Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму

- -
- 100%
- +

АЛҒЫ СӨЗ
Бұл кітап менің соңғы жылдары жариялаған мақалаларымның жинағы, оның мақсаты – Қытай экономикасының өткені, қазіргі мəселелері мен болашақтағы өсу перспективаларын түсінуге арналған экономикалық теорияларды ұсыну. Қытай өркениеті – əлемдегі ең көне əрі ең ұлы өркениет. Мэдисонның бағалауы бойынша, 1820 жылы Қытай экономикасы əлемдік экономиканың шамамен 30%-ын ұстаған. Алайда өнеркəсіптік революциядан кейін Батыс жылдам дамып, Қытайдың əлемдік экономикадағы үлесі Қытай Халық Республикасы құрылған кезде, яғни 1949 жылы 4,2%-ға дейін төмендеген.
Басқа дамушы елдер сияқты Қытай үкіметі индустрияландыруды ұлттық жаңғыру жолы ретінде жүргізді. Қытай экономикасы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезінде ондаған жылдар бойы кедейшілікті бастан өткеріп, 1978 жылдан бастап қарқынды өсті. 1978 жылдан 2021 жылға дейін орташа жылдық өсу қарқыны – 9,2%, бұл адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған экономикалық дамудың кереметі. 1978 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 156 АҚШ долларын құрап, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің орташа көрсеткішінің үштен бірінен аз болды, 2021 жылға қарай 12 551 АҚШ долларына дейін өсіп, 2025 жылға қарай табыс деңгейі жоғары елдер үшін Дүниежүзілік банк белгілеген 13 205 АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Бір қызығы, Қытай нарықтық экономикаға көшу барысында жалпы жұрт қабылдап, экономикалық теорияға айналған «Вашингтон консенсусының» ұсыныстарын қолданған жоқ. Ал басқа дамушы елдер нарықтық экономикаға көшкенде стандартты əдіснамаға сəйкес экономикалық құлдырау, тоқырау жəне дағдарысты жиі бастан кешірді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамушы елдердің көпшілігі саяси тəуелсіздікке қол жеткізіп, дамыған елдердің доктриналарын басшылыққа ала отырып, модернизация мен индустрияландыру үдерісін бастады. Алайда олардың ішінде тек санаулысы ғана дамыған елдермен табыс алшақтығын қысқарта алды. Бұл елдердің немесе аймақтардың көпшілігі Шығыс Азияда орналасқан, олар жалпы жұрт қабылдаған теорияларды қате деп есептейтін саясат жүргізді. Мысалы, Шығыс Азияның жаңа индустриалды елдері, соның ішінде Оңтүстік Корея, Тайвань, Қытай, Гонконг жəне Сингапур 1950–1960 жылдары заманауи өнеркəсіпті дамыту үшін дамудың бастапқы кезеңдерінде жалпы импортты алмастыру стратегиясын қабылдамай, дəстүрлі шағын əрі еңбекті көп қажет ететін салаларды дамытып, өнеркəсіптік баспалдақпен бірте-бірте көтерілу мақсатында экспортқа бағытталған стратегияны қолданды. Нəтижесінде 1980–1990 жылдар аралығында Қытай, Вьетнам жəне Камбоджа сияқты елдер жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезінде маркетингілеу, жекешелендіру, тұрақтылық басым болған «үлкен жарылыс» тəсілін емес, кезеңдік жəне спорадикалық тəсілді қолданып, серпінді өсуге қол жеткізді.
Экономикалық теорияларды экономикалық құбылыстар туындатады. Олардың мақсаты адамдардың іс-əрекетіне бағытбағдар беріп, қоғамдық дамуға ықпал ету, экономикалық құбылыстардың сипаты мен себептерін түсіну. 1776 жылы Адам Смит «Ұлттық байлық теориясы» кітабын жариялағалы көптеген экономикалық теориялар дамыған елдерде, əсіресе Ұлыбритания мен АҚШ-та өркендеді. Бұл экономикалық теориялар дамыған елдердің жетістікке жету себептерін толық көрсетіп, дамушы елдерге нұсқаулық болды. Алайда экономикалық теориялар бақыланатын құбылыстардан абстракцияланып, қарапайым себеп-салдарлық байланыстар əлеуметтік, саяси жəне мəдени құрылымдардың теориялық алғышарттарына айналады. Сонымен қатар жаңа теориялардың туындауына себеп болады.
