Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму

- -
- 100%
- +
Қытайдың соңғы 40 жылдағы қарқынды экономикалық өсуінің нақты себебі не?
Мен экономист ретінде Қытай халқының өз өмірін жақсарту жолындағы тынымсыз талпынысын, табыс табу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын кəсіпкерлердің іскерлік рухын жəне барлық деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктерінің қызметте «өмір бойы халыққа қызмет ету жəне бір партияның мүддесі үшін жұмыс істеуге» ұмтылуын түсіндіре аламын. Бұл Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) басшылығымен өркендеу жолындағы қажырлы еңбектің арқасында екені сөзсіз. Дегенмен мұндай динамика Қытайда 1978 жылға дейін де болды жəне басқа елдерде де бар.
Дүниежүзілік банктің бас экономисі ретінде мен Африка, Латын Америкасы, Орталық жəне Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде болдым. Ондағы адамдардың еркі мен тілегі бір, кəсіпкерлер мен əлеуметтік элитаның даналығы мен ұмтылысы бір, ал үкіметтер өз елдерін өркендеткісі келеді. Демек, шын мəнінде маңызды мəселе Қытайдың экономикалық дамуының қозғаушы күші не болғаны емес, оның соңғы 40 жыл ішінде қарқынды өсуіне не түрткі болғаны. Бұл сұраққа жауап беру үшін мен өзімнің экономикалық даму теориямды, яғни Жаңа құрылымдық экономиканы ұсынуды қажет деп санаймын. Мен экономикалық даму дегеніміз табыстың тұрақты өсуі деп есептеймін. Бұны тек жүйелі құрылымдық өзгерістер, соның ішінде еңбек өнімділігі деңгейін арттыру үшін үздіксіз технологиялық инновациялар мен өнеркəсіптік жаңартулар, сондай-ақ транзакциялық шығындарды азайту үшін қатаң жəне жұмсақ инфрақұрылымды үздіксіз жақсарту арқылы қол жеткізуге болады. Сонда ғана жұмысшылар мен шаруалардың еңбек өнімділігі мен табыс деңгейі көтеріліп, тұрмысы жақсарады.
Бұл құрылымдық өзгерістер кəсіпкерлерден нарықта бəсекелі болуды, табысты өсірудің жаңа көздерін табуды, жаңа технологияларды енгізу жəне жаңа өндірістерді дамыту арқылы тəуекелге бел бууды талап етеді. Өз кезегінде мемлекеттің рөлі өте маңызды. Мемлекет кəсіпкерлік үшін қажетті ынталандыруды жасап, транзакциялық шығындарды азайту жəне оларды нарықтағы бəсекелік артықшылыққа айналдыру мақсатында жаңа өндірістер үшін қажетті қатаң жəне жұмсақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі керек.
Қысқасы, мен экономикалық өсу тиімді нарықтар мен өз рөлін атқаратын үкіметтердің органикалық үйлесуінің нəтижесі деп санаймын.
Бұл формуланы Қытай сияқты дамушы елдерге ғана емес, АҚШ пен Еуропа елдері сияқты табыс деңгейі жоғары елдерге де қолдануға болады. Айырмашылығы төмендегідей: табыс деңгейі жоғары елдердің технологиялары мен салалары əлемде алдыңғы қатарда, бірақ жаңа технологияларды дамытып, жаңа өндіріс салаларын құру үлкен инвестиция мен тəуекелді керек ететін тəуелсіз инновацияны қажет етеді. Табыс деңгейі төмен дамушы елдер үшін технологиялық инновациялар мен өнеркəсіпті жаңарту оларға дамыған индустриалды елдердің жетілген технологиялары мен салаларын төмен шығындар жəне тəуекелмен пайдаланып, дамыған елдерге қарағанда тезірек өсуге мүмкіндігі бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін əлемнің 13 экономикасы осы əлеуетті пайдаланып, 25 жыл ішінде жылына 7%-дан астам өсу қарқынына қол жеткізді. 1978 жылдан бастап бұл тізімге Қытай да қосылды.
