- -
- 100%
- +

© Иса Құдайбергенов, 2026
ISBN 978-5-0071-1808-8
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
АРЛАН. Үйге қайтар ұзақ жол
Иса Құдайбергенов
Алғысөз
Бұл кітап бір бозбаланың өміріндегі шынайы оқиғаларға негізделген хикаясы. Дегенмен, шығармада ойдан шығарылған тұстар да кездеседі. Бас кейіпкердің есімі — Арлан Құдайбергенов. Ол Қазақстандағы кішігірім ауылында дүниеге келген. Арланның балалық шағы мен жастық шағы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғанымен, енді ғана еңсе тіктеп, қаз-қаз басып келе жатқан еді. Ұлан-ғайыр ел үшін тоғыз жыл деген көзді ашып-жұмғандай өте шығар қас-қағым сәт болатын. Жұрттың бәрі жан бағудың қамымен шыркөбелек айналып, өзін және отбасын асырау үшін жанталасып жүрген кезең еді. Осының бәрі кітапта баяндалатын оқиғалардың болуына кедергі болуға тиіс еді. Алайда кейде өмірде адам сенгісіз ғажайыптар орын алып, кез келген нәрсеге илана бастайсың. Арланның хикаясы — ол сенім туралы хикая. Өз-өзіне ғана емес, қол ұшын созатын мүлдем бейтаныс жандарға деген сенім. Жақынының игілігі үшін соңғысын беруге дайын достарға деген сенім. Үмітін үзбейтін және қанша қажет болса да — бір апта, айлар немесе жылдар бойы күтуге дайын туған-туысқандарға деген сенім. Бірақ ең алдымен, бұл — Құдайға деген сенім. Ешқандай дінсіз, күштеусіз, міндеттеусіз, соқыр сенімсіз. Бізді ең жарқын түстерімізде көрінетін армандарымызға жетелейтін Жаратушыға деген кіршіксіз сенім.
1-тарау
«Ең алдымен құны емес, құндылығына қарау керек».
Роберт Кийосаки, кәсіпкер, мотивациялық спикер, кітаптардың авторы.— Сен не, өзіңді ерекшемін деп ойладың ба?!
Арлан мұндай сұрақтан кейін жүзі сұрланып кетті. Ақша табу үшін маңдай терінің бір тамшысын да төкпеген, ақшаны оңды-солды шашудан басқаны білмейтін өзімшілден мұндай сөзді есту жанына қатты батты.
— Мен өмірде бірдеңеге қол жеткізуге ұмтылатын кез келген қарапайым адам сияқты еңбек еттім. Ал сен бұл уақытта осында, Малайзияда оқыдың. Екеуміз мүлдем басқа жолмен жүріп өттік, — деді Арлан сабырлы үнмен.
— Содан не?! Менің білімім сенікінен әлдеқайда терең. Мақсатым қандай екенін сен елестете де алмайсың!
Арлан үндеместен тамағын жей берді. Жаманбек наразы кейіппен мырс ете қалды. Арланның еш селт етпейтін байсалдылығы оның жынына тиетін. Міне, соңғы бірнеше күнде ол өзіне мүлдем ұқсамай кеткен. Бірінен соң бірі туындап жатқан бітпейтін сұрақтар.
— Түсінбедім, сен маған ақыл үйретемін дегенің бе?! Болашақ мен сияқтылардың қолында! Ал сен кімсің өзі?! Сен ешкім емессің! Түкке тұрғысыз біреусің! Ауылдан келіп алып, қара жұмыстан басқа ештеңе білмейсің. Кикбоксингтен жарыстар — сенің адам қатарына қоса алатын жалғыз ғана мүмкіндігің. Осы мүмкіндікті саған бергенім үшін маған рақмет айт. Соның өзінде бұл іс қолыңнан келе қоятыны екіталай, — деп кекетті Жаманбек.
Арлан Жаманбектің қорлау сөздеріне жауап бермей, үндемеуді жөн көрді. Жолдасының мінезін жақсы білетіндіктен, олардың сөз таластыруы үлкен жанжалға ұласқанын қаламады. Адам бойындағы үш асыл қасиеттің бірі — керек кезде үнсіз қалу.
