Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму

- -
- 100%
- +
Қытай неге 1978 жылдан кейін өркендеді?
Қытайды қалай жаңғыртуға болады? Бұл сұрақтың жауабын қазіргі Қытайдың интеллектуалды элитасы іздестіруде. Апиын соғысынан кейін Қытайдың зиялылары əртүрлі, яғни батыстандыру, технологияны енгізу, əскери күшті нығайту, революция арқылы монархияны құлату, жаңа демократиялық жəне ғылыми мəдени қозғалысты бастау, социалистік мемлекет құру əдістерін қолданып көрді. Алайда 1978 жылғы реформалар басталғанға дейін Қытай кедей əрі артта қалған ел болып қала берді. Қытай неге 1978 жылдан кейін тез дами бастады? Реформа мен ашықтық саясатынан кейінгі 38 жылдың ішінде Қытай ЖІӨнің орташа жылдық өсу қарқынын 9,6% жəне сауданың өсу қарқынын 14,8% деңгейінде ұстап қалды. Мұндай жоғары өсу қарқынын осыншама уақыт бойы ұстап тұру – экономика тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Қарқынды өсудің нəтижесінде Қытай 2009 жылы Жапонияны басып озып, дүниежүзіндегі екінші экономикаға айналды. Ал 2010 жылы Германияны басып озып, дүниежүзіндегі ең ірі экспорттаушы мемлекетке айналып, «əлем фабрикасы» атанды.
Қытайдың жетістіктері қайдан келді?
Өнеркəсіптік революциядан кейін Ұлыбритания əлемдік фабрикаға айналды. Содан кейін кезек АҚШ, Германия, Жапонияға, соңында Қытайға келді. 2013 жылы Қытай АҚШты басып озып, əлемдегі ең ірі сауда державасына айналды; 2014 жылы Қытай сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша əлемдегі ең ірі экономикаға айналды. Соңғы 40 жыл неге өзгеріске толы болды? Егер Джозеф Нидхэм қазір Қытайдың болашағына қатысты сұрақтарды қайта қарастырса, жаңа «Джозеф Нидхэмнің жұмбағы» туындауы мүмкін.
Қытай неге 1978 жылдан кейін тез дами бастады? Менің жауабым күрделі емес: Қытайдың 1978 жылдан кейінгі қарқынды өсуі оның «кешеуілдеп қалған ел» болғанына байланысты. Экономикалық даму дегеніміз еңбек өнімділігінің тұрақты өсуіне байланысты жан басына шаққандағы ЖІӨ мен табыстың тұрақты өсуі. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Жаңа құрылымдық экономика тұрғысынан қарағанда қолда бар салаларда тұрақты технологиялық инновациялар, жоғары қосылған құны бар жаңа өндірістердің пайда болуы жəне барлық еңбек ресурстарын төмен қосылған құны бар салалардан жоғары қосылған құны бар салаларға қайта бөлу қажет. Технологиялық инновациялардың жылдамдауы мен өнеркəсіптік жаңғырту тек өнеркəсіптік революциядан кейін мүмкін болды.
Алдыңғы қатарлы табыс деңгейі жоғары елдерге келетін болсақ, олардың технологиясы мен өнеркəсібі өнеркəсіптік революциядан бастап əлемде алдыңғы орын алып келеді. Дамыған елдер үшін технологиялық инновация дегеніміз нені білдіреді? Бұл технологиялық өнертабыс дегенді білдіреді. Өнеркəсіпті жаңғырту дегеніміз не? Бұл өнеркəсіпте жаңа салаларды ойлап шығару. Өнертабыс үшін елеулі инвестиция құю қажет, сондай-ақ ол үлкен тəуекелді талап етеді. Эмпирикалық деректер XIX ғасырдың ортасынан бастап Ұлыбритания, Батыс Еуропа жəне Солтүстік Американы қоса алғанда, табыс деңгейі жоғары елдердің ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 3% шамасында болғанын көрсетеді.
