауылымыздың совхозы өз қаржысына мектептің 9–11-сынып оқушыларына арналған туристік саяхат ұйымдастырған еді. Бір оқушы бара алмай қалып, оның орнына маған жолдама бұйырды. Сапарға шыққандардың ішінде ең жасы мен болдым.
Мәскеуде Қызыл алаңды, мавзолейдегі қарауыл алмасуын, тарихи орындарды тамашаладық. Белградта Ұлы Отан соғысына арналған мұражай ерекше әсер қалдырды. Ал Курскіде бес қабатты қонақүйде тұрып, Славян базарын араладық, алғаш рет кинотеатрға бардық.
Осындай сапарлар балалық шақтың ең жарқын естеліктері болып жадыңда мәңгі сақталады екен. Қазір өз балаларымды да мүмкіндігінше мұражайлар мен тарихи орындарға апарып, оларды қызықтыратын тақырыптар төңірегінде жиі сөйлесіп отырамын. Себебі балалық шақтағы әсерлі сәттер – болашақ тұлғаның рухани қалыптасуына зор ықпал етеді.
Ащыойыл бойындағы менің ауылым шағын болғанымен, «қазақ ауыл» және «орыс ауыл» деп екіге бөлінетін. «Қазақ ауыл» ертеректе салынған, үйлері сирек, аз отбасынан тұратын. Ал «орыс ауыл» – совхоз құрылған кезде салынған үйлер тізбегі, ауылдың орталығы. Онда мектеп, амбулатория, клуб, балабақша мен дүкендер орналасқан. Тіршіліктің нағыз қайнаған ортасы да осы жақ еді.
«Қазақ ауылда» отыздай ғана үй болды. Мектеп жасындағы балалар аз – әр сыныпта екі-үш оқушыдан. Сабаққа он шақты бала бірге барып, бірге қайтатынбыз. Сондықтан жас ерекшелігімізге қарамай, бәріміз бір үйдің балаларындай едік.
Сол ұйымшылдық бізді әрқашан біріктіріп тұратын. Жазғы не қысқы спорт жарыстарында екі ауылдың балалары бәсекеге түскенде, көбіне біз жеңетінбіз. Бірақ ұтылған «орыс ауылдың» балалары көптігін пайдаланып, кейін есесін қайтарып алатын. Бұл – балалықтың балғын, бейқам кезеңінің қызық естеліктері ғой.
Ауылымыз шағын болса да, халқы еңбекқор, бірлігі жарасқан. Кейін талай елді мекенді аралап, түрлі ортада болсам да, өз ауылымның үлкендерінің көрегендігі мен жастарының ерік-жігері өзгелерден өзгеше екенін аңғардым. Мүмкін, бұл туған жерге деген ыстық махаббаттан болар, бірақ Тасқопаның адамдары шын мәнінде ерекше.
Ауыл жастарының көбі білімге, өнер мен спортқа бейім. Мектеп оқушыларының сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, туған жерге деген сүйіспеншілігі де бірден байқалып тұратын.
Бала күнімде сүйіп оқыған жазушым Агата Кристидің мына бір сөзі есімнен кетпейді: «Өмірде адамға бұйыратын ең үлкен бақыттың бірі – бақытты балалық шақ».
Шынында да, кейде өткенге көз жүгіртсең, жүрегіңді жылытатын ең алғашқы, ең тәтті сағыныш – балалық шақтың бейқам, бақытты сәттері екен.
«Атадан қалған із, әжеден қалған ізгілік»
Қазақ баланы дара болса екен деп тәрбиелейді,
дара болғасын дана болсын деп тәрбиелейді.
Қазақта «Қарты бар үй – қазыналы үй» деген аталы сөз бар. Менің бойымдағы көптеген жақсы қасиет ата мен әженің тәлімінен дарыған. Қазақы дәстүр бойынша үлкендер кішкентай баладан «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда, мен әрдайым мақтанышпен: «Ата-әжемнің баласымын» деп жауап беретінмін.