— Не болса да, кешкі асқа рақмет, — деп Арлан біразға созылған үнсіздіктен кейін бірінші болып тіл қатты.
— Әй, қайда барасың?! Біріншіден, мен әлі тамағымды ішіп болған жоқпын! Екіншіден, сен менің барлық сұрақтарыма жауап бермедің! Орныңа отыр!
— Мен саған айттым ғой, Жама, тағы да қайталаймын: білгенімнің бәрін саған айтып бердім.
— Қайдағыны айтпа! Үнемі бірдеңені міңгірлейсің де отырасың. Бәрін ашық айт, сонда бәрі де жақсы болады. Оп-оңай емес пе?
— Мен түсінбеймін. Майлы жілік саған тиді. Ойын автоматтары бизнесіндегі үлес — талай жылға жететін алаңсыз өмір деген сөз ғой. Саған тағы не керек? Ол жілік түгелімен менікі! Неге бір үлесі ғана маған, ал қалғаны ше?! Неге мен біреумен бөлісуім керек?!
— Өйткені бизнес осылай жұмыс істейді: егер онда бірнеше адамның үлесі болса, дивидендті де барлығы алады,
— Арланның ұзаққа созылған сұрақтардан шаршағаны байқалып тұрды.
— Дивидендтер, — деп қарқылдап күліп жіберді Жаманбек. — Бір ақылды сөз жаттап алып, осындай істерді менен жақсы білемін деп шештің бе? Мен сонда ақымақпын ба? Үлес дегеннің не екенін өзім-ақ білем. Қалай көбірек алуға болатынын білгім келеді. Жо-жоқ, маған бүкіл табыс керек. Тиынына дейін! Қалғандарын ысырып тастап, істі жалғыз өзім жүргізгім келеді, түсінесің бе?! Сондықтан маған ақпарат керек: сандар, есімдер, заңның қитұрқы тұстары. Ағамның сені барлық істен хабардар етіп отырғанын жақсы білем. Неге дәл саған сенді екен — білмеймін, бірақ қазір бизнестің иесі — мен. Сондықтан бәрін жайып сал. Енді сенің бастығың мен, бүгіннен бастап бәрі де менің мойнымда. Айт! — деді Жаманбек ашуға мініп.
Арлан терең күрсініп, еріксіз жұдырықтарын түйді. Оның шамына тиіп, ашуын шақыру оңай емес еді. Ата-анасы берген тәрбие орынсыз ашуға бой алдыруға жол бермейтін. Күш көрсетпей-ақ, ымыраға келуге, мәселені көптеген бейбіт жолдармен шешуге болатын еді ғой. Жаманбектің ағасы Дархан да дәл осындай ұстанымдағы адам. Туа біткен көшбасшы қасиеті бар, ісін сауатты жүргізгендіктен кәсібі қарқындап өсіп келе жатқан еді. Бәрінен жаманы — билік тізгіні бір күні өзімшіл інісіне көшпек.
Ақырында бұдан құтылу мүмкін болмады. Малайзияда өткен уақыт ішінде Арланға екеуі нағыз дос болып кететіндей көрінген. Бірақ Жаманбек арам пиғылын білдіртті. Әсіресе соңғы күндері Дарханның бизнесі туралы сөз қозғалса болды, Жаманбек шектен шығып кететін. Арланнан білгенінің бәрін айтып беруді талап етіп, айқай-шу көтеретін болды.
— Саған не болды, Жама? Ағаңның бизнесін де, қылмысқа толы өміріңді де ұмытқым келеді деген өзің емес пе едің? Малайзияға келіп, бәрін басынан бастауды ұсынған да өзің. Жаттығып, жарыстарға қатысып, дұрыс жолға түсеміз деген едің. Маған көмектес деп жалынған да сен. Саған арқа сүйеп, спортта бірге биіктен көрінеміз дегенсің. Енді неге Ресей туралы қайта сөз қозғайсың? Ағаң туралы ше? Не үшін?
Шаршағаннан ба, әлде ашудан ба, қан құйылған Жаманбектің көздері қорқынышты көрінді. Ол Арланға қарап тұрып, ауыр демалып тұрды.