Демек, Қытайдың Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жылдағы жеткен жетістіктері бірқатар факторларға байланысты. Ал «кешіккендердің» артықшылығы – өте маңызды факторлардың бірі. Қытай табыс деңгейі ортадан жоғары елге айналғандықтан, болашақтағы экономикалық дамудың жаңа серпіні қайда? Қытайдың көптеген саласы қазірдің өзінде əлемде алдыңғы қатарда орын алады. Бұл салалар дамыған елдердегі сияқты тəуелсіз зерттеулер мен əзірлеулер арқылы дамуға қажетті жаңа технологиялар мен өнімдерді жасады. Алайда 2017 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ 8800 доллардан асты, салыстырмалы түрде АҚШ-та бұл көрсеткіш 60 000 доллар. Бұл дегеніміз АҚШ сияқты дамыған елдер һəм Қытайдың өнеркəсібі мен технологиясы арасында əлі де үлкен алшақтық бар. Болашақта тəуелсіз инновацияны дамудың қозғаушы күші ретінде пайдаланып, экономикалық дамуға ықпал ету үшін ғылыми-техникалық дамудың бағытын үйреніп, зерттеп, ілесу қажет.
Сөйтіп, Қытай дамыған елдерге қарағанда қарқынды дамып, табысы орта елдердің деңгейінен асып түсіп, табысы жоғары елге айналуға потенциалы бар. Бұл потенциал қаншалықты үлкен? Алдыңғы мақалада біз ішкі өсудің қолайлы жағдайларында, Қытайдың 2030 жылға дейін 6% немесе одан да көп пайызға өсу қарқынына қол жеткізу мүмкіндігін талдадық. Сол уақытқа дейін Қытай жыл сайын əлемдік өсуге 30% немесе одан да көп үлес қосатын нарықтық айырбас бағамы бойынша əлемдегі ең ірі экономикаға айналады.
Қытайдың табысы жоғары елге жəне əлемдегі ең ірі экономикаға айналуы барысында оның əлем алдындағы жауапкершілігі арта түседі, өйткені ол өзі дамыған сайын басқа дамушы елдердің де дамуына көмектесуі қажет.
Мен экономист ретінде көп жағдайда əр елдегі экономикалық өсудің қозғаушы күштері бірдей деп есептеймін: адамдар жақсы өмір сүргісі келеді, кəсіпкерлер өз дағдыларын дамытып, жақсы табыс тапқысы келеді, ал үкіметтер өркендегісі келеді. Дегенмен көптеген елдер орта немесе тіпті төмен табыс деңгейінің тұзағынан құтыла алмады. Мəселенің түйіні осы: осыған ұқсас даму 1978 жылға дейін Қытайда байқалды, бірақ жағдай соншалықты қолайлы болмады, ал 1978 жылы Қытай əлі де болса əлемдегі ең кедей үшінші ел еді.
Жаңа құрылымдық экономиканың талдауына сəйкес, халықтың, кəсіпкерлердің жəне үкіметтің экономикалық өркендеуге қол жеткізудегі бастамасын тиімді пайдалану үшін нарықтық бəсекелік арқылы кəсіпкерлікті дамытуға негіз жасау қажет. Сонымен қатар үкімет кəсіпорындардың дамуы мен өсуіне мүмкіндік туғызу үшін экономикалық даму қажеттіліктеріне сəйкес қатаң инфрақұрылым мен жұмсақ институционалдық ортаны үнемі жетілдіріп отыруы керек. Егер бұрынғы экономикалық теориялар мен тəжірибелерде көбінесе тек мемлекеттің немесе нарықтың рөліне басты назар аударылса, Жаңа құрылымдық экономика теориясы Қытайдың жəне басқа дамушы елдердің сəтті жəне сəтсіз тəжірибесін жалпылауға негізделіп, «тиімді нарықтар мен тиімді мемлекеттердің» органикалық үйлесіміне назар аударылады. Бұл барлық елдердегі кедейлікті жойып, өркендеуге мүмкіндік береді. Мұндағы идея дамушы елдерге төмен жəне орта табыс деңгейінің тұзағынан шығудың жолын табуға, даму идеяларын беруге, кедейліктен құтылу жəне өркендеуді жүзеге асыруға көмектесу. Бұл Қытайдың əлемдік держава ретіндегі жауапкершілігі жəне оның дүниежүзілік экономикаға қосқан ең үлкен үлесі.