Ес білгелі көз алдыма жазғы үйдің алдында отырған атам мен үш әжем елестейді. Атам қайыстан ат әбзелдерін жасап, қамшы өрумен айналысатын. Ал әжелерімнің бірі жүн сабайды, бірі құрт-ірімшік қайнатады, енді бірі құрақ көрпе тігіп отыратын. Бізге келісаппен тары түйгізіп, қол диірменмен талқан тартқызатын. Әсіресе, құрт жасау ерекше қызық еді – домалақтап отырып, бірін аузымызға салып жіберетінбіз. Сол кездерді сағынышпен еске алғанда, әжелерімнің құрттарының дәмі әлі де аузымнан кетпейді.
Бала күнімде мен атамның үш әйелі бар деп ойлайтынмын, өйткені үнемі қасында жасы шамалас үш кемпір отыратын. Кейін білдім: Қалау атамның өз жары – Бәтима әжем екен. Ал Қилым әжем – Бәтима әжемнің немере әпкесі, ал Зағипа әжем – келіні. Екеуінің де жолдастары соғыста қаза тауып, ерте жесір қалған екен.
Бұл бөлімді жазу арқылы мен ата-әжелерімнің рухына тағзым етіп, олардың өнегелі өмір жолын ұрпаққа жеткізуді жөн көрдім.
Атам – Қанафин Қалау. Құжат бойынша ол 1910 жылы Ойыл ауданының Құлман ауылдық кеңесінде, Қанафия мен Төлеу отбасында дүниеге келген. Арабша сауат ашқан, кейін екі сыныптық білім алған. Әкесінен жалғыз бала болып қалған, алдында бір апасы болған екен. Қалау мен Бәтимадан он бір бала дүниеге келіп, өкінішке қарай, тоғызы үш-төрт жасқа жетпей шетінеп кеткен. Тірі қалған ұлы – Серікқали мен қызы – Ақжанай. Ұлы Серікқалидан мен тараймын.
Қалау атам Алға қаласындағы зауытта жұмыс істеген, ал туған жері – Жаман Жарлы. 1929 жылға дейін отбасы Ащыойылда тұрған, ашаршылық жылдары Қарақалпақстанға көшіп кетеді. Кейін 1938 жылы Алға қаласы арқылы қайтадан Ащыойылға оралған. Атамның әкесі Қанафия – ел ішінде беделді, әділ, шаруақор адам болыпты. Дау-дамайға араласып, билердің жанында жүріп, елдің сөзін сөйлеген.
Соғысқа дейін ел тұрмысы түзеліп, ауыл еңсесін көтерген шақ еді. 1938 жылдан бастап атам механизатор болып еңбек етті. 1942 жылы ақпанда соғысқа аттанып, ұрыс кезінде төсі мен қолтығынан жараланып, 1944 жылы елге оралды. Соғыстан кейін де механизаторлық қызметін жалғастырды. Жоғары еңбек көрсеткіштері үшін социалистік жарыстың Құрмет кітабына енгізіліп, 1962 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1965 жылы І класты тракторист-машинист куәлігін алды.
Атам тапал бойлы, мінезі шапшаң, ұқыпты, жинақы, көп сөйлемейтін, шаруасына мығым адам еді. Қалтасынан көк пышағы түспейтін. Шөп самтығынан салынған қорада біз, балалар, тығылыспақ ойнайтынбыз. Атамның өзіне арналған шағын шаруашылық бөлмесінде түрлі құрал-саймандар мен батырлар жырларының кітаптары сақталатын. Көбіне мені шақырып алып, жыр оқытатын. «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырларын сол кісінің өтінішімен жаттап өстім.
Кешке жатар алдында атам маңдайын уқалатып, әңгімелескенді ұнататын. Кейде еркелікпен бұл әдеттен қашқақтайтынмын. Атамның қара аты бар еді – сол атымен қой бағып, кешке малдың алдына шығатын. «Малдың арқасында жетісіп отырсыңдар, оны күтіп-баптау – парыз» деп жиі ескертіп отыратын.
Біз «шалдың баласы» атанып өстік. Атам ет асқан күні асық жілікті қынамен бояп беретін. Көбіне үй тыныштығын ұнататын, кешке далаға шығып, ауыл қозғалысын үнсіз бақылап отыратын. Маған жүген мен қамшы өруді үйретті.
Өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып төсек тартып жатты. Бір күні мені қасына шақырып, маңдайын уқалатқаны әлі есімде. Сол сәт – атаммен соңғы жүздесуім болыпты. Ол 1986 жылы 15 маусымда дүниеден өтті.