— Бауырым ретінде өтінемін, — деп жалғастырды Арлан, — кикілжіңге бармайықшы. Белгіленген жоспар бойынша әрі қарай әрекет етейік. Жақында жарыс болады, әлі талай нәрсе алда, ең бастысы…
— Жоқ… Жоқ, қарғыс атқыр! — деп айқайлады Жаманбек досының жағасына жармасып. — Маған бәрін айтасың, әйтпесе қажетімді күштеп аламын!
Арлан сөз таласының төбелеске ұласып кетпеуі үшін барын салды. Бірақ кейде адамды құр сөзбен ғана тоқтату мүмкін емес. Ол Жаманбектің қолынан сып етіп сытылып шықты да, сыртынан айналып өтіп, мойнынан қапсыра қысып алды. Кәсіби спортшының бұл құрсауын бұзу үшін Жаманбекке орасан күш керек болды. Бірақ оның аузы бір тынбады — осы сөз тасқыны Арланның қырағылығын әлсіретті. Жаманбектің жұдырығы бетіне бір-екі рет тигенде, Арлан құтырынған қарсыласын босатуға мәжбүр болды. Құрсаудан жұлқынып шыққан Жаманбек кілт бұрылып, Арланға қайта лап қойды — енді соққылар оның денесіне жауып кетті. Сол сәтте Арлан Жаманбектің де спорт үйірмесіне бекер бармағанын сезді.
— Жама, тыныштал, өзіңді қолға ал! Не істеп жатқаныңды білесің бе?!
Ол сөзін аяқтай бергенде, иегінің тұсына екі қатты соққы келіп тиді. Жаманбектің жүзінде масаттанған жымиыс ойнады.
— Арлан, ақымақ-ау, төбелесте босқа мыжығынша, ойыңды жинасаң етті…
Ауыр шапалақ тигендей сарт еткен өткір дыбыс естілді. Жаманбек диван жаққа қарай аздап ұшып түсті. Кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер Арлан басқа тебілетін соққыны мінсіз орындап шықты. Жаманбек есеңгіреп, еденде біраз отырып қалды. Бір қолымен диванға сүйеніп, екінші қолымен бетін уқалады. Аяқпен шебер жасалған жойқын соққының салдарынан ернінен қан баяу ағып жатты. Жынды оттай жанған көзі Арланға қадалып, қозғалмай қалды.
— Жама, жақында жарыс. Егер жарақат алсақ, соңғы бірнеше ай бойы төккен терімізді жоққа шығарамыз.
Арлан кез келген нәрсені күтуге болатынын түсініп, қолдарын төмен түсірмеді. Соққыдан кейін жағы әлі сырқырап тұр.
— Сен мені бірінші болып ұрдың, мен тек сенің шабуылыңа жауап қайтардым. Осымен доғарайық — деді Арлан.
Арланның қол ұшын созып еді, бірнеше секундтан соң Жаманбек оны қағып жіберді. Сосын орнынан баяу көтеріліп, ауыр дем алған күйі көрші бөлмеге үнсіз беттеді.
— Жама, — деп дауыстады Арлан оған.
— Аулақ жүр… — деп ысылдады Жаманбек, есікті тарс жауып.
Бір сағаттан кейін Арлан төсегінде төбеге қарап жатты. Расында, ол Жаманбектің бұл сұрақтарды неге қайта көтергенін түсінбеді. Малайзияға ұшып келгендеріне бір айға жуықтаған еді. Соңғы уақытқа дейін Ресей туралы естеліктер оны мазалаған емес.
Есін білгелі Арланның туған жері Қазақстаннан мұншалықты алысқа ұзап шыққаны осы еді. Тілі, мәдениеті, өмір салты — бәрі де мүлдем өзгеше жат ел. Ауа райының да айырмашылығы жер мен көктей: төзгісіз ыстық, ауасы қапырық. Бала кезден үйреншікті қыс пен жаз алмасуы бұл жерде атымен жоқ. Арлан ауа райына әрең дегенде бейімделгендей. Абырой болғанда, әр ғимаратта кондиционер қалайда орнатылады, құтқаратыны сол ғана. Кондиционер бұл жерде туған жердегі тоңазытқыштай үйреншікті, аса қажет бұйым.