1.3. Қытайдағы жеке кәсіпкерліктің 40 жылдық дамуына шолу
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жыл ішіндегі Қытай экономикасының кереметі жəне жеке кəсіпкерліктің дамуы
1978 жылы Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің жан басына шаққандағы ЖІӨ 490 АҚШ долларды құраса, Қытайдың көрсеткіші бұл көрсеткіштің үштен бірінен де аз болды. Ол кезде Қытай халқының 81%-ы ауылдық жерлерде тұрып, 84%-ы күніне 1,25 доллардан аз табыспен өмір сүрді, ал экспорт пен импорт ЖІӨ-нің бар болғаны 4,1% жəне 5,6% немесе барлығы 9,7%-ын құрады. Басқаша айтқанда, Қытайдың сол кездегі ұлттық экономикасының 90%-дан астамы əлемдік экономикаға сəйкес келмеді, дамудың бастапқы нүктесі төмен болғаны сонша, қазіргі таңда оны елестету мүмкін емес. 1978– 2017 жылдар аралығында Қытайдың ЖІӨ-нің өсу қарқыны жылына орта есеппен 9,5%-ды құрады. Бұл экономика тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай жəне нəтижесі ойлағаннан асып түсті.
Дэн Сяопин Қытайдың Реформалар мен ашықтық саясатының қозғаушы күші болды. Ол осы саясатты алғаш насихаттай бастағанда 20 жылда экономиканы «төрт есе өсіру» мақсатын алға қойды.
1. Бұл мақала автордың 2018 жылы 28 сəуірде Дешэнмэнь дəріс залында жасаған баяндамасына негізделген.
Бұл Қытайдың орташа жылдық экономикалық өсу қарқыны 7,2% болуы керек дегенді білдіреді. Сол кездегі халықаралық экономикада белгілі «табиғи өсу қарқыны» теориясы бойынша, кез келген ел үшін қалыпты жағдайларда 7% өсу қарқынына жету өте қиын, тек соғыстан немесе ірі табиғи апаттан кейінгі қалпына келтіру кезеңіндегі екі-үш жыл ішінде 7% немесе одан жоғары өсу қарқынына қол жеткізуге болады. 20 жыл бойына орташа жылдық 7,2% өсу қарқынының орнына, Қытайдың 39 жыл бойына орташа жылдық өсу қарқыны 9,5%-ды құрады. Егер 39 жыл бойына орташа жылдық өсу қарқыны 7,2% деп есептесек, Қытайдың бүгінгі экономикасы 1978 жылмен салыстырғанда 15 есе үлкен болар еді. 39 жыл ішінде еліміздегі орташа жылдық экономикалық өсу қарқыны 9,5%-ды құрады, сондықтан бүгінгі таңда экономикамыздың көлемі 1978 жылмен салыстырғанда 34 есеге көп.
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жылда Қытайдың саудасы қарқынды дамыды. Статистикаға сүйенсек, соңғы 39 жылда Қытайдың импорты мен экспортының орташа жылдық өсу қарқыны 14,5%-ға жеткен. 1978 жылы сауда жалпы көлемі ЖІӨ-нің 9,7%-ын ғана құраса, бүгінде ол 30%-дан асты. Елдің ашықтық дəрежесі, əдетте, экономикада «сауда тəуелділігі» деп аталатын ЖІӨ-дегі сауданың үлесімен өлшенеді. Сауда тəуелділігі бойынша 100 миллионнан астам халқы бар барлық ірі елдердің ішінде Қытай ең жоғары көрсеткішке ие.