Дамыған жəне дамушы елдер əртүрлі даму кезеңінде, олардың арасында сөзсіз құрылымдық айырмашылықтар болады. Бұл дамушы елдердегі экономикалық құбылыстарды бақылау мен экономикалық мəселелерді шешу кезінде негізгі неоклассикалық экономикалық теорияға құрылымдық перспективаны енгізуді талап етеді. Бұл – мен Дүниежүзілік банкте бас экономист болған 2009 жылдан бастап алға қойылған Жаңа құрылымдық экономиканың (ЖҚЭ) мақсаты.
Маркстік тарихи материализмнің рухын көтеріп, неоклассикалық тəсілді аналитикалық құрал ретінде пайдалану керек. Жаңа құрылымдық экономикаға сəйкес, экономиканы үлестіру, өндіріс (өндірістік жəне технология), инфрақұрылым, қондырма немесе жаңа институционалдық экономика терминологиясында заңдар, ережелер, əлеуметтік саяси жүйелер сияқты формалды институттарды, сондай-ақ мінез-құлық, наным-сенімдер, құндылықтар, идеологиялар сияқты бейресми институттарды қамтитын өзара байланысқан құрылымдар бар. Экономикалық өндіріс құрылымы экономикалық қауіпсіздіктің эндогені, өйткені экономикалық құрылым экономиканың салыстырмалы артықшылықтарын, кез келген уақытта құруы немесе өзгеруі мүмкін тиісті технологиялар мен салаларды анықтайды. Əртүрлі технологиялар мен өндіріс салалары да белгілі бір капиталды үнемдеу, дағдылар, инфрақұрылымның талаптары, ауқымы мен тəуекелі сияқты техникалық сипаттамалары бойынша ерекшеленеді. Өндіріс құрылымындағы технологиялар мен өнеркəсіп салаларының өнімділігін арттыру тиісті инфрақұрылым мен қондырманы қажет етеді. Ол халық шаруашылығы қорының құрылымына да жанама түрде əсер етеді.
Экономиканың қалыпты жұмыс істеуі үшін екі негізгі институт қажет: толық бəсекеге қабілетті нарық жəне ықпалды үкімет. Біріншісі – кəсіпкерлерді экономиканың салыстырмалы артықшылықтарына негізделген өндірістік (өнеркəсіптік жəне технологиялық) таңдауға бағыттау, ынталандыру жəне салыстырмалы баға туралы ақпарат беру. Екіншісі – сыртқы факторлардың əсерінен туындаған нарық сəтсіздіктерін еңсеру, сондай-ақ инфрақұрылымды үйлестіру, əзірлеу процесінде құрылымдық өзгерістермен сипатталатын қондырмаға қажетті жақсартуларды енгізу. Бұл қажетті құқық норманы пайдалануға заңды негіз беретін жалғыз мемлекеттік мекеме.
Идея, капитал, сауда, ақпараттық технологиялар дамыған мына заманда экономиканың құрылымдық теңгерімсіздігінің екі негізгі себебі бар. Біріншісі – экономикалық жүйе құрылымының құрамдас бөліктерінің əртүрлілігі. Егер экономиканың тиісті өндірістік құрылымы, инфрақұрылымы, қондырмасы бар болса, онда мұндай экономикалық құрылыммен экономикалық өсудің арқасында капиталдың жинақталуы жылдамдайды. Бұл қор құрылымындағы капиталдың салыстырмалы салмағы мен экономиканың салыстырмалы артықшылықтарының өзгеруін тудыратын өндіріс құрылымын, инфрақұрылымды, қондырманы өзгертуді талап етеді. Мақсатты қордың құрылымы өте тез өзгереді. Қондырмалардың өзгерістері, əсіресе мінез-құлық үлгісі, дəстүрлер, сенімдер, құндылықтар, идеология сияқты бейресми институттарда баяу жүреді. Егер байлықтың құрылымы жоғарыда аталған капиталдың жинақталуы нəтижесінде, не халық санының өсуі, білім беру, көші-қон, шетел капиталының ағылып келуі, не табиғи ресурстардың ашылуы сияқты себептермен өзгерсе, қондырманың өзгерістері ішкі құрылымның өзгерістерімен үйлестірілмеген болса, құрылымдық теңгерімсіздік туындауы мүмкін. Құрылымдық теңгерімсіздіктің екінші себебі мемлекет өндіріс құрылымына араласуы ықтимал. Кейбір əлеуметтік немесе саяси күйзелістерден кейін дамыған елдердің саяси, құқықтық жəне басқа да формалды институттары көбіне мұра етіледі немесе білімді элиталардың күтулері, көпжақты даму институттарының ұсыныстары немесе əлемдік державалардың ықпалына сай жұмыс істейді. Мұндай 1- деңгейдегі мемлекеттік араласулар, мысалы, тоғанға тас лақтырғаннан пайда болған судағы шымырлаған діріл сияқты басқа 2-деңгейдегі жүйелерге əсер етеді. Құрылымдық теңгерімсіздіктің екі түрі де төмен экономикалық көрсеткіштерге, тіпті əлеуметтік жəне саяси тұрақсыздыққа əкелуі мүмкін.
