- -
- 100%
- +
2-тарау
«Көпшілігі ұлы болуға құмар, бірақ тек сол ұлылардың ғана қолынан келетін істі жасайтын уақыт келгенге дейін».
Эрик Томас, мотивациялық спикер.Жаңа күн қаншалықты керемет басталса да, оның қалай жалғасатынын және немен аяқталатынын ешқашан білмейсің. Арлан терең күрсінді де, өзіне біраз пана болған үйден алыстай берді. Орындықта құр босқа отыру оның еңсесін бастып, әрекетсіздік хал-жайын одан бетер қиындата түсті. Жай ғана серуендеп, бұдан әрі не істерін ой елегінен өткізу әлдеқайда пайдалы болады деп шешті. Ол қайда бара жатқанын өзі де білмеді. Әзірге нақты іс-қимыл жоспары пісіп-жетіле қойған жоқ еді, бірақ Арлан қол қусырып отырып, біреу келіп құтқарар деп қол қусырып отырмақ емес. Ресейдегі қатал өмір оны тек өзіне ғана сенуге баулыды. Аспаннан бірдеңе түседі деп күтпестен, ол әрқашан бір үзім нанды өз еңбегімен табуға тырысатын.
Куала-Лумпур — ерекше қала. Көше бойымен жүріп келе жатып, Арлан айналадағы көріністерге тамсануын қоймады. Мүшкіл жағдайына қарамастан, ол көтеріңкі көңіл-күйін сақтауға тырысты. Қаланың соншалықты тазалығы оны әлі де таңғалдыратын. Бұл тек ғимараттардың сыртқы келбетіне ғана емес, көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарына да қатысты еді. Көліктің көптігіне қарамастан, ауада тропикалық гүлдердің хош иісі аңқып тұрды. Мұның бәрі қаланың сансыз бақтардың жасыл желегіне оранып жатқандығының арқасы болатын. Жаяу жүргіншілер жолының бойында бірнеше метр сайын биік пальмалар қатарласа өсіп тұрды, соның әсерінен екі жақтан қоршаған шексіз тоғайдың арасымен келе жатқандай әсерде боласын. Арлан басын көтеріп, көз тоймас сұлулық пен орнаған тыныштыққа арбалып, үнсіз алға қарай жүре берді.
Тағы бір артықшылығы — ауыз суы бар арнайы субұрқақтарды оңай табуға болатын. Кез келген мекемеден бір стақан салқын суды тегін сұрауға немесе әжетханасына кіріп шығуға болатын еді. Жергілікті тұрғындар өте мейірімді әрі туристердің толассыз легіне үйренген, сондықтан оларға лайықты қонақжайлылық танытатын.
Арлан Куала-Лумпурдың орталық саябағына қарай аяңдап жол тартты. Орысша сөйлейтін туристерді кездестірермін деген үмітпен ол дәл сол жаққа баруды ұйғарды. Сондай-ақ, Жаманбекпен бизнес мәселелерін шешіп жүргенде кездескен бірнеше таныс адамдарды да сол жерден жолықтыруы мүмкін еді. Екі сағаттай жол жүрген соң, Арлан сәл тынығып алайын деп, жол бойындағы витриналардың алдында үстелдері көрді. Арлан көлеңкедегі бос орынға жайғасып еді, оған қара торы, толықша келген үнді жақындады.
— Hello! Would you like something? (Сәлем! Не қалайсыз?) — деп ол сыпайы сұрап, жымиды.
— О, жоқ! Ноу, ноу! — деп қолын бұлғады Арлан.
— May be some drinks to start? (Бәлкім, бастамасына сусын ішерсіз?)
— Сэнк ю. Ноу.
Үнді шаршаңқы мейманға қарап ойланып қалды. Ол кетіп қалып, біраз уақыттан соң бір стақан сумен қайта оралды.
— Ноу, сэнк ю. Ноу мани, — Арлан төлейтін ақшасы жоқ екенін ыммен түсіндірді.
— It’s ok (Бәрі дұрыс), — деді де, үнді үстел басына жайғасты.
— You are not local, right? (Сен жергілікті емессің ғой, дұрыс па?)
— Ай донт андерстэнд, сорри. Ай спик инглиш литл.