Табысын арттырғысы келетін дамушы елдер еңбек өнімділігін де арттыруы керек. Жаңа салалар мен технологияларды ойлап табумен қатар, дамушы елдер өздерінің қолданатын технологияларын емес, табысы деңгейі жоғары елдердің жетілген технологияларын алып пайдаланса немесе қазіргі салаларына қарағанда қосылған құны жоғары жетілген салаларды дамытса болады. Мұндай технологиялар мен өнеркəсіптік үлгілер инновациялар мен өнеркəсіптік жаңғыртудың шығындары мен тəуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Егер дамушы елдер осы артықшылықтарды толықтай пайдалана алса, олар дамыған елдерге қарағанда тезірек дами алады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін əлемде дамыған елдермен технологиялық жəне өнеркəсіптік алшақтықты теңдестіре алған 13 мемлекет қана болды. Олар 25 жылдан астам уақыт бойы жылына орта есеппен 7% өсті. Қытай 1978 жылдан бері осы 13 елдің қатарында. Осылайша, өнеркəсіптік революцияның мəнін түсінуге арналған екінші сұрақтың жауабы да жеңіл. Дамушы жəне жоғары табысты елдер арасындағы табыс алшақтығы технологиялық жəне өнеркəсіптік алшақтықты да білдіреді. Егер дамушы елдер технологиялық инновациялар мен өнеркəсіпті жаңғыртуда пайда болған артықшылықтарды толықтай пайдалана алса, олар қарқынды өсуге қол жеткізе алады.
Қытай не себепті 1978 жылға дейін баяу дамыды?
1978 жылға дейін «кешіккеннің» бір ғасыр бойына артықшылығы болды. Бұл алшақтық британдық өнеркəсіптік революциядан бері сақталды əрі өсті. XVIII ғасырдың басында Қытайдың үлесіне əлі де əлемдік ЖІӨ-нің үштен бірі келетін. Бірақ 1949 жылға қарай бұл үлес 4,2%-ға дейін төмендеді. Бұл дегеніміз Қытай мен дамыған елдердің арасындағы алшақтықтың артуын білдіреді. Ал 1978 жылы ол тек 4,9%-ды құрады. «Кешіккеннің» артықшылығы əрқашан болуы керек, бірақ оны Қытай 1978 жылға дейін неге пайдаланбады? Мен бұған «Қытай бұл артықшылықтан өз еркімен бас тартты» деп жауап берер едім. Қытайдың Апиын соғысында жеңіліске ұшырағаннан кейінгі негізгі мəселесі оның ұлы жаңғыруы болды. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылып, саяси тəуелсіздігін алды. Ол кездегі мемлекеттің мақсаты дамыған елдерді тезірек қуып жету еді. Қытай үкіметінің сол кездегі стратегиясы «Ұлыбританияны басып озып, АҚШ-ты қуып жету» болатын. Дамудың бұл бағыты Қытайдың сол кездегі Ұлыбритания мен АҚШ сияқты алдыңғы қатарлы, капиталды көп қажет ететін, ауқымды өндірісті құруға бірден ұмтылғанын білдірді. Алайда бұл алдыңғы қатарлы салалар патентпен қорғалды, оларды ендіру үшін үлкен көлемде роялти төлеуге тура келді. Оның үстіне, бұл салалар ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікке қатысты болғандықтан, дамыған елдер қаласа да патенттік аударым төлегісі келмейді. Сондықтан Қытай бұл салаларды дамытқысы келсе, оны өзі ойлап табуға мəжбүр болады, осылайша, кешіккеннің артықшылығынан айырылады.