Мұндай күмәнді сапарға шығудан бас тартудың себептері жетерліктей-тұғын. Бірақ Арлан Малайзияға көшудің кемшіліктері туралы аса бас қатырмады. Мінезіне сай, ол өмір жолында кездескен кез келген қиындық пен мүмкіндіктен ең әуелі пайда іздейтін. Оның үстіне, бұрынғы КСРО аумағынан аттап шығу — алып қызыл империяның күйреуінен кейін әрбір жанның шынайы арманы еді.
Ал Жаманбек болса, Арланға қарағанда Малайзияда бірнеше жыл өмір сүріп, оны екінші отаным деп санайтын. Олар бірнеше жыл бұрын Ресейде танысқан болатын. Арлан Омбы қаласындағы Сібір дене шынықтыру академиясына оқуға түскен. Оны бұл қадамға итермелеген Жаманбектің әлгі үлкен ағасы — Дархан еді. Ол Арланға нағашы аға болып келетін және жиеніне көз қырын салып жүруге белгілі бір деңгейде уәде берген-ді. Дархан шетелден импорттық тауарлар тасымалдаумен, алып-сатумен айналысатын ірі ықпалды фирманы басқаратын, сондай-ақ базарлардың, спорт клубтарының иесі. Ойын автоматтарын да әкеліп сататын. Әрине, қайырымдылықпен де айналысатын. Оның клиенттері ұсақ және орташа саудагерлер, базар кәсіпкерлері мен жекеменшік компаниялар болатын. Ол кезде мың тоғыз жүз тоқсан бесінші жыл болатын, мұндай қызмет түрі әдеттегі жайт саналатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қылмыс еселеп өсті. Көптеген адам жұмысынан айырылып, ішімдікке салынып, небір сұмдыққа барды. Бұзақылық оңай әрі қолжетімді табыс көзіне айналды: қылмыстық топтар құрылып, ұйымдасқан шабуылдар, ұрлық, алаяқтық белең алды. Ірі фирмалардың да, базардағы шағын дүңгіршектердің де иелері бизнесіне жасалар қастандықтан қорғаныс іздеді. Милиция адам мен қаражаттың жетіспеуінен күрт өскен заңсыздыққа төтеп бере алмады. Осының салдарынан Дархандікі тәрізді кеңселер пайда болды. Қарапайым халық мұны «крышалау» деп атады.
Бір реттік шабуыл мен ақша бопсалаудан бөлек, кәсіп иесін қорғағаны үшін түсетін пайдасы тұрақты, әрі мол. Сол себепті мұндай кеңселер жер-жерде ашылып, әрқайсысы қолдан келгенше көбірек сауда орнын өз қолына қаратуға тырысты. Өзге фирмалар көбіне қылмысқа бой алдырғандардан, есірткіге салынғандардан, маскүнемдікке белшесінен батқан жұмысшылардан құралған тобырды жалдаса, Дархан спортта жүрген жігіттерді жинады. Мұндай жолдың пайдасы көп еді. Кәсіп иелері де спортшымен ынтымақтасқанды жөн санайтын: оларда зиянды құмарлық та, былайғы теріс жүрісі де жоқ, сондықтан адамға деген қарым-қатынасы адал, ізгі болатын. Кейде ұзақ бірлесіп жүрген жандар жақын тартып, кейін ұрпағымен, отбасымен араласып, жылдар бойы дос болып кеткен-ді.
Арлан да көп ойланбастан Дарханға қосылды. Бойы аса биік болмаса да, шоқпардай, дене бітімі мығым жігіт мұндай іске әбден жарайтын. Жас болғанмен, өмірге көзқарасы кемелденіп қалған. Сол себепті ата-анасын әуре етпей, өз күнін өзі көруге кірісті. Ол кезде Жаманбек Куала-Лумпурда, Малайзиядағы мұсылман университеттерінің бірінде оқып жүрген. Дархан барлық шығынды өз мойнына алатын. Жаманбек анда-санда үлкен ағасына соғып тұрды. Туыс болғаннан болар, Арлан мен Жаманбек тез тіл табысып, біраз достасып та кетті. Дегенмен мұны шын достық деу қиын еді: Арлан Жаманбекке үнемі сақтықпен қарайтын, өйткені ол үлкен ағасына қарағанда мал-дүние мен мансапқа тым құмар еді. Дархан қандас туыстарымен іс жүргізбеуді жөн көретін, сондықтан Жаманбек қашан да ағасының алдында өзін-өзі тек жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Бірақ Арланның орны бөлек еді. Еңбекқорлығы мен іске деген шексіз адалдығының арқасында ғана ол Дарханның құрметіне бөленді. Сол себепті кейін Жаманбектің іштарлығы мен қызғанышы ешкімді таңғалдырған жоқ.
