- -
- 100%
- +
— Эдрин?
— No, it’s not Edrin. He is not here right now (Жоқ, бұл Эдрин емес. Ол қазір мұнда жоқ), — деп нәзік әйел дауысы жауап қатты.
— А Эдрин. Вер ис Эдрин? Ай нид Эдрин, — Арлан әр сөзді баяу, анық айтуға тырысты.
— Sorry. I don’t understand what you are saying! (Кешіріңіз. Мен сіздің не айтып тұрғаныңызды түсінбедім!)
Арлан сұхбаттасушысына сұрақты дұрыс жеткізу үшін бар күшімен ойын жинақтауға тырысты.
— Ай эм, ай эм… қалай айтсам екен…
— Hello?! (Алло?!)
Тұтқадан қысқа гудоктар естілді. Арлан тұтқаны қатты қысып тұрды да, содан кейін оны баяу орнына қойды.
— Ол жұмыста шығар, кешке қоңырау шалғаным дұрыс болар, — деп топшылады ол.
Мекеме қызметкерлеріне тағы бір мәрте алғыс айтып, Арлан саябаққа қайта оралды. Бірнеше сағат бойы ол ойға шомып, шатасқан ойлардың түйінін тарқатуға тырысып, жай ғана отырды. Арлан әрқашан өмірге үмітпен қарайтын, қоңырау шалудың бір сәтсіз әрекеті оның сағын сындыра алмайтыны анық еді. Ол Эдринге мүлдем қоңырау шала алмауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Сондықтан ол басқа не істеу керектігін де ойластырды. «Маған тағы кім көмектесе алады?! Бұдан құтылудың тағы қандай жолы бар?!» Қарнының тоқтаусыз күрілдеп оған зейінін шоғырландыруға мұрша бермеді. Арлан бұл туралы уайымдамауға тырысты. Спортпен шыңдалған мықты тәні оны толықтай әлсіреп қалудан құтқарып тұрды.
Кеш бата Арлан сол мекемеге қайта барды. Мейрамхана қызметкерлері жолы болмаған туристі танып, қоңырау шалуға рұқсат берді. Бірнеше созылыңқы қоңырау үнінен кейін ол өзіне таныс әйел дауысын естіді.
— Эдрин?!
Өкінішке қарай, жауап бұрынғыдай болды. Бұл жолы Арланның бағы жанып, әйел оның шала ағылшынын әйтеуір әлсін-әлсін түсінді. Содан кейін баяу әрі анық Эдриннің жоқ екенін, қашан келері белгісіз екенін түсіндірді. Арлан оған егер көріп қалса хабарлама айтуын өтінейін деп еді, бірақ тілі жетпеді. Арлан шаршаңқы күрсініп, тұтқаны қойды.
Куала-Лумпур бірте-бірте күннің батуына дайындалып жатты. Көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдары мен саябақтарды жарықтандырып, бағаналардағы шамдар жанды. Жұмыс күні аяқталып қалғандықтан, минут өткен сайын айналадағы адамдардың қарасы көбейе берді. Әуелде Арланға Малайзия мен Қазақстан екі түрлі ғаламшар сияқты көрінетін. Ең алғашқы болып көзге ілінетін нәрсенің бәрі мүлдем басқа еді. Табиғаты, ауа райы, сәулеті. Ұқсас тұстарын бір қолдың саусақтарымен санап шығуға болатын. Дәл осы жерде Арлан «прогресс» деген сөздің мағынасын шын мәнінде түсінгендей. Бір биологиялық түр — адам салған қалалардың қаншалықты әртүрлі болуы мүмкін екендігі таңғаларлық.
Бірақ адамдар легінің ортасында тұрып, Арлан өмір барлық жерде бірдей екенін көрді. Бұл Ресей ме, Малайзия ма немесе Қазақстан ба, оған қарамастан. Өмірдің заңдылығы бәрінде бірдей. Таңертең бәрі жұмысқа, қызметке, жеке немесе іскерлік кездесулерге асығады. Кешке біреулері әйелі мен балаларына, үйлеріне қарай беттейді. Ал басқалары ауыр жұмыс күнінен кейін бой жазу үшін түнгі клубтар мен барларға барады. Бәз-баяғы аптасына жеті күн. Бәз-баяғы бір-екі демалыс күні. Бір сәтке Арлан осы өмір ағымына әбден сіңісіп кете алатыны туралы ойланып қалды. Болашақта Малайзияда өз орнын табу ойы үйге оралғанда күтіп тұрған жағдайға қарағанда әлдеқайда жарқын әрі үміт сыйларлықтай еді.