Ол уақытта Қытай капиталды көп қажет ететін салаларда салыстырмалы артықшылығы жоқ, аграрлы кедей ел болды. Капиталы төмен Қытайда инвестициялық шығындар капиталға бай дамыған елдерге қарағанда əлдеқайда жоғары болды. Мұндай салалардағы кəсіпорындар дамушы елдердегі нарықтық қағидаларда – ашық бəсекелі нарықта өздігінен дами алмайды. Мұндай өндірістерді құру ресурстарды тікелей тартуды жəне бөлуді, сондай-ақ нарыққа араласу мен бұрмалау арқылы барлық мүмкін болатын қорғау мен көмекті қажет етеді. Алайда нарыққа мемлекеттің араласуынан туындаған бұрмаланулар ресурстардың дұрыс бөлінбеуіне əкеледі. Дамудың бұл тəсілінің əсерінен Қытайда 1960 жылдары атом бомбалары сыналды, сондай-ақ 1970 жылдары жер серіктері ұшырылды, бірақ елдің жалпы даму деңгейі төмен болды. 1949 жылдан 1978 жылға дейін Қытайдың əлемдік экономикадағы үлесі небəрі 4,2%-дан 4,9%-ға дейін өсті.
1978 жылы Қытай өзінің салыстырмалы артықшылығына сəйкес еңбекті көп қажет ететін салаларды дамыту мақсатында даму стратегиясын өзгертті. Мемлекет бəсекелік артықшылықтарды тудыру, ішкі жəне сыртқы нарықтарды жаулап алу, жаңғыртудан артта қалған салалар мен технологияларды қолдану мақсатында салыстырмалы артықшылықтарды өзгерту жəне капиталды жинақтау үшін жағдаятты пайдаланғанда экономика қарқынды дами бастады.
Өтпелі экономикасы бар елдерде не себепті экономикалық күйреу, тоқырау жəне тұрақты дағдарыстар болып тұрады?
Мұндай талдау біз үшін тағы бір дилемма тудырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық социалистік елдер капиталды көп қажет ететін дамудың сталиндік үлгісін ұстанды. Латын Америкасы, Оңтүстік Азия жəне Африканың социалистік емес елдері де өздерінің бірінші буындағы саяси көшбасшыларының көмегімен отаршыл жəне жартылай отаршыл елдерден бөлініп, елдерінің заманауи, табысы жоғары индустриялық мемлекеттерге айналуын армандады. Сол себепті 1950–1960 жылдары барлық əлеуметтік типтегі елдер аграрлық экономикаға негізделген капиталды көп қажет ететін өндірістерді дамыту үшін тікелей мемлекеттік жұмылдыру мен ресурстарды бөлуге көшті. Бірақ олардың «кешіккендердің» артықшылыған пайдалана алмауы жəне үкіметтерінің əлсіз араласуынан дамыған елдермен арадағы алшақтықтары ұлғайды.
1980–1990 жылдары Қытай жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көше бастағанда басқа дамушы елдер де нарықтық экономикаға көшу процесінде болатын. Алайда бұл өтпелі кезең сол уақытта үстемдік еткен британдық тэтчеризмнің, американдық рейганизм мен неолиберализмнің ықпалымен жүзеге асты. Сол кезде дамушы елдердің төмен экономикалық көрсеткіштері олардың экономикасына мемлекеттің шектен тыс араласуы себеп деген пікір басым болатын. Дамушы елдерде жоғары табысы бар елдердегідей дамыған нарықтық экономика жəне меншік құқығын қорғау болмады. Сондықтан сол кезде жекешелендіру, ырықтандыру, нарықтық жəне қаржылық тұрақтандыруды ынталандыру һəм мемлекеттің экономикаға араласуының барлық түрлерін жою арқылы жетілген нарықтық экономиканы құру жəне экономикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін түбегейлі «талдырма терапиясын» жүргізу ұсынылды. Көптеген елдер осы трансформациялау стратегиясын ұстанды, бірақ оның нəтижесі күйреу, тоқырау мен дағдарысқа алып келді.