Арлан таң сәріден оянды. Жаманбек үйде жоқ екен, бұл өте біртүрлі көрінді, өйткені ол ешқашан түске дейін төсектен тұрмайтын. Мүмкін, деп ойлады Арлан, кешегі оқиғадан кейін ол досын оятуды жөн көрмей, жалғыз кетуді ұйғарған болар. «Бір-екі күннен кейін бәрі қайтып келер», — деп ойлады ол бірінші болып татуласуға баруды қажет санамай.
Олар әдетте жаттығатын спорт залына Жаманбек келмеді. Бұған да таңғаларлық ештеңесі жоқ, өйткені ол жаттығуларды жиі өткізетін. Анда-санда ішімдік ішіп, жергілікті клубтарда таңға дейін көңіл көтергенді ұнататын.
Екі сағаттан кейін Арлан үйге қайтты. Асығуға ешқандай себеп болмағандықтан, ол жаяу серуендеуді ұйғарды. Малайзия Ресей мен Қазақстанға қарағанда Арланға бір басқа ғаламшар сияқты көрінді. Зәулім көк тіреген ғимараттар, алып ескерткіштер, көз жауын алатын әсем субұрқақтары. Әрбір құрылыстың өзіндік ерекшелігі мен қайталанбас бейнесі бар еді. Бірақ малайзиялықтардың қол жеткізген ерекше үйлесімділігі бәрінен де қатты қайран қалдырады. Олар табиғи байлықты жоймай-ақ, тепе-теңдікке қол жеткізе білген еді. Тропикалық ну орманның ғажайып әрі қалың өсімдік әлемі қаланың ғаламат сәулетімен, заманауи техникамен қатар өмір сүріп жатты.
Келген күннен бастап Арлан туған үйінен жырақтағы әлемнің қаншалықты ғажайып болуы мүмкін екеніне шын жүректен таңырқаумен болды. Ойда жоқта дүниенің екінші шетіне аттанудың бұйырғаны үшін Жаманбекке бір жағынан риза да еді. Малайзияда олар бірлесіп жүзеге асыруға дайындалып жатқан мүлдем жаңа әрі адал бизнеспен байланысты ондаған түрлі кездесулер мен маңызды іс-шараларға қатысты. Көптеген салалардағы шетелдіктермен байланыс орнатты. Малайзиядан бұрынғы КСРО елдеріне тауар тасымалдаудың жолын қарастырды. Жұмыспен қатар демалысты да ұмытпады. Ол кезде шетелге шығу адам сенгісіз нәрсе болатын, сондықтан олар әрбір бос минутты тропикалық елдің сұлулығына тамсанумен өткізетін.
Арлан демалып жатты. Кондиционердің дәл астында отырып, қапырық ыстықтан әбден шаршаған ол сәл де болса салқындамақ болды. Есік құлпы сырт етіп, пәтерге Жаманбек кіріп келді. Ол әдетте тек ресми кездесулерге ғана киетін іскерлік костюм киіп алған екен. Арланға оның кезекті келіссөздерге жалғыз кеткені біртүрлі көрінді, және де Жаманбектің әлі де ренжіп жүргенін жоққа шығармады.
Кенет оның артынан тағы екі адам пайда болды. Сүйкімді жас келіншек. Оның артында жанарын шаршаңқылық басқан орта жастағы ер адам. Бір қарағанда, қарапайым үнділік жұпқа ұқсайтын. Қыз Арлан жаққа қарап бас изеді. Ол да сыпайылық танытып, дәл солай амандасты. Жаманбек досына салқын көзбен бір қарады да, асығыс теріс айналып кетті.