Теңгерімсіздік бұзылуының бірінші себебіне келетін болсақ, құрылымдық тепе-теңдікті қалпына келтіру біршама жеңіл, өйткені мемлекет, қандай болса да бір саясаткер немесе кəсіпкер өзгерістерге жетекшілік етіп, үйлестіруді қамтамасыз етсе, өзгерістер болады деп қарайды. Мемлекеттің араласуынан туындаған құрылымдық теңгерімсіздіктер трансформациясының екінші себебін шешу үшін экономикалық жүйедегі бұрмаланған болып көрінетін екінші дəрежелі институттардың көбісі табиғаты бойынша екінші болып табылатын өндіріс құрылымына немесе қондырмаға мемлекеттің араласуының бірінші деңгейіне эндогенді екенін мойындауы маңызды. Сондықтан өтпелі үдерісі кезінде Парето жақсартуларына қол жеткізу үшін қондырма жүйесін реформалаудан бұрын жүйелік күйзелістерді болдырмау жəне құрылымның төменгі деңгейлеріндегі жағдайларды дайындау үшін прагматикалық көзқарасты қолданған дұрыс. Мысалы, структуралистік импортты алмастыру стратегиясының аясында басымдық берілген секторлардағы өмірге қабілетсіз фирмаларды қорғау қажеттілігіне байланысты қаржылық репрессия мен жұмсақ бюджеттік шектеулер алынып тасталынды. Капиталдың жинақталуы мен салыстырмалы артықшылықтардың өзгеруі есебінен өмірге қабілетсіз фирмалар қайтадан өмірге бейімді болғанша күтуге тура келді. Бұл екі кезеңді біртіндеп көшудің аясында салыстырмалы артықшылықтары бар жаңа секторлардың жылдам өсуінің арқасында мүмкін болды. Дамыған елдердің формалды жүйелерін қолдануға мəжбүр дамушы елдер үшін бұл құрылымдық теңгерімсіздікті егер оларда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық қуып жетуші даму кезеңінде Шығыс Азиядағы секілді білімді саяси көшбасшылары бар болса еңсеруге болады. Бұл саяси көшбасшылар өздерінің дискрециялық өкілеттіктерін ақылмен пайдалана отырып, бір жағынан елдегі саяси тұрақтылықты сақтап, екінші жағынан, саяси тұрақтылық тудырған мүмкіндіктер терезесін экономиканы белсенді дамыту үшін қолданады. Осылайша, таңылған жүйенің жақсы жұмыс істеуі үшін қажетті шарттарды орындау мен ескі бейресми жүйенің қайшылықтарын жою (мысалы, непотизм мен саяси патронаж сияқты қайталама бұрмалаулар) үшін экономикалық базаны жаңғыртады.
Кітаптың құрылымы төмендегідей:
I тарауда Қытайдың əлемде алатын орны, ұлттық жаңғыруына түрткі болған өз өнеркəсіптік революциясын жүзеге асыра алмауының себептері талданды. Сондай-ақ бұл тарауда Қытайдың экономикалық динамизмінің қайнар көздері, 1978 жылы нарықтық экономикаға көшкеннен кейінгі өсудегі жекеменшік сектордың рөлі зерттелді.
II тарау Қытайдың дамуы əлемге дамушы елдер мен кедейшілікпен күрес туралы не айтатынын қарастырады.
III тарауда Қытайдың даму тəжірибесінен туындауы мүмкін жаңа экономикалық теориялар, соның ішінде Жаңа құрылымдық экономика қарастырылады.
IV тарауда Жаңа құрылымдық экономикадағы теориялық инновациялардың уəждемесі жəне оның экономикалық зерттеулердегі қолдану жолдары қарастырылады.