— Ok. Where are you from? (Жақсы. Қай жақтансың?)
— Қайданмын? Эм, ай фром Казахстан. Ресейдің жаны.
— Russia? I know Russia! (Ресей? Мен Ресей туралы естігем), — деп жымиды үнді. — What is your name? (Есімің кім?)
— Арлан.
— I am Suresh. I am from India. Nice to meet you (Менің атым Суреш. Үндітаннанмын. Танысқаныма қуаныштымын), — деп жауап берді ол Арланға қолын созып. — Everithing is fine? You look tired. What’s wrong? (Бәрі дұрыс па? Шаршаңқы көрінесің. Бірдеңе болды ма?)
— Вронг? Бірдеңе болды ма, иә? — Арлан сөзді есіне түсіруге тырысып, сәл кідірді. — Ай эм спортсмен. Спорт ю ноу? Энд…
Арлан бейтаныс үндіге сақтықпен қарады. Басындағы жағдайды кездескен бірінші адамға айтудың қажеті бар ма екен деп ойланды. Бірақ салқын су құйылған стақанға көзі түскенде, күмәні сәл де болса сейілді.
— Ай эм лост. Литтл.
— Oh it’s sadly. Where is your family? Friends? (Ох, бұл өкінішті. Ал отбасың қайда? Достарың ше?)
Үндінің сөйлеу мәнері өзгешелеу, сол себепті Арланға таныс сөздерді ұғып алу әлдеқайда қиынға соқты. Бірақ Суреш мінезі ашық әрі мейірбан адам болып шықты, сондықтан тілдік кедергіге қарамастан, Арланға онымен сөйлесу жайлы болды.
— Итс ок. Ай гоу хоум. Нау.
Үсті-басы шаң, қалжыраған Арлан бәрі тамаша адамға мүлдем ұқсамайтын еді. Суреш иегін қасып, бейтаныс жолаушыны басынан аяғына дейін қарап шықты.
— Are you hungry my friend? Wait a minute. Ok? (Қарның аш па? Бір минут күте тұр, жақсы ма?)
Суреш үстел басынан тұрып, тапсырыстарын күтіп отырған адамдарға барды. Содан кейін ол дәмхана есігінің артына кіріп көзден тыс қалды. Бірнеше минут отырғаннан кейін Арлан әрі қарай жолға шықпақшы болып жатқанда, кенет Суреш екі тәрелкемен қайтып оралды. Жымиып, сыпайы бас изеді де, оларды Арланның алдына қойды.
— Тамақ?! Бірақ жоқ… Суреш, сэнк ю. Ноу мани.
Хош иісі мұрын жаратын тәбет ашар тамақты көргенде Арлан сілекейін жұтты.
— Never mind Arlan. It’s at my expense. We are all brothers on the earth and should help each other. (Алаңдама, Арлан. Бұл менің есебімнен. Жер бетінде бәріміз бауырмыз және бір-бірімізге көмектесуіміз керек.)
Суреш ыммен Арланға ақша керек емес екенін түсіндіріп, тамақтануды ұсынды. Арлан өзін риясыз тамақтандырған қарапайым еңбекқор үндіге қарап, оның жомарттығына ризашылықпен жымиды. Кеше кештен бері Арлан нәр татпаған еді. Екі сағаттық жүгіруді ескерсек, оның көп қуат жоғалтқаны соншалық, тек су ішумен қанағаттану аздық ететін. Тамақтанып алған соң Арлан қоштасарда ақкөңіл үндінің қолын қысып, тағы да алғысын білдірді. Суреш бір иіліп, қиын кезде келіп тамақтанып тұруына болатынын айтты. Үндінің игі ісі мен сөздері Арланның жүрегін жылытып, жақсылыққа деген үмітін үзбеуге септігін тигізді. Орталық саябаққа дейінгі ұзақ жол қайта жалғасты.