«Бұл адамдар кімдер? Бұрын Жама үйге ешкімді әкелмейтін еді, үнемі мейрамханаларда немесе бизнес-орталықтарда кездесетін», — деп ойлады Арлан иегін сипап. Мүмкін, мәселе ақша үнемдеуде болар. Соңғы кездері қаржылық істері құлдырап кеткен-ді. Жаманбек қонақтармен бірде ағылшынша, бірде малайша шұбарлап сөйлесіп жатты. Арлан кейбір сөздерді ғана үзіп-жұлып түсінгенімен, әңгіменің мәнін ұға алмады. Олар бөлмеден бөлмеге өтіп жүрді. Бірде жуынатын бөлмеде тұрып, суды қайта-қайта қосып, өшірсе, енді бірде асүйге өтіп, әлдене туралы ұзақ сөйлесті. Қыз жан-жағына қарап, қабырғаларды сипап көрді. Ол мұндай тұрғын үйді бірінші рет көріп тұрғандай, пәтердің әрбір бұрышына қызығушылықпен қарап шықты.
Арлан болып жатқан жағдайға аса мән бермеуді ұйғарып, теледидарды қосты. Олар пәтерді тағы он минуттай аралаған соң, Жаманбек оларды шығарып салды. Есікті жауып, ол бірнеше секунд есік алдында басын төмен ұстап тұрды. Бұрылып, Арланға қарады. Мұздай суық, өткір жүзді қанжардай қадалған жанары досын тесіп жібере жаздады. Бетіндегі мысқылын жасырмай, Жаманбек өз бөлмесіне кіріп кетті де, есікті тарс жапты
Күн толық үнсіздікпен өтті. Ешкім әңгіме бастамады. Малайзиядағы бір айға жуық уақыт ішінде алғаш рет әрқайсысы өз-өзімен кешкі асын ішті. Арлан басын артық уайыммен қатырмай, алдағы жарыстарға назар аударуды ұйғарды.
Таңғы алтыда Арлан аяғынан тік тұрды. Бір-екі стақан су ішіп, ол жүгіруге шықты. Жаттығудан демалыс күні болғанына қарамастан, денені сергек ұстау керек болатын. Жарыстың басталуына санаулы ғана күндер қалғандықтан, бұл іске толық жауынгерлік дайындықпен кірісу керек болатын. Жергілікті спортшылармен спарринг өткізу өз жемісін берді. Арлан олардың әрқайсысынан оқ бойы озық тұрды, бұл оның тамаша өнер көрсететініне үміт сыйлады. Жаманбек бөлмесінің есігі кешеден бері ашылмады. Тек түнде сирек біртүрлі сыбдыр естілетін, бірақ Арлан оған аса мән бермеген еді.
— Good morning! (Қайырлы таң!)
Кезекші күзетші қолын көтеріп Арланмен амандасты.
— Хэллоу!
— Going for a run again? (Тағы да жүгіруге бара жатырсыз ба?)
— Ран? — деп ойланып қалды Арлан сөздің аудармасын есіне түсіруге тырысып. — О! Йес! Ран.
Арлан жүгіріп бара жатқандай қолын қозғады.
— Good luck! (Сәттілік тілеймін!)
— Сэнк ю! — деп жымиды Арлан, күннің жақсы басталып келе жатқанын сезіп.
Арлан далаға шығып, күнделікті бағытымен жүгіре жөнелді. Алдағы жарыстар өте маңызды еді, өйткені бұл өзін көрсетудің тамаша мүмкіндігі болатын. Ол Омбы академиясында төрт жыл күрес және шығыс жекпе-жектері кафедрасында оқыды. Арланның өзі Көкшетау облысындағы шағын ауылда дүниеге келген. Ауылда шаруа көп еді, соның ішінде дене күшін қажет ететіндері де жетерлік. Сондықтан бала кезінен ауыр еңбекке шыңдалып, шымыр болып өсті. Омбыға оқуға түсу оның ойында да жоқ еді. Өзі сияқты құрдастарының көбі кейін есепші, механик немесе инженер болу үшін агротехникалық университеттерге түсуді жоспарлайтын. Ол кезде аспандағы жұлдызға ұмтылмай, ата-аналарының жүріп өткен жолына қанағат ететін. Оларға анасының немере ағасы — Дархан келгенге дейін бәрі бірқалыпты болып келді. Кезінде жақсы өмір іздеп кеткен ол, ақыры жетістікке жеткен еді. Дархан Омбыда әлдеқашан бой түзеп, өз кәсібін жүргізіп жатқан. Арланның ата-анасына баласын ресейлік оқу орнына беруді ұсынған дәл сол еді. Өз ұсынысын ол сол кезде Қазақстанда мүлдем болмаған үлкен мүмкіндіктермен негіздеді. Арлан қуана келісті, әрі бұл шешіміне кейін бірде-бір рет өкінген емес.