1980–1990 жылдары дамушы елдердің экономикалық көрсеткіштері 1960–1970 жылдардан да нашар болды. Кейбір экономистер 1980–1990 жылдары орташа жылдық өсу қарқынының төмендеп, дағдарыстардың жиі болуынан дамушы елдер үшін «жоғалған жиырма жыл» деп атады. Бұның себебі неде? Өйткені неолиберализм мемлекеттің нарыққа араласуының бұрмалаушы əсері ашық бəсекелі нарықта өз бетімен өмір сүре алмайтын капиталды көп қажет ететін салалардағы компанияларды қорғау екенін мойындай алмады. Егер барлық қорғау үшін бөлінетін субсидиялар алынып тасталса, бұл компаниялар банкротқа ұшырайды. Егер мемлекет кəсіпорындардың банкротқа ұшырауына жол берсе, жаппай жұмыссыздық пен тұрақсыз əлеуметтік-саяси жағдай туындайды. Мұндай жағдайда экономика дами алмайды. Сонымен қатар кейбір алдыңғы қатарлы капиталды көп қажет ететін салалар елдің əскери жəне қорғаныс саласымен тығыз байланысты болса, мысалы, қазіргі Ресейдегідей ұлттық қауіпсіздік мақсатында жекешелендірілсе, мемлекет бұл кəсіпорындардың банкротқа ұшырауына жол бермейді. Сондықтан жекешелендіруден кейін мемлекет бұл кəсіпорындарды қорғауды жəне субсидиялауды жалғастырады. Бұл кəсіпорындар мемлекет меншігінде болған кезде, оларды үкіметке «субсидиясыз өмір сүре алмаймыз» деп айтқан мемлекеттік қызметкерлер басқарды. Мемлекеттің қорғау үшін бөлген субсидиясы аясында қаржыны өз қалтасына салу сыбайлас жемқорлық қылмысы, бірақ аз мөлшерде жəне тыныш жасалуы мүмкін.
Кəсіпорындар жекешелендірілген кезде, олар үкіметтің қорғаушы субсидияларына қол жеткізуге ынталанады. Олар мемлекеттен неғұрлым көп субсидия алса, соғұрлым қаржыны заңды əрі табиғи түрде өз қалталарына салады. Субсидия алу үшін олар шенеуніктерге жүгініп: «Маған бөлген субсидияларыңыз сіздердің ақшаларыңыз емес, мемлекеттің ақшасы», – дейді. Жалға алудағы сыбайлас жемқорлық күшейіп, еңбек өнімділігі өтпелі кезеңнен де төменге түсті. Неолиберализмнің ниеті жақсы болды, бірақ ол экономикалық күйреуге, тоқырауға жəне тұрақты дағдарыстарға əкелді.
Өтпелі кезеңде Қытай қалай тұрақтылықты сақтап, қарқынды өсуге қол жеткізді? Қытай басқаша, яғни екі қатарлы біртіндеп көшу стратегиясын қабылдады. Қытай «жаңа» жəне «ескі» жолдың екеуін де ұстанып, дəстүрлі капиталды көп қажет ететін негізгі салаларда өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын компанияларға қорғаушы субсидияларды бөліп, салыстырмалы артықшылықтарға негізделген еңбекті көп қажет ететін салаларға еркіндік берді. Бастапқыда Қытай инфрақұрылымының дамуы айтарлықтай артта қалған еді, ал халықаралық нарықта бəсекелік артықшылыққа ие болу үшін салыстырмалы артықшылығы бар еңбекті көп қажет ететін салалар үшін инфрақұрылымды дамыту өте маңызды болды. Алайда бүкіл елдегі инфрақұрылымды бірден дамыту мүмкін емес еді. Сондықтан Қытайда жаңа инфрақұрылымды дамытатын Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен индустриялық парктер құрылды. Алғашқы кезде Қытайда көптеген бұрмаланушылық пен нашар іскерлік орта болды. Сондықтан үкімет арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды парктерде кешенді қызметтерді енгізді. Дүниежүзілік банктің мəліметі бойынша, əлемде Қытайдың бизнес ортасының көрсеткіштері төмен орынды алады. Дегенмен АЭА мен индустриалды парктерге инвестиция салатын жəне жұмыс істейтін компаниялар үшін Қытайда бизнесті жүргізу шарттары əлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіштердің қатарында. Екі қатарлы прогрессивті реформа аясында Қытай тұрақтылықты сақтап, экономикалық өсуге жылдам қол жеткізу үшін кеш инвестор ретіндегі артықшылығын тиімді пайдаланды. Бұл əртүрлі өзгерту стратегиялары шарттарынан туындайтын өзгерістердің тиімділігінің айырмашылығы.