V тарауда Қытайдың инновациялар мен даму саясатын анықтау үшін Жаңа құрылымдық экономика қолданылады.
VI тарауда өнеркəсіп пен қаржы құрылымдары арасындағы қарым-қатынас жəне Қытайдың жоғары сапалы дамуын қолдау мақсатында қаржы инновацияларын пайдалануы қарастырылады.
VII тарауда Қытайдың негізгі ішкі циклдері мен қосарлы халықаралық циклдерінің өзара күшейткіші басым жаңа даму үлгісін қабылдауының негіздеуі қарастырылады.
VIII тарауда Қытайдың 2021–2025 жылдарға арналған 14- ші бесжылдық жоспарына қажетті мақсаттар, міндеттер мен саясаттар талқыланады.
XIX тарауда өзара тиімді ынтымақтастықты қажет ететін Қытай мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасындағы шиеленістерге, сондай-ақ індеттер мен ғаламдық басқару реформасына реакция қарастырылады.
Қытай əлемде барлығы үшін маңызды ел. Бұл кітап оқырмандарға кезінде Қытайдың күйреуге жақындап барып, дамуға бет алған тəжірибе сабақтары, Қытайдың болашақ перспективасы, алдағы жылдардағы даму мүмкіндіктері, өзара тиімді ғаламдық ынтымақтастық жолын құру тəсілі, əлемдік БАҚ-тың бірнеше рет болжам жасағанына қарамастан, тұрақтылығын сақтап, гүлденуінің себептерін түсінуге көмектеседі деп үміттенемін.
13
I тарау ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ҚАЙДАН КЕЛДІ?
1.1. Джозеф Нидхэмнің жұмбағы және Қытайдың қайта жаңғыруы
Джозеф Нидхэм – мені таңдандыратын ғалым. Джозеф Нидхэмнің жұмбағы: Қытай неге ежелгі заманда технологиялық жəне экономикалық дамудың көшбасшысы болып, бірақ қазіргі заманда қатты артта қалды. Бұл оның ұсынысы мен көп жылдық зерттеулерінің тақырыбы. Джозеф Нидхэмнің бұл жұмбақты ұсынуының басты мақсаты Қытайдың қайта өрлеу дəуірінің мүмкіндігін зерттеу болды. Мен 2009 жылы Дүниежүзілік банкте бас экономист болған кезімнен бастап даму экономикасының үшінші басылымы Жаңа құрылымдық экономика (ЖҚЭ) туралы бастаманы көтердім. Жас кезімнен бері мазалап жүрген осы жұмбақты талдап, оның теориялық негізін ұсындым.
Нидхэмнің кең көлемді əдеби зерттеулеріне сүйенсек, Қытай жаңа заманға дейін əлемдегі ең дамыған елдердің бірі болған. Алайда XVIII ғасырдың аяғында Англиядағы өнеркəсіптік революцияның басталуымен Қытай Батыстан артта қалып кетті.
Экономикалық база – елдің күш-қуатының маңызды көрсеткіші. Экономист əрі тарихшы Мэдисонның зерттеулері көрсеткендей, 1820 жылдары Қытайдың экономикасы əлі де болса сол кездегі əлемдік экономиканың үштен бірін құраған, бірақ кейін тез құлдыраған.
1. Бұл мақала автордың 2017 жылы 27 қазанда Кембридждегі (Ұлыбритания) Джозеф Нидхэм институтында өткен Екінші жыл сайынғы Джозеф Нидхэмді еске алу лекциясында сөйлеген сөзіне негізделген, алғаш рет Ван Пяои аударып, бірінші рет Caixin.com сайтында жарияланған.
1949 жылы Қытай социалистік мемлекет болып құрылған кезде оның экономикасы дүниежүзілік жалпы экономиканың 4,2%-ын ғана құрады. 1978 жылға қарай Қытай жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көше бастаған уақытта экономикалық өсу тек 4,9%-ды құрады. Макс Вебердің зерттеулері бойынша, XIII-XIV ғасырларда Қытай өнеркəсіптік революцияның гүлдену кезеңін бастан кешірді. Кейбір ғалымдар Сун династиясы кезіндегі техника мен тоқыма өнеркəсібінің даму деңгейін Ұлыбританияның XVIII ғасырдағы өнеркəсіптік революция қарсаңындағы даму деңгейімен салыстыруға болады деп есептейді. Алайда Қытайда өнеркəсіптік революция болған жоқ. Қытай қазіргі бəсекелестікте ауыр жеңіліске ұшырады. Сондықтан Нидхэмнің қойған сұрағы өте қиын. Неліктен Қытай ежелгі заманда басқа өркениеттерден озып, қазіргі дəуірде өзінің жетекші позициясын сақтай алмады? Бұл сұрақтың жауабы Қытайдың даму болашағы туралы біздің пайымдауларымызға байланысты.