Тұрақты əрі жылдам экономикалық өсудің нəтижесінде Қытай 2009 жылы Жапонияны басып озып, əлемдегі екінші экономикаға айналды; 2010 жылы Қытай экспортының көлемі Германиядан асып түсті, ал экспортталған тауарлардың құрамы түбегейлі өзгерді: 1978 жылы Қытай экспортының 75%-дан астамы ауыл шаруашылығы немесе өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері болса, қазір экспорттың 97%-дан астамы өнеркəсіп тауарлары. Сондықтан Қытай халықаралық деңгейде əлемдік фабрика жəне əлемдік өңдеу өнеркəсібінің тірегі ретінде танымал. 2013 жылы Қытайдың жалпы сауда көлемі АҚШ-тан асып түсіп, əлемдегі ең ірі сауда державасына айналды. 2014 жылы Қытайдың ЖІӨ-нің жалпы көлемі АҚШтан асып түсіп, сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша ең үлкен экономикаға айналды. 2017 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ 8 800 АҚШ долларын құрады, нəтижесінде Қытай табыс деңгейі ортадан жоғарғы елдер тобына кірді, ал 2025 жылға қарай Қытай жан басына шаққандағы ЖІӨ 12 700 АҚШ долларынан асатын табыс деңгейі жоғары елге айналады деп күтілуде. Статистикаға сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін əлемдегі 200-ден астам дамушы елдердің ішінен тек екеуі ғана табыс деңгейі төмен елдерден жоғары елдерге айнала алды, олардың бірі Тайвань, екіншісі Оңтүстік Корея. 2025 жылға қарай Қытай бұл тізімдегі үшінші ел болуы мүмкін. Қазіргі уақытта əлем халқының тек 15%-ы ғана табыс деңгейі жоғары елдерде тұрады. Егер Қытай табыс деңгейі жоғары елге айналса, бұл үлес 15%-дан 34%-ға дейін артады.
Сонымен қатар еліміздегі 700 миллионнан астам адам күніне жарататын жан басына шаққандағы 1,25 долларды құрайтын кедейліктің шегінен шықты, бұл жаһандық кедейлікті азайтуға елеулі үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық дамушы елдер күш-жігерін экономикалық дамуға бағыттады. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры жəне Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы сияқты халықаралық ұйымдар дамушы елдер мен нарықтық экономиканы қалыптастырып жатқан елдердің экономикасын дамытуға жəне кедейліктің масштабын азайтуға көмектесу үшін бар күш-жігерін салуда. Қытайдың жаһандық кедейлікті азайтуға қосқан үлесі 70%-дан асты.
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жылда Қытай дүниежүзінде қаржы дағдарысын бастан өткермеген жалғыз ел болды. Оның үстіне əлемдік қаржы дағдарысы басталған кезде Қытайдың экономикалық дамуы дүниежүзілік экономиканың қалпына келуіне айтарлықтай үлес қосты. 1997 жылы Шығыс Азияда қаржы дағдарысы орын алғанда, Шығыс Азия елдерінің экономикасы ешқашан қалпына келмейді деген пікір кеңінен тараған болатын. Алайда 2000 жылы Шығыс Азия елдері өздерінің бұрынғы қарқынды даму деңгейлеріне оралды. Өйткені юань құнсызданбай, Шығыс Азия елдерінің экономикасын тұрақты тірекпен қамтамасыз етті, ал Қытай осы дағдарыс кезінде 8%-дық жоғары өсу қарқынын сақтап қалды, бұл көрші елдердің экономикасын қалпына келтіруге ынталандырды. 2008 жылы басталған халықаралық қаржы дағдарысы дүниежүзілік экономиканы онжылдық депрессияға ұшыратқан 1929 жылғы Нью-Йорк қор нарығының құлдырауынан кем болмады. Қытай жауапты ірі экономика ретінде бірден «пакеттік жоспар» деп аталатын агрессивті қазыналық саясатты қабылдады: 2009 жылдың бірінші тоқсанында өсу қайта жалғасып, басқа дамып келе жатқан нарықтары бар елдер екінші тоқсанда қайта өсе бастады, ал дамыған экономикалары бар елдер үшінші тоқсанда теріс өсуді кері тоқтатты. Бəріміз бұл үлесті мақтан тұтамыз.