Атам маған үнемі: «Біз сияқты сауатсыз болма. Бізде оқу мүмкіндігі болмады. Сендерге жол ашық, тегін оқудан қашпа, білім ал, ешқашан жасық болма», – деп отыратын.
Балалық шақта балалармен төбелесіп немесе ойнап жүріп құлап қалып жылап келгенде, атамның «Көз жасыңды көрсетпе, ер бала жыламайды!» деген сөзі жадымда қалды.
Атамның отбасы алғашқыда Ащыойылдың арғы бетінде там үйде тұрған. Тек бертін келе қазіргі Тасқопа ауылының орталығына көшкен. Атам көкемді (әкемді) мектепке өзі апарады екен. Ащыойылдан өткізіп мектепке апару үшін өткелге ағаштан жалғыз аяқ көпір салып, таңертең ертемен бергі бетке мектепке судан өткізіп, қайтарда күтіп алады екен. Көкем жалғыз баласы болғандықтан, қолдан келгенін аямаған. Атам 1986 жылы 15 маусымда дүниеден өтті.
Әжем Бәтима (Бәтіш) 1923 жылы Тасқопа жерінде, Әбділдә мен Қанипа отбасында дүниеге келген. Төрт сыныптық білімі бар. 16 жасында Қалау атама тұрмысқа шыққан.
1930 жылдары аштық пен қуғын-сүргін тұсында отбасы Темірге көшіп, кейін қайта ауылға оралады. Әжемнің әңгімесінен сол заманның қиын да қымбат күндерін жиі еститінбіз.
Тоғайбай деген ауылдық совет Жұрыннан астық әкеліп елге таратады, егінге бір жәшік қоян сатып алып, үй-үйлерге үлестіреді. Ел қоян бағып азық етеді. Тоғайбайдың алдында ауылдық совет Қойшығұл деген кісі болған. Ол да елді балықпен асырап, көп еңбек еткен. Сол кезде ауыл халқы ауыз суды Ащыойылдан алып, Кербиенің баурайында ел балықпен күн көрген.
1941 жылы бір ай трактор жүргізу курсынан өтіп, 1943 жылы Алтықарасуда механизатор болып еңбек етті. 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне (ВДНХ) Ойыл ауданы атынан қатысып, 1961 жылы Ақтөбе облысы әйелдерінің І съезіне делегат болып сайланды. Еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды.
Әжем өмір бойы еңбекқор болды. Қолөнер мен тұрмыс ісінің бәрін меңгерген. Тары түйіп, диірменмен ұн тартатын, құрақ көрпе тігетін, май шайқап, құрт-ірімшік әзірлейтін. Бізге «жұмыстан қашпаңдар» деп, бәрін бірге істететін.
Он жасымда маған «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жаттатты. Кешке ұйықтар алдында үнемі: «Лә иләһә илла Алла, Мұхаммадур расулулла. Алла тағала балаларым мен немерелерімнің алдында алып кет, оларға қиындық көрсетпе» – деп дұға ететін.
Ауырып қалған күндері, кешқұрым үйдің сыртына апарып, құбылаға қаратып ұшықтап, үйге әкеліп, жеті затпен жабатын. Не құдіреті бар екенін білмеймін сол күні көк терге түсіп, таңертең жүгіріп кететінбіз.
Немерелерін жинап, екі әжемді қасына алып асықпен «қан талапай» ойнағанды жақсы көруші еді.
Студент кезімде үй жалдап тұрғанда немеремнің қолында боламын деп қалаға келіп бізбен тұрған кездері болды. Жүннен қолғап, шұлық, шарф тоқып, каникулға келгенде беріп жібереді, пенсиясынан тығып бізге ақша береді.
Әжемнің пейілі дархан, жүрегі кең еді. Немерелерінің бәрін бауырына тартып, еркелетіп өсірді. Кейін мен үйленгенде келіні Гүлзияны ерекше жақсы көріп, «Менің Гүлзиямның тамағы дәмді, бүгінгі асқа бес қоямын!» – деп қалжыңдап отыратын.
Соңғы жылдары көзі мен құлағы нашарлағанмен, өз аяғымен жүріп, той-садақадан қалмайтын. Біз келген сайын маңдайымыздан сүйіп, көзіне жас алатын.