Егер діттеген жерге дейін тіке жол тарту мүмкін болғанда, оның өзі жиырма бес шақырымдай болатын еді. Арлан бұл туралы ойламауға тырысты. Оның бойында дәл қазір ауадай қажет болып тұрған күш-қуат пайда болды. Төбеден түскен белгідей, осындай қиын сәтте мүлдем бейтаныс адамның пайда бола кетуі ғажап еді. Өмірде қиын сәттер үнемі кездесіп тұрады, кейде олар тұтас бір кезеңдерге ұласады. Көпшілік адамның дәл осы сәтте созылған көмек қолына бұрын-соңды болмағандай мұқтаж екенін түсіне бермейді. Арланның Сурешті жолықтырғаны -тағдырдың сыйы еді. Ешқандай материалдық байлық қарапайым адами қолдауды алмастыра алмайды. Өзгелердің өмірін мәнге толтыратын қарапайым ғана бір ауыз жылы сөз. Адамдардың жарқын күндерге барар жолда тау қопаруына себеп болатын серпін.
Түн ортасына қарай адамдар мен көліктердің қарасы айтарлықтай азайды. Суреш берген тойымды астың арқасында Арланның бойында әлі де күш-қуат бар еді. Бірақ жартылай бос жолдармен жүру қауіпті бола бастады. Жергілікті тәртіп сақшыларының жалғыз келе жатқан күдікті жолаушыға назары аууы мүмкін. Тәуекелге бел буатын уақыт емес. Сондықтан Арлан айналасы ағаштар мен бұталармен қоршалған бірнеше ағаш орындықты тауып алды. Бұл орын негізгі көшеден бес метрдей жерде орналасқан еді, алайда түнгі қараңғылықта орындықта жатқан адамды көру мүмкін емес-ті.
Алаңсыз тәтті ұйқыға дайындалып жатып: «Сібірде адасып кетпегенім қандай жақсы болған екен», -деген ойдан күліп жіберді Арлан, өзін-өзі жігерлендіріп қойып.
3-тарау
«Шешім қабылдаған сәтте тағдырыңыз қалыптасады».
Тони Роббинс, америкалық жазушы, кәсіпкер, мотиватор, бизнес-тренер.Бес шақырым. Он шақырым. Жиырма бес шақырым. Ауылда жүргенде Арлан мұндай қашықтықтарды оп-оңай еңсеретін. Әрине, жүгіруге біраз уақыт кетер еді, бірақ бұған үш күндей уақыт жұмсалмасы анық. Ауылдың шаңдақ жолдарымен марафонға қатысу бірнеше миллион тұрғыны бар алып шаһардың ішіндегі азапты жолдан әлдеқайда жағымды әрі жылдам болатынын ол елестете де алмаған еді. Ал ең қиын сынақ — қырық градустық төзгісіз аптап ыстық болды. Жолдың екінші күні ешқандай оқыс оқиғасыз өткенімен, қуанарлықтай ештеңе де болған жоқ.
Екінші күннің ең қиын сынағы — тасжолдар болды. Уақыт жоғалтпай, діттеген жеріне тезірек жету үшін Арлан тасжолдар арқылы жолды қысқартуға тырысты. Өтіп жатқан көлік гуілінен бөлек, көлеңкелі жерлердің мүлдем болмауы үлкен мәселеге айналды. Тек алға бастайтын бітпейтін жол. Ақырында тасжолды артқа тастаған Арланның әрі қарай жүруге дәрмені қалмады. Ол кешті шағын саябақта, ағаш саясында өткізді. Жарты литрлік шөлмектің түбіндегі бір-екі жұтым су тамағын аздап жібітті. Бірақ ұйқыға аш қарынмен жатуға тура келді.
Үшінші күні қалжыраған Арлан көше бойында шексіз тізбектеліп салынған екі қабатты ғимараттардың жанынан өтіп бара жатты. Жақында ғана бос тұрған дәмханалар мен тез тамақтану орындарына енді келушілерге лық толды. Арлан қолсағатына қарады. Оның ойлағанындай, бәрі түскі үзіліске шыққан екен. Кенет қарны бүріп ауырып, іші қатты күрілдей бастады. Арлан бүйірін ұстаған күйі көзіне түскен бірінші бағанаға сүйене кетті. Бойынан күш-қуаты баяу кетіп жатты, ал тәнінде әл-дәрмен қалмағанын білдіріп тұрғандай. Арлан аштық сезімін сәл де болса басу үшін тым болмаса бір үзім нан жеуге қуанышты болар еді. Бірақ адамдардан қайыр сұрау немесе тамақ іздеп қоқыс жәшіктерін ақтару туралы ой оған ұнамады.