Екі сағаттай уақыт өткен соң, сегіз айналымды жүгіріп өтіп, Арлан кондоминиумға оралды. Пәтердің кілті жалғыз еді, сондықтан екеуінің біреуі қандай да бір шаруамен немесе жаттығуға жалғыз кететін болса, кілтті кезекші күзетшіге тастап кететін.
«Үйде ешкім жоқ шығар. Жаманбек таңғы ас ішуге шығып кеткен болар», — деп ойлады да Арлан, жоғарыға көтерілместен, бірден кілт алуға беттеді.
Терезеге тықылдатқан дыбыс назарын аударғанша, кезекші күзетші журнал оқып отырған еді.
— Май фрэнд! Ай нид кей. Май рум.
— Key? Oh, you forgot something? (Кілт? Сіз бірдеңе ұмытып кеттіңіз бе?)
— Йес, кей! — деп жымиды Арлан.
Күзетші журналды қоя салып, қабырғадағы жәшікті ақтарды. Сосын маңдайынан бір ұрып:
— New residents have already settled! (Жаңа тұрғындар кіріп қойды!)
— Эм… — деді Арлан, ешнәрсе түсінбей қабағын түйіп. — Ок. Ноу кей? Май фрэнд ин хоум, значит? Құдайым-ау, қалай түсіндірсем екен?!
Күзетші қабағын шытып, сөзін соза түсіп:
— No… Your friend is gone. (Жоқ… Сіздің досыңыз кетіп қалды.)
— Стоп-стоп! Вай ноу?
— Because you moved out from apartment. Other people have already settled there. (Өйткені сіздер пәтерден көшіп кеттіңіздер. Онда басқа адамдар кіріп қойды.)
Арлан қанша тырысып тыңдағанымен, бірде-бір сөзді түсіне алмады. Жауап ретінде ол екі қолын жайып:
— Ай донт андэрстэнд, — деді.
— Ok. Give me a second please. (Жақсы. Маған бір секунд беріңіз.)
Ол кабинаның кілтін алды да, есікті жапты.
— Let’s go. (Жүріңіз.)
Арлан не болып жатқанын түсінбесе де, үндеместен оның соңынан еруді жөн көрді. Олар жоғары көтеріліп, дәлізбен жүріп өтті де, ақыры есіктің алдына келді. Аздап жөткірініп алған күзетші есікті қақты. Есік баяу ашылды, табалдырықта қолын ақ сүлгімен сүртіп бір қыз тұр еді.
— Hello. Excuse for troubling. This is a former tenant. He wants to find out. Didn’t you find other things? (Сәлеметсіз бе. Мазалағаным үшін кешіріңіз. Бұл бұрынғы тұрғын. Ол білгісі келіп еді. Бөтен заттар тауып алған жоқсыздар ма?)
— Things? No, nothing. What have you lost? (Заттар? Жоқ, ештеңе таппадық. Нақты не жоғалттыңыз?) — деді ол Арланға қарап.
Күдік жоқ. Бұл нақ сол қыз. Кеше кешке Жаманбек ертіп келген қыз. Олар пәтердің жаңа тұрғындары болып шықты. Олардың бөлмеден бөлмеге өтіп, пәтерді неліктен сонша мұқият тексергенін Арлан енді ғана түсінді. Жаманбек жаңа тұрғындарға пәтерді жалға беру үшін көрсетіп жүрген екен, ал оған тіс жарып ештеңе айтпаған.
— Бірақ ол неге ештеңе айтпады?! — деп сыбырлады Арлан.