Джозеф Нидхэм бұл сұрақты алғаш рет 1950 жылдары қойған. Ол уақытта Нидхэм 1970 жылдардың аяғынан кейін 40 жыл өткен соң Қытай мүлдем жаңа кейіпке енетінін елестете алмас еді. Себебі 1978 жылы нарықтық экономикаға көшкеннен бері Қытай əлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан экономикалық елге айналды. 2016 жылға қарай сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша Қытайдың экономикасы əлемдік ЖІӨ-нің 4,9%-нан 18,6%-ға дейін өсті. Осындай ұзақ уақыт аралығындағы өсу – экономика тарихында бұрын-соңды болмаған керемет. Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) XIX ұлттық съезінде бас хатшы Си Цзиньпин: «Біз бұрын-соңды тарихта Қытай халқының ұлы жаңғыру мақсатына дəл қазіргідей жақын болмағанбыз», – деп жариялады.
Мен бұл жерде мынадай сұрақтарды талдағым келеді. Біріншіден, Қытайда өнеркəсіптік революция неге туындамады? Қытайдың Батыспен бəсекелестікте жеңіліске ұшырауы дəл осыдан басталды. Екіншіден, 1978 жылдан кейін Қытай неге жылдам дамыды? Үшіншіден, Қытай неге 1978 жылға дейінгі экономикалық деңгейге жете алмады? Төртіншіден, осы кезеңде басқа социалистік жəне социалистік емес елдер де мемлекет басқаратын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көше бастады, бірақ олар экономикалық күйреулер, тоқыраулар мен дағдарыстарды бастан өткерді, ал Қытай тұрақты əрі нық өсуін сақтап қалды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкенде елдердің экономикалық көрсеткіштері неге соншалықты ерекшеленеді? Бесіншіден, əр нəрсенің екі жағы болады. Қытай өзінің қарқынды экономикалық өсуі үшін қандай қадамдар жасады? Алтыншыдан, Қытай өзінің қарқынды дамуын сақтай отырып, қытайлық зиялылар мен Джозеф Нидхэмді алаңдатып отырған қытайлық ренессансқа қол жеткізе ала ма? 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыстан бері жыл сайынғы əлемдік экономикалық өсудің үштен бірі Қытайдың үлесінде. Əлемдік экономика 2008 жылғы дағдарыстан əлі толықтай шыға қойған жоқ, сондықтан Қытай экономикасының өсу қарқынын сақтап қалу бүкіл əлемнің мүддесіне сай. Қытай экономикасының өсу қарқыны бəсеңдесе, əлемдік экономика өсу қозғалтқышынан айырылады. Бұл Қытай үшін ғана емес, бүкіл əлем үшін сынақ болмақ.
Қытайда не себепті өнеркəсіптік революция болмады?
Біз алдымен «өнеркəсіп революциясы» деген терминнің мағынасын түсінуіміз керек. Көптеген адам жөнінен алғанда өнеркəсіптік революция бу қозғалтқыштың пайда болуы, тоқыма өнеркəсібінің механикалануы мен болат қорытуды білдірді. Дегенмен бұл анықтама дұрыс деп ойламаймын. Өйткені экономикада тек осы үш жаңалық қана пайда болса, онда еңбек өнімділігі айтарлықтай деңгейде ғана артып, тұрақты экономикалық даму болмас еді.