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жыл ішінде Қытайдың жекеменшік экономикасы қанағаттанарлық нəтижелерге қол жеткізді. 1978 жылы болмаған жекеменшік экономика осы күні шағын жəне ірі кəсіпорындардан тұрады. Статистикалық мəліметтерге сүйенсек, 1978 жылы Қытайдың ұлттық экономика құрылымының 80,8%-ын халықтың меншік жүйесі, 19,2%-ын ұжымдық меншік жүйесі құрады. Ешқандай қалалық немесе ауылдық жеке шаруа қожалықтары, жеке кəсіпорындар, бірлескен кəсіпорындар, шетел капиталының қатысуымен құрылған кəсіпорындар болған жоқ.
1992 жылы Дэн Сяопин Оңтүстік Қытайды аралаған кезде Қытайдың ЖІӨ-нің 51,4%-ын мемлекеттік экономика, 35%-ын ұжымдық экономика, 7,8%-ын қала мен ауылдың жекеменшік экономикасы, ұлттық экономиканың 5,8%-ы жекеменшік, бірлескен жəне шетелдік кəсіпорындардың үлесіне тиді. Соңғы екеуінің үлесі 14%-дан аз болды. Бүкілқытайлық өнеркəсіп жəне сауда федерациясының мəліметі бойынша, 2017 жылдың аяғында Қытайда жарғылық капиталы 165 триллион юаньнан асатын 27 263 миллион жекеменшік кəсіпорын, 65 793 миллион жекеменшік үй шаруашылығы, салық түсімдерінің 50%-дан астамы, ЖІӨ-нің 60% негізгі капиталға инвестиция жəне қаржылық емес тікелей шетелдік инвестициялар, инновациялар мен жаңа өнімдердің 70%, 80%-дан астамы қалалық жұмыспен қамтыды. Технологиялық инновациялар мен жаңа өнімдердің үлесі 70%– дан астам, қалалық жұмыспен қамту үлесі 80%-дан астам, жаңа жұмыс орындарын ашуға қосқан үлесі 90%-дан астам. Бүгінгі таңда жекеменшік экономика Қытай экономикасының өсуін қамтамасыз ететін, технологиялық инновацияларды ынталандыратын, жұмыспен қамтуды арттыратын жəне халықтың өмір сүру жағдайын жақсартатын тірек болды. Қытайдың реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жылдағы экономикалық даму жетістіктері экономика тарихында теңдесі жоқ ғажайып болса, жекеменшік экономиканың дамуы ғажайыптардың ғажайыбы екені даусыз.
Екі қатарлы жүйе жекеменшік экономиканың қарқынды дамуының маңызды себебі жəне осы жолдағы көптеген қиыншылықтар
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейін жекеменшік экономиканың дамуы бірқалыпты болмады, керісінше, оның дамуын шектейтін көптеген проблема туындады. Осы проблемалар мен Қытайдың жекеменшік экономика дамуын шектеумен қатар, оның дамуы үшін тұрақты əрі қолайлы жағдай жасайтын реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі тұрақты əрі қарқынды дамуы бір-бірімен тығыз байланысты.
Кеңес Одағы, Шығыс Еуропа жəне басқа социалистік елдердің жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға ауысуы жекеменшік кəсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік берді, бірақ бұл елдердегі ауысу экономикалық тоқырауға, күйреуге жəне тұрақты дағдарыстарға алып келді. 1980–1990 жылдары социалистік елдер жоспарлы экономика жағдайында нашар дамыды. Сол кездегі басымдыққа ие халықаралық теория бойынша, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы салдарынан социалистік елдер жоспарлы экономика жағдайында нашар дамыды, бұл ресурстардың дұрыс бөлінбеуіне, ренталық сыбайлас жемқорлыққа жəне тиімсіздікке əкелді. Вашингтон консенсусы бұл өтпелі экономикасы бар елдерде барлық кедергілер мен бұрмалануларды жойып, толыққанды нарықтық экономиканы құра отырып, жекешелендіруді, нарықтандыруды жəне ырықтандыруды ілгерілету үшін «талдырма терапиясын» қолдануы керек деп тұжырымдады.