Арлан алыстағы Петронас мұнараларына баяу көз тастады.
— Бір сантиметрге де жақындаған жоқпын, — деді ол сәл қарлыққан дауыспен.
Бір көлеңкеден екіншісіне жүгіріп өтіп жүріп, Арлан барынша өзін-өзі қамшылауға, босаңсымауға тырысты. Кейде ағаштардың астындағы мақпалдай көк шөпке құлай кетіп, ұйықтағысы келетін. Тек бір ғана ой оны тоқтататын: ол қайта ояна ала ма.
Күн баяу батып, кей тұста зәулім ғимараттардың тасасына жасырынып жатты. Арланға тіпті қазірдің өзінде күн, оның соңғы демі қалғанша бойындағы бүкіл нәрін сығып алуға тырысып жатқандай көрінді. Тас төселген жаяу жүргіншілер жолында аяғын сүйрете басып, ол автобус аялдамасына әрең жетті. Қатты шаршағаннан кірпіктеріне қорғасын байланғандай ауырлап, адамның сұлбасын әрең байқады. Іскерлік костюм киген, қолында дәу сөмкесі бар ер адам телефонмен сөйлесіп тұр екен. Арлан оның иығына жайлап қол тигізді:
— Мистер… Хау ми… э… гоу ту централ парк? Петро… нас?
Ер адам Арланға жақтырмаған кейіппен қабақ шыта қарады. Ол «Мистер» деген сөзден басқа ештеңе түсінбеді. Телефонды иығы мен жағының арасына қыстырып қойып, ол қалталарын ақтара бастады, содан кейін Арланның қолына бір ринггит ұстатты*. Ақшаны көргенде Арлан басында таңғалып қалды. Жағдайдың мән-жайын тез ұға қойған ол ақшаны қайтарып беріп, мазалаған себебін қайтадан түсіндіруге тырысты. Бірақ ер адам телефондағы әңгімесіне кіріп кеткен еді, тек қолын бір сілтеді де қойды. Шала ағылшыншамен жөн сұраудың пайдасыз екенін түсінген Арлан әрі қарай ілбіп жүре берді. Қолына ақша түскені оның еңсесін сәл де болса көтерді. Бір ринггитке аздап күріш пен су сатып алуға болатын еді. Оның бүкіл ой-санасын тамақ жаулап алды. Аштықтың азабы Арланның бүкіл тұла бойын кеміріп бара жатты. Жанынан автобус зу етіп өте шығып, жолаушыны салқын ауамен желпіп өтті.
— Дұрыс екен ғой! — деп дауыстап жіберді Арлан қарлыққан дауыспен.
Жақында ғана Жаманбек екеуі қала орталығына, Петронас мұнараларына қарай барғанда автовокзалдың жанынан өткендері есіне түсті. Ол жерден мұнараларға дейін таяқ тастам жер еді. Ең жаман дегенде бір-екі сағаттық жол. Ақылға салып, ол ақшаны тамаққа жұмсағанша, жолдың бір бөлігін автобуспен қысқартқан оңтайлы шешім болады деп ұйғарды.
Біраз уақыттан кейін Арлан өзіне керек автобусқа отырды. Жол бойы терезеге қарап келе жатып, ақшаны тамаққа жұмсағанда қаншама жерді жаяу басып өтуге тура келетінін ұғынды. Қарнының күрілдегені қателескенін бетіне басқандай болды, бірақ аштық оны бұрынғыдай қатты естен тандырарлықтай емес еді. Бет алған жеріне жақындаған сайын, оның бойында өзін-өзі ұстау қабілеті арта түсті. Мұнараларға жеткенде әрі қарай не болатыны туралы Арлан ойлағысы келмеді. Оған кім көмектеседі, жалпы көмектесе ме өзі?! Қазір ол тек демалғысы ғана келді. Жағымсыз ойлар мен қарнының ашқанын ұмыттыратын жалғыз нәрсе — қатты ұйқы еді.
* Ринггит — Малайзияның ұлттық валютасы.
— Maaf, kami tiba!
(Кешіріңіз, біз келдік!) Автобус жүргізушісі Арланның иығынан жұлмалап оятып жатты.