Әр адам өзімен-өзі жалғыз қалғанда армандай бастайды. Оны күнделікті күйбең тіршілік алаңдатпаған кезде, ол өз ойларының тұңғиығына шомады. Арлан да одан тыс емес еді. Жұлдызды аспанның астында отырып, ол көзімен жұлдыздарды тізіп, арманға берілді. Эдринге қоңырау шалып түсе алатынын армандады. Жұмсақ матрас пен жылы көрпе суық тартқан қара жерді алмастырса деп армандады. Жанына жақын кәсіп тауып, соған бар ынтасымен кірісуді армандады. Бәлкім, атақты спортшы да болып қалар. Егер спорттан жолы болмай жатса, онда Малайзияда оған мүмкіндіктердің шексіз көкжиегі ашылатындай болды. Арлан олардың қандай мүмкіндіктер екенін әлі білмесе де, олардың бар екенін сезді. Ал оларды табыстырған кезде, ешқашан қолынан жібермейді. Жарқын болашақ туралы армандар Арланның жанын жылытып, жаңа күш-қуат сыйлады. Субұрқақтардың сылдыры мен ағаш жапырақтарының арасындағы самал желдің гуілімен ол ұйқыға кетті.
Екі күн қатарынан Арлан бір телефон нөміріне қайта-қайта қоңырау шалумен болды. Таңертең бе, түскі ас кезінде ме немесе кешке ме, оған қарамастан, үнемі баяғы бір әйелдің дауысы жауап беретін. Эдрин сол күйі жоқ. Арлан робот сияқты бір сөзді қайта-қайта қайталай берді.
Үшінші күні маңайдағы кеңселердің жұмысшылары түскі үзілістен кейін мекемеден шыққанда, Арлан қайтадан сол жерге беттеді. Жергілікті қызметкерлер әлі де қонақты күлімсірей қарсы алып, сәлемдесіп бас изеді. Олар бірден ұғып, үстелдің астынан телефонды шығарып берді. Олардың осындай үнсіз іс-әрекеттері жайсыз жағдайға тап болған шетелдіктің мүшкіл халін түсінетіндерін білдіретін.
Арланның орнындағы кез келген басқа адам, бәлкім, баяғыда-ақ үмітін үзіп, жағдайға мойынсұнып, бұл ойынан бас тартар еді. Жиырмадан астам нәтижесіз талпыныс табысқа жету мүмкіндігін іс жүзінде нөлге дейін төмендетті. Бірақ Арлан бір нәрсені түсінетін. Кез келген еңбек пен төзімділік түбінде бір күні нәтиже береді. Егер кейбіреулерге бірнеше сағат қажет болса, басқаларға күтумен бірнеше жыл азаптану бұйырады. Бірақ, түптің түбінде, нәтиже бәрібір болады.
Арлан кезекті рет тұтқаны құлағына тақады. Кезекті рет жатқа біліп алған нөмірді терді. Жауап күтіп тұрып, ол жоғарыда тұрған тәбет ашатын гамбургерлер бейнеленген тақтайшаға аш көзбен қарады.
— Эдрин? — деп бірсарынды дауыспен сұрады Арлан, гуілдің аяқталуын күтіп.
Бірнеше сәттік үнсіздіктен кейін кенет ер адамның дауысы жауап берді:
— Yes. It’s me. Listen to you (Иә. Бұл мен. Тыңдап тұрмын).
Арланның жүзі жайнап, қуаныштан қолымен басын ұстай қалды.
— Эд… Эдрин, итс ми! Эм, Арлан! Ю ремембэр?! Арлан!
— Arlan? (Арлан?) — деп ойлана қайта сұрады ол.
— Йес. Итс ми Арлан. Казахстан! Раша! Фрэнд! Ви… ви бизнес виз ю.
— Oh, yeah! Arlan, sure. I remember you. How can I help you? (О, иә! Арлан, әрине. Мен сені есіме түсірдім. Саған қандай көмегім тиеді?)
— Йес! Йес! Ай эм… лост. Ай нид хэлп! — деп әр сөзін дұрыс жеткізуге тырысқан ол аздап кекештене сөйледі.
— Lost? Where is Jamanbek? (Адасып қалдың? Жаманбек қайда?)
— Жаманбек лефт. Ай донт ноу.
— Ok.
Эдрин болған істі ой елегінен өткізіп, біраз уақыт үнсіз қалды. Аздаған үзілістен кейін ол:
— Where are you now? (Қазір қайдасың?) — деп сұрады.
— Мен… Ай эм ин парк. Петронас!
— KLCC? Kuala-Lumpur Central Park? (Куала-Лумпур орталық саябағы?)
— Йес, йес.
— So you know about the Petronas Towers? Right? (Демек, Петронас мұнараларын білесің ғой? Дұрыс па?)
— Йес. Петронас! Биг ғимарат! Ия! Парк!