— Anything else? (Тағы бірдеңе керек пе?) — деп сұрады қыз.
— Oh, no. Thank you for your help! (Ох, жоқ. Көмегіңізге рақмет!) — деп жымиды күзетші.
Арлан төменге үнсіз түсіп келе жатып, жол бойы Жаманбектің қайда кетуі мүмкін екенін түсінуге тырысты. Оның үстіне барлық заттарын, тіпті құжаттарын да алып кеткен. Ол ештеңе айтқан жоқ, тіпті хат та қалдырмапты. Жай ғана пәтерді өткізген де, заттарын алып, ғайып болған.
— Sorry. I can’t help anything. I am just a worker (Кешір. Ешнәрсемен көмектесе алмаймын. Мен жай ғана жұмысшымын), — деді күзетші өкінішпен.
— Джаст э воркер, — деп қайталады Арлан, тіпті аудармасын да білместен.
Оның жанары алдындағы бос кеңістікке қадалған. Шашылған бөлшектер баяу болса да, бір үлкен суретке бірігіп жатты.
Арлан адамдардың жақсы жаққа өзгере алатынына соңына дейін сенетін. Жаманбекті танығалы бері ол әрдайым тәкаппар, тек өзін ғана ойлайтын өзімшіл еді. Ешкімді менсінбейтін. Бәрінен өзін жоғары санайтын. Жаманбекті тәубесіне келтіре алатын жалғыз адам оның ағасы — Дархан ғана болатын. Соңғы апта бойы Жаманбек одан Ресейдегі бизнес туралы ақпаратты тынбастан сұрап, қазбалай берді. Ол бұл ақпаратқа қатты қол жеткізгісі келгені соншалық, жиі шектен шығып, тура мағынасында истерикаға салынатын. Сол күнгі кештегі төбелес, сірә, Арланнан тым болмаса бірдеңе біліп алудың соңғы талпынысы болған шығар. Бірақ, көрініп тұрғандай, ол енді көмекті қажет етпеймін деп шешкен сыңайлы. Түнде оның бөлмесінен шыққан шу асығыс зат жинаудан туындағаны анық.
Арлан барлық белгілерді жинап, оларды өзара байланыстырды, енді өз күдігіне толықтай сенімді болды. Жаманбек оны тастап кетті. Мұны ол әуел бастан жоспарлады ма, белгісіз. Бірақ болған іс болды. Жаманбек оны қалтасында көк тиыны жоқ, құжатсыз, туған жерінен жырақта жалғыз тастап кетті. Мүмкін ол Арланның өлімін тілеген де болар. Әйтпесе, құжаттарды алып кетудің не қажеті бар еді?! Жаманбек сияқты адамдар тек өз мүддесі үшін қажет болғанда ғана өзгеруге қабілетті. Арлан мұны енді ғана түсінгені үшін өзін-өзі кінәлады.
— Қандай ақымақ едім, — деді ол бұрынғы тұрған үйінің жанындағы орындықта отырып.
Арлан бала кезінен-ақ адамдармен тез тіл табысып, достасып кететін. Ол тек құрдастарымен ғана емес, ересек адамдармен де жақсы қарым-қатынаста болды. Олардың арасында көршілер де, мұғалімдер де, жақын маңдағы дүкендердің сатушылары да бар еді. Ақкөңілділік, тәрбиелілік, көпшілдік — достықтың дәл осындай өлшемдері оның санасына бекіп, кейіннен солардың негізінде жаңа қарым-қатынастар қалыптастыратын. Арлан ақымақ адам емес еді, бірақ ол адамдардың адалдығына шын жүректен сенетін. Жаманбек бір қарағанда сүйкімсіз адам болып көрінгенімен, оның бойында да өзгеруге деген үміт сәулелері бар еді. Арлан адамдардың қашан да, қай жерде де түзеле алатынына сенді. Бірақ ол қателесті. Жаманбектің іс-әрекеті соның ең айқын мысалы болды. Арланның кеудесі қуыс тартты. Ол қазіргі сәтте не болып жатқанын әлі толық түсінбесе де, жақындап келе жатқан дауылдың гүрілін анық естіді.