— Иә… иә, шығамын, — деп күңкілдеді Арлан орнынан тұрып, шығаберіске беттеді.
Автобекет сұр түсті, көзге түсер ерекшелігі жоқ алып ғимарат еді. Бұл іс жүзінде барлық қалалық бағыттар өтетін өзіндік бір торап болатын. Автобустар жарты минут сайын келіп-кетіп жатты. Жүздеген шамдармен жарықтандырылған кешкі уақытта ол күндізгіге қарағанда әлдеқайда жайлы көрінді. Арлан әжетхананы табу үшін ішке кірді.
Малайзия бекетінің сәулеті мен техникалық жабдықталуын посткеңестік елдердің бекеттерімен салыстырудың еш мағынасы жоқ еді. Тек электронды ақпараттық тақтасының өзі Ресей мен Қазақстанның дамуынан талай жылға озып кеткенін көруге болатын еді. Арлан алып залдың ортасында әжетхана белгісін іздеп, жан-жағына қарайлап тұрды. Оған жақын маңда дәмхана орналасқан еді. Арланның көзі оған еріксіз түсе берді. Адамдардың тамақты екі ұрттап жеп жатқанын көріп, сілекейін жұтты. Бір сәтте бұл төзгісіз сынақ болғаны соншалық, ол кілт бұрылды да, кері қарай жөнелді.
Арлан әрбір нұсқама белгісін мұқият қарап, асықпай жүріп келе жатты. Кенет тамақтану аймағында үстел басында отырған жас қыз оның назарын аударды. Ол ішінде сэндвичі бар пластик ыдысты ұқыпты жауып жатты. Бөтелкедегі судан бір-екі жұтым ішкен соң, заттарын жинап, кетіп қалды. Арланды сэндвич қатты қызықтырды. Бұл жолы аштық басқа сезімдердің бәрін жеңіп кетті. Бірнеше минуттан кейін Арлан кіреберістегі дала орындығында отырып, әрбір тісемінен ләззат ала сэндвичті асап жатты. Оған өмірде бұдан дәмді ештеңе жеп көрмегендей көрінді. Әрине, бір сэндвич аздық етеді, бірақ бәлкім, дәл осы тамақ бет алған жеріне жетуге мүмкіндік беретін қажетті қуат қорын берер.
Ақыры әжетхана да табылды. Арлан ең алдымен шүмектен су ішіп алды. Тамағының кеуіп кеткені соншалық, судың тазалығы туралы ол тіпті ойлаған да жоқ. Аздап жеңілдеп қалғанын сезінген Арлан баяу көзін көтерді. Алдындағы көрініс оны есеңгіретіп жібергені соншалық, жұдырығын түйген күйі селк етіп артқа секіріп түсті. Айнадан оған мүлде бейтаныс адам қарап тұр еді. Сабанға көбірек ұқсайтын, ұйпалақтанған майлы шаш. Бетінің жартысын жапқан өсіп кеткен сақал-мұрт. Күннің астында ұзақ жүргендіктен, терісі кей жерлерде сыдырылып, тұтас кесектермен жұлып алуға болатындай жағдайға жеткен. Жаңа футболкасы дәл қазір отқа жаға салуға болатындай шаң басқан кір-қожалақ шүберекке айналыпты. Бетінің бәрі кірден айғыздалып, көзінің асты қарайып ісіп кеткен, ал жанарындағы нұр сөніп, өмірлік оты өшкендей еді.
Арлан соңғы үш күнде кімге айналғанын көру үшін жақынырақ келді. Адамдардың жол-жөнекей оны көргенде неліктен қашқақтайтынын ол енді ғана түсінді.
— Саған не болған, Арлан. Саған не болған…
Ол қолдарымен қолжуғышқа сүйеніп, тамағына кептелген өксікті жұтуға тырысып, басын төмен салды. Бір сәтке оны түсініксіз үрей биледі. Осы бір мағынасыз жолды аяқтағысы келді. Ол — жай ғана барып полицияға беріле салу. Ал одан әрі не болары бір Құдайға аян. Оған не істесе де — бәрібір. Темір тордың артына қамай ма, жүздеген мың айыппұл сала ма, әлде қандай да бір қылмыскердей елден қуа ма. Ең бастысы, өзін бұдан былай мұндай күйде көрмеу.