Әжемнің немере ағасы, ақын Сағындық Ниянқұлов «Ауылға хат» атты жыр жинағында ол туралы былай деп жазған:
Төсеніш көк майса ғой құрағы да,
Таныс маған өзен-көл, бұлағың да.
Кім білмес Қанафина Бәтиманы,
Ойнаған техниканың құлағында.
Мектеп кезінде қағаз жинау науқанында ата-әжелерімнің ескі кітаптарын өткізгеніме әлі күнге дейін өкінемін. Сол кітаптар – менің әдебиетке деген сүйіспеншілігімнің бастауы еді.
Сол себепті мен атамды – папа, әжемді – мама, ал өз әке-шешемді көке мен апа деп атайтынмын. Бұл – менің балалық дәуірімнің ең жылы, ең қымбат естелігі.
Бала арманы
Ішсем, жесем, ұйықтасам – тән құмары,
Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен – жан құмары. Абай
Мен бала кезден кітапқұмар болып өстім. Әкем де, анам да кітап оқуды жақсы көретін. Кейде демалыс күндері әр бөлмеден кітап парақтаған үн естіліп, үйдің іші бір тыныштыққа бөленетін. Кей сәттерде бәріміз шай үстінде отырып, оқыған кітаптарымыздағы қызықты тұстарды талқылайтынбыз.
Бала күнгі әдетім – оқыған кітаптардан ұнаған қанатты сөздер мен әсерлі оқиғаларды арнайы дәптерге жазып отыру еді. Есте жақсы сақталуы үшін, реті келген жерде сол сөздерді өзгелерге айтып, қайталап жүретінмін. Қазір бұл әдетімнің заманауи түріне көшіп, жазбаларымды ұялы телефоныма сақтаймын. Бұл – өте ыңғайлы: кез келген ортада отырып, ойыңды нақтылап, әңгімені қызықты етіп өрбітуге көмектеседі.
Папам мен мамамның, сондай-ақ әжелерімнің қасында көп болғандықтан, ертегі, дастан, батырлар жырын ерте жастан құлағыма сіңіріп өстім. Мектептегі тәрбие сағаттарында сол жаттаған жырларымды сыныптастарыма айтып беретінмін.
Әкем менің есімімді өзі оқыған кітаптағы сүйікті кейіпкер – Нұржанның атымен байланыстырып қойғысы келген екен. Мен 1976 жылдың ақпан айының борандатқан таңында дүниеге келіппін. Сол жылы қыстың ызғары ерекше қатты болып, боран күн сайын басылар емес екен. Ауыл мен Байғанин ауданының орталығы – Қарауылкелді арасындағы жол жиі жабылатын. Әсіресе, ауданға жақындай бергенде қыратты жарып салынған «Таужарған» атты жол бөлігін қар басып қалатын.
Атам келінінің толғағы басталғанда боран күшейіп кетсе, перзентханаға жеткізе алмай қаламын ба деп қатты алаңдапты. Сөйтіп, анамды атшанамен Қарауылкелдіге жеткізген екен. Содан 10 ақпан таңында мен дүниеге келіппін. Таң қаларлығы – апталап соққан боран дәл сол күні басылып, күн ашылыпты. Мұны жақсылыққа жорыған атам:
«Тұңғыш немеремнің аты Нұржауған болсын, боранның ашылғанындай жолы ашық болсын», – деп ат қойыпты.
Әр баланың мектепте ерекше жақсы көретін пәндері болады ғой. Барлық пәнге бірдей қызығу сирек кездеседі. Менің де солай – 9-сыныпқа дейін көркем әдебиет пен физика пәндері ерекше ұнайтын. Көркем әдебиетке деген қызығушылығым – бала кезден құлағыма сіңген жыр-дастандардың әсері болса, физика пәнін сүюім – ұстазым Орынгүл апайдың еңбегі. Ол кісі әр сабағын тәжірибе түрінде өткізіп, бізді зерттеу мен ойлануға жетелейтін. Амперметр мен вольтметрді жалғап, ток көзін өлшеген сәттер маған үлкен қызық болатын. Апайдың жетекшілігімен аудандық физика олимпиадаларына да қатыстым.
9-сыныптан бастап тарихқа деген қызығушылығым арта түсті. Әсіресе туған жер тарихына, ауыл атауларының шығу төркініне, көне көз қариялардың естеліктеріне ден қойдым. Тарих пәнінің мұғалімі Сәуле апай кез келген тақырыпты ауыл шежіресімен ұштастырып, көнекөз қариялардан жазып алған әңгімелерін сабақта айтып беретін.