Ендігі айтайын дегенім, 1980–1990 жылдардағы басты халықаралық пікір: «Егер біз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшеміз десек, «талдырма терапиясын» қарастыруымыз керек, екі қатарлы жүйе түрлендірулердің ең нашар жолы. Өткенге көз жүгіртсек, ең жақсы деп саналған əдіс ең нашар, ал ең нашар əдіс ең жақсы болып шықты».
Қытайдың жылдам экономикалық өсуінің шығындары
Қытайдың екі қатарлы жүйеге біртіндеп көшуінің құны сыбайлас жемқорлық пен табыс теңсіздігі болды. Дəстүрлі капиталды көп қажет ететін салалар мемлекеттік субсидияларды қажет ететіндіктен, бұл субсидиялар экономикалық рентаны тудырады. Ал бұл өз кезегінде рента арқылы алынатын жемқорлыққа жəне кедейлердің байларды субсидиялауына алып келеді. Мысалы, дəстүрлі салалар капиталды көп қажет етеді жəне капитал құны шешуші орын алады. Өтпелі кезеңнің басында Қытайдың экономикасы нашар, капиталы жоқ еді. Сонда үкімет бұл салаларға қалай субсидия бөлді? Капиталды көп қажет ететін салаларды қаржыландырудың бір жолы ірі банктер мен қор нарығын оларға арзан ақша құю үшін пайдалану болды: 1980–1990 жылдары бұл компаниялар үлкен көлемді капиталға қол жеткізіп қана қоймай, жасанды түрде төмен пайыздық мөлшерлемелер мен қор нарығындағы қаржыландыру құнын пайдаланды. Алғашқы кезде барлық кəсіпорындар мемлекеттік болды, бірақ екі қатарлы жүйенің шарттарына сай көптеген жекеменшік фирма жаңа секторға тез қосылып кетті. Бүгінде көптеген кəсіпорын ірі болып табылады. Ірі бола тұра, олар банктерден несие алып, қор нарығында қаражат тарта алады. Бұл ірі кəсіпорындардың иелері дəулетті, олар ірі банктерден немесе қор нарығынан несие ала алмайтын қарапайым шаруалардың, отбасылардың, шағын жəне орта бизнестің (ШОБ) есебінен қаржыландырылады. Олар өздерінің капиталдарын қаржы жүйесіне салады, жасанды түрде төмен банктік пайыздарды алады, қор нарығынан табыс көреді, сондай-ақ осы ірі корпорацияларға иелік ететін байларды субсидиялайды. Осылайша, кедейлер байларды субсидиялайды, бұл табыс теңсіздігін арттырады. Сонымен қатар осы несиелер мен листингтерді алу үшін ірі компаниялар несиелер мен листингтерді бөлетін мемлекеттік шенеуніктерге пара беріп, сыбайлас жемқорлықтың кең таралуына жағдай жасайды. Бұл тек бір ғана мысал. Оның ішінде бұрмаланған салық салу жəне ресурстарға роялти, телекоммуникация, электр энергиясы жəне қаржы секторларындағы монополиялар мен олардан түсетін монополиялық кіріс, сондай-ақ олармен уағдаласқан ренталық əрекеттер сияқты көптеген мəселе бар.
Бұл мəселелерді қалай шешуге болады?