Арлан көзін жұмды. Бөлмені шүмектен аққан судың сылдыры кернеді. Санасы естеліктер әлеміне қарай зымырап бара жатты. Міне, темір түтіктен аққан жасанды сарқыраманың дауысын ағып жатқан өзеннің шуы басып кетті. Міне, Арлан, әлі кіп-кішкентай балақай, судың бетіне қарап жағада отыр. Қолында қып-қызыл піскен жұмақ алмасы. Бір-екі рет тістеп, одан жаңа ағаштар өсіп шығар деген үмітпен қалдығын суға лақтырады. Кенет біреу оның қолынан ұстайды. Артына бұрылып қараса, анасы мен әкесі тұр екен. Ата-анасы оның қолдарынан жоғары тартқанда, Арлан атып тұрып, аяғына нық қонады. Оның соншалықты нық тұрғаны өзін де аздап таңғалдырады. Аяқтары уақыт қирата алмайтын екі құдіретті бағанаға айналғандай. Балақай ата-анасына күлімсіреп алғыс білдіру үшін басын көтереді, бірақ олар кенеттен ғайып болады. Арлан көзін ашты.
Оның ең бірінші көз салғаны өз аяқтары болды. Ол бұрынғыша аяғында нық тұр еді. Олар бұрынғыдай оған адал қызмет етіп келе жатқан. Арлан қаншалықты алысқа кеткісі келсе де, олар әлі де жолды жалғастыруға дайын тұрды.
— Тек алға! — деді ол айнадағы бейнесіне жымиып қарап.
Унитазда отырып ұйықтау айтып жеткізгісіз азап еді. Арлан өзінің сыртқы келбетін бағамдап алғандықтан, бекет залында отыру жергілікті күзеттің, тіпті полицияның назарын аударатынын түсінді. Түнді әжетханада өткізіп көруге тура келді. Арлан алдын ала бірнеше таспа дәретхана қағазын жұлып алып, унитаздың пластмасса қақпағына ұқыпты төсеп шықты. Байқаусызда бүйіріне құлап кетіп, қабырғадағы бүкіл кірді бетімен сүртпес үшін ыңғайланып орналасып, ұйқыға кетті. Ұйқысы үзік-үзік болды. Арлан қайта-қайта оянып, қайта ұйықтап жатты. Бөлменің әр қуысына сіңіп қалғандай көрінетін несептің жиіркенішті иісі ұйқысын одан сайын ұмытылмастай сезімдерге бөледі. Таңғаларлық ештеңесі жоқ еді, өйткені бекет келушілерінің үлкен легі бұл бөлмені іс жүзінде үзіліссіз пайдаланатын.
Арланды бөлме есігін жұдырықпен қатты ұрған дыбыс оятты. Арғы жақта әлдебіреу малай тілінде айқайлап жатты. Ұйып қалған арқасын жазып, Арлан есікті ашты. Оның алдында басында фуражкасы бар, форма киген ұзын бойлы жігіт тұрды. Жанында қолына үлкен кілттер шоғырын ұстаған, арық келген егде жастағы шал тұр екен. «Күзетшілер сияқты», — деп ойлады Арлан да, бөлмеден баяу шықты.
— Сорри! Ай… Бад, — деп түсіндіруге тырысты ол, ішін қолымен уқалап, ауырсынған түр танытып.
— Ok. Go out! (Жақсы. Шығыңыз!) — деді сақшы қатаң үнмен.
— Окей, окей.
Бөлмеден ең соңында шал шығып, есікті құлыпқа асығыс жауып тастады. Күзетші қолымен сыртқа қарай нұсқап, содан кейін алдында қолдарын айқастырды.
— We closed! Go out! (Біз жабықпыз! Шығыңыз!)
Арлан жақында ғана, соңғы бірнеше күнде алғаш рет тамақтанған дала орындығына қайтып оралды. Полициядан тығылатын орын іздеуге ешқандай құлқы болмады. Арлан қолын бүгіп, басын қойып, барынша ыңғайлы жайғасты. Үй, анасы мен әкесі туралы естеліктер оны тыныштандырып, ұйқыға баулыды.