Сол кезде ауылда оқитын әр баланың жеті атасын жатқа білуі – қалыпты дәстүр еді. Мұғалімдеріміз бізге үнемі:
«Ата-әжелерің барда отбасы шежіресін, тарихын жазып алыңдар», – деп талап қоятын. Біз үлкендердің айтқандарын дәптерге түсіріп, өз ауылымыздың шағын тарихын жазып шығатынбыз.
Міне, осындай тәрбиенің арқасында менің туған жерге, оның өткеніне деген құрметім арта түсті. Теректі өңірінің қойнауы – тұнған тарих. Соның бір дәлелі – кейін дәл осы өңірден табылған Қазақстандағы сегізінші «Алтын адам».
2019 жылдың күзі. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Тасқопа І қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп, сармат дәуіріне тән алтын әшекейлі көсемнің қабірін табады. Институт директоры Бауыржан Байтанаев бұл жаңалықты:
«Бұл – тек Ақтөбе облысының ғана емес, бүкіл қазақ тарихының жаңа беті. Алтын қорамсақ пен әшекей бұйымдар біздің мәдениетіміздің байлығын дәлелдейді», – деп бағалаған еді.
Ал біз, ауыл балалары, сол төбенің үстінде талай қой бағып, ойнап жүргенімізді қайдан білейік? Кейін сол қасиетті жердің астында ұлт тарихының алтын парағы жатқанын естігенде бәріміз ерекше толқыдық.
Қазір біреу «Қай жақтансың?» десе, ауылдастарымның бәрі мақтанышпен: «Алтын адам табылған жерденмін!» – деп жауап береді.
2022 жылдың қарашасында мен «Алтын адам» қорымына барып, Құран бағыштадым. Балалық шағымның куәсі болған сол төбе енді мен үшін қасиетті мекенге айналды. Сол жердің әр уыс топырағы – ата-бабалар рухының ізі, ал менің өмірім – сол рухтың жалғасы секілді.
Бүгінде Тасқопа ауылының қақ ортасында көз тартарлық «Алтын адам» ескерткіші бой көтеріп тұр. Ал Ақтөбе қаласындағы облыстық өлкетану мұражайында осы тарихи олжаға арналған арнайы бұрыш бар.
Бала күнімізде қой соңында жүріп, ескі тұрақтардың орнынан талай көне бұйымдар тапқанымыз есімде. Қыс кетіп, көктем келсе, қар мен жаңбыр суы топырақты шайып, жер астындағы қола пышақтар, жез қасықтар, тостағандар мен ескі теңгелер жарқырап көрінетін. Сондай қазыналардың бірқатарын мен өзім де жинап жүретінмін.
Ауыл тарихы – терең де қызық дүние. Бірақ бұл тақырыпқа кірісіп кетсем, қайта шығу оңай болмас еді. Сондықтан егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ қояйын. Бұл туралы арнайы отбасы шежіресіне арнап жазып жатқан кітабымнан кейінірек оқи жатарсыздар.
Сол кездегі мектеп пен ұстаздар еңбегінің арқасында қазіргі менің – Нұржауғанның – тұлғалық болмысым қалыптасты. Азамат болып өсуіме балалық шақтағы мектеп өмірі, отбасым мен ауыл ортасының тәрбиесі айрықша ықпал етті.
Бала кезден бойыма сіңген бір жақсы әдетім бар – қол жеткізген жетістіктерімді, марапат қағаздарымды жинап жүру. 9-сыныпқа дейін үздік оқушы болдым. Ал 10-сыныптан бастап, бәлкім жігіттік желік басым түскен шығар, геометрия мен химиядан «4» алып, «өте жақсы» деген мақтау қағазына ілінбей қалдым. Бірақ сол әдет менімен бірге қалды – әлі күнге дейін өзімнің де, балаларымның да жетістіктерін жинап, сақтап жүремін.
Қазіргінің тілімен айтқанда, бұл – өзін-өзі мотивациялау тәсілі. Адам өткеніне қарап, жетістіктерін саралап отырса, ол өзіне есеп беруге, жақсы әдеттерді қалыптастыруға, өмірін мақсатты бағытта өрбітуге жол ашады.