1980–1990 жылдары капиталды көп қажет ететін салалар өздерінің салыстырмалы артықшылығын жоғалтқандықтан, кəсіпорындар өз бетінше кіріс кіргізе алмағандықтан, компаниялар үшін қорғаушы субсидиялардың бөлінуі экономикалық тұрақтылықты сақтауға қажетті жеңілдік жəне прагматикалық тəсіл болды. Алайда қырық жыл бойына ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынын 9,6%-да сақтай отырып, Қытай табысы төмен елден орта табысы бар елге айналды. 2016 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 8100 АҚШ долларын құрады, капиталы салыстырмалы түрде молайды. Бұрын ірі əрі капиталды көп қажет ететін салалар қазір Қытайдың салыстырмалы артықшылығына айналды, олар ашық əрі бəсекелі нарықта жұмыс істей алады. Егер бұл кəсіпорындар дұрыс басқарылса, нарықта тиімді кіріс алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Қорғаушы субсидияларының сипаты «қажет болған кезде көмек көрсетуден» «артықшылық беруге» өзгерді. Бұл дегеніміз бұрын бұл мемлекеттік субсидиялар көмектесуге бөлінсе, бүгінде артықшылыққа айналды. Əрине, бизнес үшін де артықшылықтар маңызды. Бірақ қоғам үшін бұл саяси жəне əлеуметтік құнды білдіреді.
Реформалар заман талабына сай болып, капиталды көп қажет ететін кəсіпорындарды субсидиялау мен дуальды қорғау жүйесінен мұраға қалған нарыққа араласудың жəне бұрмалаудың барлық түрлерін жоюға тиіс. 2013 жылы ҚКП 18- шақырылымы үшінші пленумы реформаларды жан-жақты тереңдетуге шақырып, «ресурстарды бөлуде нарықтың шешуші рөл атқаруын талап етуді жəне мемлекеттің рөлін күшейтуді» ұсынды. Нəтижесінде ресурстарды бөлуде нарықтың шешуші рөл атқаруын қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл шешім Қытай үшін барлық бұрмалаушылықтарды жою уақытының келгенін білдіреді. Егер Қытай мұны жасай алса, жемқорлық пен табыс теңсіздігінің түпкі себептерін жойып, соңында жақсы жұмыс істейтін нарықтық экономиканы құра алады.
Қытай əлі де жылдам өсу əлеуетін сақтай ала ма?
Қытайдың əлі де жылдам өсу əлеуеті бар ма? Алдыңғы талдауларға сүйенсек, бұл Қытай мен кірісі жоғары елдер арасындағы технологиялық алшақтықтың қаншалықты үлкен екеніне байланысты. Технологиялық алшақтықты қалай өлшеуге болады? Мен ол үшін жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің алшақтығын қарастыру ең дұрыс жол деп есептеймін. Жан басына шаққандағы ЖІӨ технологиялық дамудың орта деңгейін көрсетеді, өйткені ол елдің орташа еңбек өнімділігі болып саналады. Ангус Мэддисон 2008 жылға дейін жариялаған тарихи статистикаға сүйенсек, 2008 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ-і сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша есептелген АҚШ-тың жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 21%-ын құрады.
1951 жылы Жапония, 1967 жылы Сингапур, 1975 жылы Тайвань (Қытай) жəне 1977 жылы Корея да осындай қарқынмен өсті. Шығыс Азияның осы 4 елі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 25 жыл қатарынан орташа жылдық өсу қарқыны 7%-дан асқан 13 елдің қатарына кіреді. Осы 4 елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ-і АҚШ-тың ЖІӨ-нің 21%-ын құрайтынын ескерсек, олар 20 жыл ішінде орташа жылдық өсу қарқынын 8- 9%-ға жеткізу үшін өздерінің «кешіккенінің» артықшылығын пайдаланды. «Кешіккеннің» артықшылығы тұрғысынан қарағанда Қытайдың 2008 жылдан бастап келесі 20 жыл ішінде орташа жылдық өсу қарқынын 8%-ға жеткізу мүмкіндігі бар.