XVIII ғасырға дейін Батыс елдерінде ұлттық табыстың орташа жылдық өсу қарқыны 0,05% ғана болғаны белгілі. Бұл жан басына шаққандағы табыстың екі есеге артуы үшін 1400 жыл қажет болады дегенді білдіреді; XVIII ғасырдан бастап ұлттық табыстың жылдық өсу қарқыны 0,05%-дан 1%-ға дейін, яғни 20 есе дерлік өсті. Бұл жан басына шаққандағы табыстың екі есеге ұлғаю уақытын 1400 жылдан 70 жылға дейін қысқартты. Батыста XIX ғасырдың ортасынан бастап қазіргі уақытқа дейін орташа ұлттық табыстың өсу қарқыны қайтадан екі есеге өсіп, 2%-ға жетті. Табысты екі есе арттыруға кететін уақыт 70 жылдан 35 жылға дейін қысқарды. Экономикалық өсудің мұндай жылдамдығы жоғарыда айтылған үш жаңа технологияны қолданудың арқасында емес, ғылым мен техниканың қарқынды өзгеруінің нəтижесінде қысқа мерзімде мүмкін болды.
Технологиялық инновациялар мен өнеркəсіптік жаңғырту қарқыны неліктен күрт өсті? Менің ойымша, технологиялық инновациялар жылдамдығының артуы мен өнеркəсіптік жаңғырту қарқыны өнеркəсіптік революцияның басты əрі маңызды белгісі.
Батыстың экономикалық өсуінің жеделдеуінің себебі неде? Меніңше, бұл технологиялық инновациялардың парадигмасының өзгеруімен байланысты. Өнеркəсіптік революцияға дейін барлық қоғамдар мен өркениеттерде технологиялық инновациялар фермерлер мен қолөнершілердің тəжірибесінен туындады. Өнеркəсіптік революциядан кейін XVIII ғасырдың ортасынан бастап, технологиялық инновациялар, ең алдымен, зертханаларда зерттеулер мен эксперименттер негізінде жасалды; XIX ғасырдан бастап технологиялық инновациялар эксперименттер, содан кейін ғылыми теорияларға негізделген эксперименттер арқылы жүзеге асырыла бастады. Бұл парадигманың өзгеруі Қытайға жəне əлемге түбегейлі əсер етті.
XVIII ғасырға дейін инновация шеберлік пен тəжірибеге негізделді. Бұл жағынан Қытай артықшылыққа ие болды. Оның құнарлы жері мен жайлы климаты ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қолайлы болып, саны көп халқын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Халық санының көп болуы басқа елдерге қарағанда Қытайда шаруалар мен қолөнершілердің көп болғанын білдірді. Олар тəжірибе жинақтап, Қытай қоғамының инновациялық жəне экономикалық дамуына үлес қосты. Ежелгі өркениеттер Египет пен Үндістанда да ұлы өзендердің алаптарындағы құнарлы топырақты аймақтарда пайда болған. Қытайдың ертедегі ілгерілеуінің себебі осы. Алайда инновация эмпирикалық жолмен жасалынғанда, халықтың басым бөлігі өзінің артықшылығынан айырылады. Өйткені ғалымдар өз зертханаларында жылына мыңдаған тəжірибе жүргізе алады, ал шаруалар немесе қолөнершілер оған бүкіл өмірін жұмсауды қажет етеді.
Дегенмен технологиялық инновациялардың революциясы басқа революцияға, яғни XV-XVI ғасырлардағы ғылыми революцияға алып келді. Ғылыми революция адамдарға эксперимент арқылы білім алуға мүмкіндік берді. Жаңа технология эксперимент арқылы ойлап табылса да, біраз уақыт өткеннен соң, жұмыс барысында қиындықтар туындауы əбден мүмкін. Ғылыми революцияның қосқан үлестерінің бірі ғылыми зерттеулер біздің табиғат əлемі туралы білімімізді кеңейтіп, технологиялық инновациялар барысында туындаған кедергілерді жеңуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялық өнертабыстарды ойлап табуға мүмкіндік берді. Ғылымға негізделген технологиялық инновацияның бұл жаңа эксперименталды əдісі – ғылыми революцияның нəтижесі. Сол себепті «Қытайда өнеркəсіптік революция неліктен болмады?» деген сұраққа жауап бергіміз келсе, ең алдымен, «Қытайда ғылыми революция неге болмады?» деген сұраққа жауап беруіміз керек.
Ғылыми революцияның мəні – математикалық модельдерді ғалам мен табиғаттың қызмет етуінің заңдылықтарын жалпылау үшін пайдалану, сонымен қатар бақыланатын эксперименттер арқылы математикалық модельдерден алынған гипотезаларды тексеру. Осы уақытқа дейін Қытай неге əлемнің қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін осы жаңа əдісін қолданбады? Ғылыми революцияның орын алуы үшін табиғат құбылыстарына деген қызығушылық жəне халықтың білімді болуы керек. Табиғи құбылыстарға қызығу жəне оны білу туа біткен қабілет, ал халық саны көп Қытайда мұндай қабілетті адамдар көбірек болуы тиіс. Неліктен мұндай адамдар табиғи құбылыстарды зерттеудің жаңа əрі жақсы əдістерін ойлап таппады?