Келесі күн басынан-ақ сәтсіз басталды. Таңертең оны полицей оятып, қаңғыбас деп ойлап, қуып жіберді. Соның салдарынан екі сағаттық жол деп болжанған бағыт бүкіл күнге созылды. Бұл жолы оған ешкім де құтқарып қалатын ринггитті бермеді. Жол-жөнекей жеуге жарамды бірдеңе табудың да сәті түспеді. Оны аман алып қалған жалғыз нәрсе — әрі қарай жүрген сайын ауыз суы бар субұрқақтардың жиі кездесуі еді. Ол қоқыс жәшігінен кішкене мата қиындысын тауып алды, оны суға малып, күн өтпес үшін басына орап алды.
Арлан Куала-Лумпурдың орталық саябағына кіргенде күн әлдеқашан батып кеткен еді. Автобуспен жүрудің арқасында жолға кеткен уақыт төрт есеге жуық қысқарды. Оның үстіне жұмсақ орындықта мызғып алудың сәті түсті, бұл қуантпай қоймайтын. Арлан ішке қарай жүріп өтіп, орындыққа отырды. Орталық саябақ керемет әдемі екен. Ол кезде туған жерінде мұндай орындар мүлдем атымен жоқ болатын. Саябақ сәулет өнерінің туындысына ұқсайтын. Петронас мұнараларының етегіндегі құрылыстардың бір-бірімен үйлесімділік тапқаны соншалық, мұның қарапайым серуендеуге арналған саябақ екеніне сену қиын еді. Көптеген тропикалық ағаштар мен жалпақ жапырақты пальмалар ішке қарай бастайтын жол бойында серік болды. Жолдар әртүрлі өрнектер түріндегі тастармен төселген, бейнебір өздерінің ирек суреттерімен еруге шақырып тұрғандай еді. Арланның өкпесі таза тропикалық ауаға толды. Ол ұшы-қиыры жоқ ыстық шөл даланың ортасынан аңсаған оазисті тапқандай сезімде болды. Ол жай ғана мақпалдай шөпке құлай кетіп, ағаш жапырақтарының арасынан жұлдыздарға қарап жатқысы келді. Ол бұдан асқан ләззатты елестете де алмайтын.
Арлан адамдардың қарасы азайған түнгі уақытты күтті. Содан кейін пальмалардың бірінің астындағы жасыл көгалға жайғасты. Керемет табиғаттың сирек кездесетін, бірақ өте үлкен кемшілігі ол жәндіктер еді. Ылғалды ауа мен қалың өсімдік алып қоңыздар, өрмекшілер мен шаяндардың өмір сүруіне тамаша жағдай жасаған. Кейде өмірдегі қиындықтар оны денесінің үстімен жүгіріп өткен сегіз аяқты мақұлықтай қатты қорқыта алмайтын сияқты көрінді. Бірақ ең жаманы — улы өрмекшінің немесе шаянның шағып алуы еді. Арлан ауылда да жәндіктердің жетерлік екенін, бірақ олардың көпшілігі зиянсыз болғанын есіне алды. «Үй. Туған үйім. Қызық, әкем мен анам ол жақта қалай екен? Олар менің ұшып кеткенімді де білмейді ғой. Бәрі жақсы шығар деп үміттенемін». Жәндіктер туралы қорқынышты ойлардың орнын үйге деген шексіз сағыныш басты. Ол да мұндай жағдайға тап болған кез келген адам сияқты ата-анасын, бауырларын, отбасылық ошақтың жылуын сағынды. Бүкіл отбасымен кешкі ас үстіндегі басқосулары есіне түсті. Балалық тентектігі үшін әкесінің қатаң ескертулері мен тізесіндегі жарасын сумен ақырын сүртіп, жұбататын анасының аялы алақаны. Жаңа ойындар ойлап тауып, ешқашан іш пыстырмайтын бауырларын еске алды. Ол отбасындағы әрбір адамның күлкісі қалай естілетінін есіне алды. Бұл естеліктер оның жанын жылытты. «Не болса да, үйге ораламын!» деп бел буып шешім қабылдады Ол бойындағы қайраттың соңғы тамшысына дейін сарп етеді, бірақ бұл жерден кететіні сөзсіз. Ол үйге қалай кіретінін елестетті. Әрқайсысын жүз жыл көрмегендей қалай құшақтайтыны көз алдына келді. Анасын, әкесін, бауырларын, туыстарын бір жерге жинап, олармен қалайша қауышатынын ойлады. Малайзиядағы басынан өткен шытырман оқиғалары туралы қалай айтып беретінін, және хикаясын үзбей тындап, бәрінің қандай шынайы қызығушылық тынатынын елестетті.