Трансформацияның бұл əдісі бір мəселені ескермейді: бастапқы интервенциялық бұрмалаудың мақсаты – капиталды көп қажет ететін, технологиялық жағынан дамыған жəне ауқымды ауыр өнеркəсіпті қорғау жəне субсидиялау. Бұл «алдыңғы қатарлы» салалар өздерінің салыстырмалы артықшылықтарынан айырылса, ашық бəсекелесті нарықта дербестігі болмайды. Сондықтан қорғау мен субсидиялар жойылса, сөзсіз күйрейді, бұл жаппай жұмыссыздыққа, əлеуметтік-саяси тұрақсыздыққа жəне экономикалық дамудағы қиындықтарға əкеледі. Мұндай жағдайда, егер толық көлемде жекешелендіру жүргізілсе де, жекешелендіру кезінде табиғи ресурстардың үлкен көлемін иемденген бірнеше кəсіпорындар немесе телекоммуникация, электр энергиясы сияқты табиғи монополиялар ғана олигархтарға айналады, ал қалған жекеменшік секторға экономикалық дамудың жалпы төмен деңгейі мен тұрақты дағдарыстар жағдайында даму қиын болады.
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейін Қытайдың экономикасы тұрақты əрі жылдам дамып, жекеменшік экономика кішіден үлкенге дейін өсті. Мұның маңызды себебі – Қытайдағы реформалардың басқа жолмен жүруі. Кеңес Одағы, социалистік елдер жəне Шығыс Еуропа аймақтары сияқты Қытайда да жоспарлы экономика дəуірінде мемлекеттік меншік негізгі, ал ұжымдық меншік көмекші болатын мемлекеттік экономика болды. Мұндай экономикалық жүйе сол кезде ақша тапшылығынан капиталды көп қажет ететін, технологиялық жағынан дамыған ауыр өнеркəсіпті тез құру үшін жасалған. Кедей, капиталы жоқ, негізінен аграрлық экономика үшін капиталды көп қажет ететін ауыр өнеркəсіптің дамуы оның салыстырмалы артықшылықтарына қарама-қайшы келді, сондайақ мемлекеттен ресурстарды тікелей жұмылдыру мен бөлуді, қорғау мен субсидияларды жəне басқа меншік нысандарының олармен бəсекелестікке түсуіне мүмкіндік бермейтін мемлекеттік кəсіпорындардың нарықтағы монополиялық жағдайын талап етті. Бір жағынан, жоспарлы экономика кезінде құрылған ірі капиталды көп қажет ететін мемлекеттік ауыр өнеркəсіп кəсіпорындарын қорғау жəне субсидиялау жалғасты, екінші жағынан, əдетте шектеу қойылған еңбекті көп қажет ететін салаларға олардың салыстырмалы артықшылығы негізінде қолжетімділік берілді, көптеген мемлекеттік емес кəсіпорындар, оның ішінде поселкелік жəне ауылдық кəсіпорындар нарыққа шығарылды. Мұндай өзгеріс тəсілінің артықшылығы: тұрақтылықты сақтай отырып, жеке кəсіпкерлердің көпшілігі өздерінің іскерлік таланттарын толық жүзеге асыра алды. Жекеменшік экономиканың үлесі 1978 жылы нөлден 1992 жылдың басында 13,6%-ға дейін өсіп, бүгінгі таңда ұлттық экономиканың жартысын құрайды.
Капиталды көп қажет ететін ірі мемлекеттік кəсіпорындар салыстырмалы артықшылықтарына қарамастан, қорғаушы субсидиясыз нарықта өмір сүре алмайды, ал мемлекет банктер мен биржаларға қаржылық қолдау көрсетуден бөлек, меншіктің басқа нысандарын, соның ішінде жекеменшік жəне шетелдік компанияларды бəсекеге қабілетсіз ету жəне жекеменшік салаларға қол жеткізуін шектеу арқылы оларға нарықта монополиялық жағдай жасайды.
Жекеменшік экономиканың дамуы жаңа көктемнің келуін білдіреді.