Қытайдың 2028 жылға дейін орташа жылдық өсу əлеуеті жылына 8%-ы құрайды. Дегенмен əлеует дегеніміз тек мүмкіндік. Осы мүмкіндікті шындыққа айналдыру үшін Қытай ішкі реформаларын тереңдетіп, екі қатарлы жүйеден мұра болып қалған түрлі қателіктерді жойып, Қытайдың бақылауынан тыс дүниежүзілік экономиканың сыртқы жағдайына назар аударуы қажет. 2008 жылғы АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан кейін дүниежүзілік экономика баяулады жəне өсу қарқыны ұзақ уақыт бойына баяу болуы мүмкін. Əйтсе де, егер Қытай өз ойын азат етіп, шындықты фактілерден іздеп, қолайлы ішкі жағдайларды пайдаланып, ұсыныстың құрылымдық реформаларын жалғастырса, алдағы онжылдықта өсу қарқынын кем дегенде 6% сақтайтынына сенімдімін. Өсу қарқыны 6% нені білдіреді? 2016 жылы Қытайдың дүниежүзілік экономикадағы үлесі сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша 18,6% жəне нарықтық айырбас бағамы бойынша 14,9%-ды құрады. Өсу қарқыны 6% дегеніміз Қытайдың жыл сайынғы əлемдік экономикалық өсуінің шамамен 1%-ын құрайтынын білдіреді. Қазіргі таңда дүниежүзілік экономиканың өсу қарқыны шамамен 3%-ды құрайды, ал Қытай жыл сайын əлемдік экономикалық өсудің шамамен 30%-ын құрайды. Алдағы онжылдықта Қытай əлемдік экономикалық өсудің қозғаушы күші болып қала береді.
Сонымен, XVIII ғасырға дейін халық саны көп Қытайдың артықшылығы – технологиялық инновациялар көбінесе шаруалар мен қолөнершілердің тəжірибесінен туындады. Технологиялық прогрестің парадигмасы жинақталған тəжірибеден ғылыми деректерге негізделген экспериментке ауысқанда, Қытай тез артта қалып кетті. Императорлық емтихан жүйесі мен конфуцийшілдік Қытайдың əлеуметтіксаяси тұрақтылығы мен біртұтастығын сақтауға ықпал етті, бірақ технологиялық прогрестің парадигмасының ауысуына кедергі келтірді. Нəтижесінде Қытайдың Батыстан артта қалуы оның Батысты экономикалық тұрғыдан қуып жетуге «кешіккеннің» артықшылығы бар екенін білдіреді.
1978 жылғы реформаларға дейінгі Қытай, басқа да дамушы елдердің көпшілігі сияқты, өзінің «кешіккенінің» артықшылығын пайдаланып экономикалық дамуын жеделдетудің жолын таппады. Тек 1978 жылдан кейін ғана Қытай дұрыс жолға түсті. Алайда дəстүрлі капиталды көп қажет ететін ауыр өнеркəсіп кəсіпорындарының басым көпшілігінің дербестігінің болмауына байланысты жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу басыбайлықтан босату жəне екі қатарлы жүйені шынайы ілгерілету арқылы ғана жүзеге асыруға болатын еді. Бұл экономикалық жəне əлеуметтік тұрақтылықты сақтаумен қатар қуатты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ақыл-ойды босатып, екі қатарлы жүйені прагматикалық түрде алға жылжыту арқылы ғана Қытайдың экономикасы дамып, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтуге қол жеткізе алады. Егер Қытай осы ашық əрі прагматикалық позициясын əрі қарай ұстанса, болашақта экономикалық дамудың салыстырмалы түрде жоғары қарқынын сақтап, дамыған елдерді қуып жетіп, өзінің ұлы жаңғырту арманын жүзеге асыра алады деп есептеймін.