4-тарау
«Өмір жолында кездестіретін әр бір адам біз мұқтаждық еткен тағдыр сынағын өз уақытымен алып келеді».
Робин Шарма, канадалық жазушы, мотивация, көшбасшылық және тұлғаны дамыту жөніндегі маман.Орталық саябақтағы таңнын атуы тұрғын аудандарға қарағанда сәл өзгеше сезілетін еді. Арлан үшін ең таңырқарлығы — оны құстардың әні оятқаны болды. Ұзын және қысқа сайраған үндер әуезді оркестрмен бірігіп кеткендей еді. Ол бұрын-соңды мұндай дыбыс әралуандығын естіген емес. Бұл симфония алып саябақты кернеп, оған ерекше сиқырлы әсер беріп тұрды.
— Музыкамен өмір сүру де әлдеқайда жеңіл болатын сияқты, — деді Арлан ағаштардың ұшар басына көз тігіп.
Ауыз суы бар субұрқақтар да орындықтар сияқты жиі кездесіп отырды. Тұтас бір саябақ тек туристердің шөлін қандырып, көлеңкеде демалуы үшін ғана салынғандай сезім тудыратын. Арлан да ешкімнен қалыспай, айналасындағы жергілікті артықшылықтарды барынша пайдаланды. Бірнеше күн бойы аузына нәр татпағанына қарамастан, тіршілік нәрі — су оған қажетті қуаттың кем дегенде бір бөлігін толтырды.
Ағаш көлеңкесінде салқындап алып рахаттанды, сонымен қатар өтіп бара жатқан туристер арасынан ТМД тұрғындарына ұқсайтын біреу кездесіп қалар ма екен деп қарап отырып, ол шалбарының томпайып тұрған қалтасына назар аударды. Сыдырмасын ашып, бір уыс мыжылған қағаздарды суырып алды. Қоданылған қолсүртетін қағаздар, жақында ғана жеген сэндвичтің қаптамасы, әлдебір кәмпиттердің қағазы. Арлан қолындағының бәрін қоқыс жәшігіне тастай бергенде, кенеттен оған таныс жазу көрінді. Үйіндінің қақ ортасында визитка жатты. Ортасында «Edrin Paul» деген жазуы бар екен.
— Эдрин Пол, — деп сыбырлады Арлан.
Соңғы екі аптадағы барлық кездесулерді саралай келе, ол Эдрин есімді адамның бейнесін көз алдына елестетуге тырысты. Таныстарының көп болғаны соншалық, белгілі бір адамды еске түсіру оңай шаруа болмады. Ұзақ ойланғаннан кейін, ақыры Эдринмен алғаш кездескен сәт жадында жаңғырды. Арланның басына бір ой сап ете түсті. Бұл Жаманбек пен Арланмен бизнес мәселелерін талқылаған ақкөңіл малайзиялық танысы болып шықты.
— Таптым! — деп дауыстады Арлан.
Саябақтың маңайын аралап жүріп, ол ақыры тез тамақтану дәмханасына тап болды. Ойына келген жоспар өте қарапайым еді. Эдринмен байланысқа шығып, көмек сұрауға тырысу. Егер бұл ой сәтсіздікке ұшыраса да, кем дегенде қазір Арлан бұдан басқа амал көрмеді. Аздап тер төгуге тура келсе де, ол мекеме қызметкерлерімен сөйлесіп, досымен байланысу үшін телефондарын сұрап алды. Жүзінен күлкі кетпейтін қытайлықтар артық сұрақсыз-ақ, қарапайым туристке жәрдемдесе кетті. Арлан оларға шын жүректен алғысын білдіріп, бойындағы бар жігерін жинақтап, нөмірді терді. Қоңырау үні. Екіншісі. Ақыры арғы жақтан бейтаныс дауыс естіді.