Реформалар мен ашықтық саясатының бастау алғанынан 40 жыл өткен соң, яғни 2017 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 8,8 мың АҚШ долларына жетті. Бұл енді кедей, дамуы жағынан артта қалған, капиталы жеткіліксіз ел емес. Өңдеуші өнеркəсібінің көпшілігінде, соның ішінде ірі жабдықтар өндірісінде салыстырмалы түрде артықшылықтарға қол жеткізді. Осы ірі мемлекеттік кəсіпорындарға тұрақты түрде бөлінетін субсидиялар «қажет болған кезде көмек көрсетуден» «артықшылықтармен қамтамасыз етуге» айналды. Реформалар заман талабына сай болуы керек. 2013 жылы XVIII Орталық Комитеттің үшінші пленарлық мəжілісінде реформаларды толығымен тереңдету жəне ресурстарды бөлгенде нарықтың шешуші рөл атқаруын қамтамасыз ету ұсынылды. Бұл барлық меншік түріндегі кəсіпорындардың нарықта əділ бəсекелесе алуы үшін екі қатарлы жүйеден мұраға қалған барлық қорғаулар мен субсидияларды алып тастау дегенді білдіреді. Осылайша, реформалар тереңдеген сайын жекеменшік сектордың өнеркəсіпке қол жеткізу мүмкіндігі артады.
2017 жылы əлемдегі 500 ірі компанияның ішінде 16 қытайлық жекеменшік компания болды. Бұл менің есіме 2003 жылы Бейжіңде өткен Қытай кəсіпкерлерінің дүниежүзілік конгресін түсірді. Мен онда Қытай экономикасы мен бизнесінің дамуы туралы негізгі баяндама жасауға шақырылған болатынмен. 2002 жылы əлемдегі «Fortune 500» тізіміне кіретін ең ірі 500 компанияның 11-і қытайлық жəне 198-і американдық болды. Мен өз баяндамамда 2030 жылға қарай АҚШ пен Қытайдың əрқайсысында əлемдегі ең ірі 120 компания, екі елдің дəрежесі тең болады деп болжадым. Ол кезде халықаралық қауымдастық арасында «Қытайдың күйреуі теориясы» кеңінен таралып, көбі мені тым оптимистік көзқараста деп есептеді. Шын мəнінде, бəрі мен болжағаннан да жылдам орын алды: 2017 жылы əлемдегі ең ірі 500 компанияның 124-ін американдық, 115- ін (оның ішінде 16 жекеменшік) қытайлық компаниялар құрады.
2003 жылы мен бұл бағалауды жасауда «Fortune 500» тізіміне кіретін компанияларының саны мен сол компаниялар шыққан елдердің əлемдік экономикадағы жалпы көлемімен байланысты екендігін негізге алдым. 2002 жылы Қытай экономикасы əлемдік экономиканың 4,2%-ын, АҚШ – 32,9%-ын құрады. Əлемдегі ең ірі 500 компанияның 11-і Қытаймен, ал 198- і АҚШ-пен жоғары корреляцияға ие болды. Ол уақытта мен Қытайдың жолымен жүрсек, санамызды азат етсек, шындықты фактілерден іздесек, заман ағымына ілессек, «Реформалар мен ашықтық саясатын» ілгерілертсек, экономикамыз 2030 жылға қарай нарықтық мөлшерлемемен де АҚШ-ты басып озады деп есептейтінмін. 2003 жылдан бастап өсу қарқыны осы болжаулардан асып түсті. 2017 жылы біздің экономикамыз əлемдегі ірі экономикаға айналды. Оның үлесі 16%-ды, ал АҚШ-тың үлесі 23,4%-ды құрады. Мен 1994 жылы «Қытай ғажайыптары» атты кітабымда болжағанымдай, бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастықта 2030 жылға қарай Қытайдың экономикасы АҚШ-ты басып озып, əлемдік экономиканың 20%-дан астамын құрайтын болады деп есептейді.