Мен оны Қытайдың əлеуметтік-саяси жүйесіне байланысты деп есептеймін. Қытайда қарапайым халық өкілі билеуші тапқа дейін көтеріле алатын бірегей императорлық емтихандар жүйесі болды. Дəстүрлі қоғамдарда шенеунік болу беделді əрі жақсы ақы төленетін жұмыс болды. Шенеунік болып қызметке орналасу халықты қатты қызықтырды. Сун династиясынан бастап Қытайдың емтихан жүйесі үміткерлерден Конфуций ілімінің «Төрт кітабы» мен «Бес классикалық шығармасын» білуді талап етті, сондықтан дарынды жастар императорлық емтихандарға дайындалу үшін Конфуций ілімдерін үйренді. Олардың математиканы оқуға немесе бақыланатын эксперименттерді жүргізуге құштарлығы болмады. Осылайша, Қытайда адами капитал да, қызығушылық та болмағандықтан, ғылыми төңкеріс те болмады.
Қытаймен салыстырғанда Батыста императорлық емтихан жүйесі жəне дарындардың математиканы үйреніп, бақыланатын эксперименттер жүргізуіне кедергі келтіретін əлеуметтік себептер болған жоқ. Табиғи құбылыстарға қызығушылық танытқан данышпандар математика жəне басқарылатын эксперименттер арқылы қызығушылықтарын қандырып, ғылыми революцияны жасады. Жергілікті ғылыми революциясыз жергілікті өнеркəсіптік революция да болмас еді.
Императорлық емтихан дарындарды таңдаудың ұлттық жүйесіне айналғанда, математика емтихан пəндерінің біріне айналды. Алайда император математиканы жақсы білетін адамдардың пайдасыз екенін, оған қарағанда императорға деген адалдық маңыздырақ екенін кейінірек түсінді. Конфуцийшілдік талантты дамыту, императорға адалдық жəне патриотизмге көбірек көңіл бөледі. Конфуций философиясы бойынша джентльмен болу үшін адамдарға мейірімді болу, заттарды жақсы көру жəне императорға адал болу керек. Тіпті аспан биік, ал император алыс болса да, адам өзіне қаталдық танытып, императорға адал болуы тиіс. Сөйтіп, қазіргі заманға дейінгі ақпараттық жəне басқару технологияларының артта қалуы жағдайында да Конфуций ілімі мен императорлық емтихан жүйесі Қытайға үлкен бірлік пен саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.
Конфуций іліміне негізделген императорлық емтихан жүйесі – институционалдық жаңалық. Өткен заманда, яғни басқарудың ақпараттық технологиялары артта қалған кезде бұл ыңғайлы болатын. Алайда мұндай институционалдық құрылым ғылыми революцияның кілті болған математикалық зерттеулер мен басқару эксперименттері үшін жарамсыз болды.
Батыс бастан өткерген ғылыми-өнеркəсіптік революциядан кейін аз уақыттың ішінде Қытай ең дамыған елден ең нашар дамыған елге айналды. Қытай һəм Батыс экономикасы мен қоғамын салыстыратын сүйікті дəйексөздерімнің бірі Чиполла мырзаның айтқаны. «Өнеркəсіптік революцияға дейінгі еуропалық қоғам жəне экономика 1000–1700» (Before the Industrial Revolution: European Society and Economy 1000–1700). Кітаптың соңғы сөйлеміне сүйенсек, 1000–1700 жылдар аралығында Батыс қоғамы негізінен аграрлық жəне «қараңғы дəуір» жағдайында болды. Бұл кезеңде Батыс Қытайға қарағанда кедей жəне артта қалған еді. Бірақ XVIII ғасырдан бастап жағдай өзгерді. Батыстың экономикалық, əскери жəне саяси күш-қуаты тез өсе бастағанда Қытай да əлемнің өзге дамушы елдері сияқты ағылшын жəне басқа батыстық державаларының қысымына ұшырап, жартылай отаршыл, жартылай феодалдық қоғамға айналды. Бұл Қытайда өнеркəсіптік революцияның болмауынан туындады.