Қытайдың даму тəжірибесі басқа дамушы елдердің зерттеуіне тұрарлық. Барлық дамушы елдер табысы деңгейі жоғары елдерге айналғысы келеді. Дүниежүзілік банкте жұмыс істеген кезімде, бүкіл əлемді араладым. Сол кезде дамушы елдердің көшбасшыларының өз елдерін модернизациялау мен индустрияландырудағы амбициялары Қытай көшбасшыларымен бірдей екенін, бірақ олардың бұрыс жолмен бара жатқанын байқадым. Олар əрқашан табыс деңгейі жоғары елдерді бастапқы нүкте ретінде алып, əр қадамдарында сол елдердің теориялары, тұжырымдамалары мен тəжірибелеріне еліктейді, бірақ барлық күш-жігерге қарамастан, нəтижесі көңіл көншітпейді. Сондықтан мен құрылымдық экономиканың жаңа түрін ұсындым. Құрылымдық экономиканың бұл түріне сəйкес дамушы елдер өздерінде бар нəрселерден, яғни сол уақыттағы қолжетімді факторлық ресурстардан, өздері жақсы жасай алатын нəрселерден, яғни өздерінің салыстырмалы артықшылықтарынан бастауы керек. Осылайша, үкіметтің белсенді басшылығымен нарықтық экономикада өздерінің кəсіпорындарының жақсы жұмыс істеуіне жəне нығаюына көмектеседі. Табыс деңгейі төмен, еңбек пен табиғи ресурстарға бай, бірақ капиталға кедей елдер өздерінің салыстырмалы артықшылықтарына сай келетін салаларын дамытуы керек. Бұл елдер өз салаларының потенциалды салыстырмалы артықшылықтарын ұлттық бəсекелік артықшылықтарға айналдыру үшін мемлекеттің басшылығымен жағдайды пайдалануы керек. Экономикалық реформаларды жүзеге асыру жəне өткеннің қате саясатынан туындаған əртүрлі қателіктерді түзету кезінде үкімет прагматикалық тəсілдермен саяси жəне əлеуметтік тұрақтылықты сақтауы керек. Егер дамушы елдер мұны жасай алса, олар «кешіккендердің» артықшылығын тиімді пайдалана алады жəне бірнеше жыл бойы жылына орташа 8% немесе тіпті 10%-ды құрайтын жоғары экономикалық өсу қарқынын сақтай алады. Бұл оларға табыс деңгейі төмен елдерден орта немесе тіпті табыс деңгейі жоғары елдерге айналуға мүмкіндік береді.
Дамыған елдерде үлкен сыртқы нарық құрумен қатар, егер дамушы елдердің халқы өз елдерінде жұмыс таба алса, бұл дамыған елдердің дамуы мен əлеуметтік тұрақтылығына да ықпал етеді. Себебі Африкадан немесе басқа да табысы төмен елдерден қазіргідей Батысқа жаппай заңсыз иммиграция орын алмайды.
1.2. Қытайдың экономикалық өсуінің қозғаушы күші не?
«Қытайдың экономикалық өсуінің қозғаушы күші не?» тақырыбы 1978 жылғы Реформа мен ашықтық саясатынан кейін елдің экономикасының қарқынды дамуына байланысты көтерілді. 40 жыл бұрын Қытай əлемдегі ең кедей үшінші ел болатын. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, 1978 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ бар болғаны 156 АҚШ долларын құрады, бұл Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің орташа көрсеткішінің үштен бірінен де аз еді. Алайда 1978 жылдан бері Қытай түбегейлі өзгерді.
1978 жəне 2017 жылдар аралығында Қытайдың ЖІӨ орташа жылдық қарқынмен 9,5% өсті. Халық саны көп кедей елдің осы уақыт аралығында жоғары қарқынды экономикалық өсуге қол жеткізуі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Осындай өсу қарқынымен 2017 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ 8,8 мың доллардан асты. Соңғы 40 жылда 700 миллионнан астам адам кедейшіліктен құтылды.
Болашаққа көз жүгіртсек, 2025 жылға қарай Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ 12 700 долларға жетіп, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін табысы төмен деңгейлі экономикадан табысы жоғары деңгейлі экономикаға айналған Тайвань мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші ірі экономика болады деп күтілуде.
1. Бұл мақала автордың 2018 жылы 25 қаңтарда Давоста «Tencent News» жəне Бейжің университеті бірлесіп ұйымдастырған «Өсу форумында» сөйлеген сөзіне негізделген. «Жауапкершілік: Қытай əлемнің болашағына үлес қосады» атты негізгі баяндамалар жинағы.