2003 жылға дейін əлемдегі ең ірі 500 компанияның кем дегенде 125-і қытайлық болады. 2050 жылға қарай, яғни заманауи социалистік держава құрылғанда Қытайдың экономикасы АҚШ экономикасының көлемінен 1,5 еседен асады жəне əлемдік экономиканың 25%-дан астамын құрайды. Өз кезегінде қытайлық компаниялардың 150-і «Fortune 500» тізіміне кіретін ірі компаниялар болуы мүмкін. 2017 жылы əлемдегі ең үздік 500 компанияның қатарына қытайлық 115 компания кірді, оның 16- сы жекеменшік еді. Жекеменшік кəсіпорындарға тəн өсу серпіні басқа меншік нысандарына қарағанда күштірек. Менің болжауымша, егер 2030 жылға қарай əлемдегі ең ірі 500 компанияның тізіміндегі қытайлық компаниялардың саны 125-ке жетсе, оның 40-ы жекеменшік болады; егер 2050 жылға қарай əлемдегі ең ірі 500 компанияның тізіміндегі қытайлық компаниялардың саны 150-ге жетсе, оның 75-і жекеменшік болуы мүмкін.
Реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі жеке кəсіпкерліктің даму тарихы жеке кəсіпкерлердің құрметке ие болғанын көрсетеді. Жеке кəсіпкерлер «Реформалар мен ашықтық саясатының» мүмкіндіктерін пайдаланып, қарқынды көтеріліп, капитал жинап, Қытайдағы жағдайды тез өзгертті. Капиталды көп қажет ететін мемлекеттік кəсіпорындарды қолдауға арналған субсидиялар «қиын кезеңдерде көмек көрсетуден» «артықшылықтармен қамтамасыз ету» үшін бөліне бастады. 2013 жылы бұл субсидиялар алынылып тасталды. Жеке кəсіпкерліктің дамуын шектейтін шаралар жойылып, керісінше, оның дамуы үшін жағдайлар жасалды.
XIX Бүкілқытайлық съездтің баяндамасында «Біз мемлекеттік сектордың экономикасын тұрақты түрде нығайтып, дамытамыз, сондай-ақ мемлекеттік емес сектордың экономикасын да тұрақты түрде ынталандырып, қолдап, бағыт-бағдар береміз» делінген. Менің ойымша, нарықтағы əділ бəсекелестік көптеген жеке кəсіпкерлердің кəсіпкерлік рухын толықтай жүзеге асыруға, жеке құндылықтары мен кəсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қытай халқының ұлы жаңғыруына өз үлесін қосады.
52
II тарау ҚЫТАЙДЫҢ ДАМУ ТƏЖІРИБЕСІ
2.1. Қытайдың даму тәжірибесінен шығарылған кейбір қорытындылар
Реформалар мен ашықтық саясаты кезеңінде Қытайдың экономикасы үлкен жетістіктерге жетіп, кедей елден əлемнің екінші экономикасына айналды. Қытайдың дамуы дамушы елдердің жаңару мүмкіндігін арттырып, тəуелсіздігін сақтай отырып, өз дамуын жеделдетуді қалайтын елдер мен халықтар үшін жаңа мүмкіндіктер тудырды. Жалпы Қытай экономикасының даму практикасынан кенже қалған елдерді дамыту үшін төрт қорытынды жасауға болады.
Кезінде Қытай əлемдегі ең кедей елдердің бірі болды. 1978 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ бар болғаны 156 АҚШ долларын құрады, ал халықтың 80%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрды; 1981 жылы Қытай халқының 84%-ы күніне 1,25 АҚШ долларына, яғни халықаралық кедейлік шегінен де төмен өмір сүрді. Алайда реформалар мен ашықтық саясаты кезеңіндегі қарқынды дамуының нəтижесінде Қытайдың 2018 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 10 000 АҚШ долларына жақындап, табыс деңгейі ортадан жоғары елге айналды. Қытай бар болғаны 40 жылдың ішінде кедейліктен өркендеуге аяқ басып, экономикалық кереметке қол жеткізді. Кедейлік тағдыр емес екенін дəлелдеп, əлі де жоқшылықтан жапа шегіп отырған елдерге олардың өркендеу жолында индустрияландыру мен жаңартуға болатындығына сенім берді. Бұл Қытайдың даму жолынан алынатын алғашқы сабақ.