— Be there. I will arrive in fifty minutes. Ok? (Сол жерде күт. Мен елу минуттан кейін барамын. Жақсы ма?)
— Фифти минутс?! Бұл елу минут па, әлде он бес пе?! Жақсы, окей!
Арлан тұтқаны қойды, оның денесі төбесінен бақайшағына дейін шымырлап, ұзақ күткен қуаныш сезімі билеп алды. Осыншама ұзақ жол жүргеннен кейін ол ақыры Эдриннен көмек тапты. Әйтеуір бір күні жұлдызы жанатынына күмәні болмағанды. Әлде бұл кездейсоқтық па? Сірә, жай ғана кездейсоқтықтан әлдеқайда маңыздырақ бірдеңе болар.
Арлан тұрған орталық саябақ Петронас мұнараларына іргелес аумақ болатын, сондықтан оларға жету аса қиындық тудырмады. Зәулім ғимараттар үнемі күзетте тұратын екі сақшыдай бой көтеріп тұрды. Егіз мұнараларды бірнеше шақырым қашықтықтағы кез келген жерден көруге болатын еді. Бұл адамзат дамуының айқын белгісі және елдің сәулет өнерінің мұрасы-тұғын. Арлан Малайзияға келгенге дейін мұндай орасан зор туындыны тамашалау мүмкіндігіне ешқашан ие болмаған еді.
Біраз уақыттан кейін мұнаралардың бас кіреберісіне қарай Эдрин келе жатты. Оны алыстан байқаған Арлан орнынан тұрып, қолын бұлғады. Шала танитын адамның бұл жағдайда көмектесе алатынына ол жүз пайыз сенімді емес еді, бірақ сәті түсіп онымен көрісудің өзі соңғы бір апта ішіндегі өте жағымды жағдай болды.
— Хэллоу, Эдрин!
Эдрин оған қолын бұлғап амандасты. Арлан асыра айтпай, басынан кешкенін егжей-тегжейлі айтып берді. Дегенмен, үйден жырақта, жалғыз қалып қою, ол аз ба, құжатсыз қалу — бұдан жаман жағдайды елестету де мүмкін емес еді. Жаманбектің оны тағдыр тәлкегіне салып жат елде жай ғана тастап кеткені туралы айта жатпады. Досының ақырында қандай оңбаған болып шыққанына қарамастан, бұл туралы әлсін-әлсін танитын адамға айту — ең дұрысы емес.
Жаманбектің іс-түссіз жоғалып кеткеніне Эдрин қатты таңғалды. Екінші жағынан, жеке әңгімелерде ол Жаманбектің Арлан туралы неліктен үнемі шетқақпайлап сөйлейтінін кейде түсінбейтін. Ол досының істерге араласуына мүлде мүдделі емес сияқты әсер қалдыратын. Тіпті Арлан қастарында болғанда оның мінез-құлқы да өзгеретін.
Не істерін білмей ойланған Эдрин басын қасыды. Құжатсыз полицияға жүгіну — бұл Арланды бірден заңсыз иммигранттар қатарына қосатын еді. Ал мұндай адамдармен олар көп сыпайыласып жатпайтыны анық. Депортация — ең жақсы әрі өте сирек кездесетін нәтиже болар еді. Ал басқа жолдары туралы Эдрин тіпті ойлағысы да келмеді: қыруар айыппұл, қинап тергеу, темір торға қамау және тағы сол сияқтылар. Малайзия да, басқа кез келген ел сияқты, ең алдымен әрбір азаматтың және жалпы халықтың қорғалуын қамтамасыз етеді. Ал Арланның жағдайын бөтен елге басып кіру деп батыл атауға болатын еді. Өйткені айтқанының растығын дәлелдейтін адам жоқ-тұғын.
Олар ең алдымен жақын маңдағы дәмханаға барды, онда Эдрин Арланды дәмді кешкі аспен тамақтандырды. Ерекше ештеңе жоқ. Қуырылған тауық еті мен тұздығы бар қарапайым күріш. Бірақ Арлан тамақты тезірек шайнап, асқазанға жеткізуге тырысып, екі ұрттап жеп жатты. Ол анда-санда Эдринге басын көтеріп қарап қойып, кінәлі жандай жымиятын.
— Would you like me to order something else? (Тағы бірдеңе қалайсың ба?) — деп сұрады Эдрин алдындағы табақ босаған бойда.
— А?!
Арлан оған таңғала қарап, айтқанын орыс тіліне аударуға тырысты. Ештеңе шықпайтынын түсінген соң, ол тек алғыс ретінде бас изеді.
— Ok, — деп жымиған Эдрин касса жаққа қол сілтеді.
Алдына тауық еті қосылған күріштің жаңа табағы баяу қойылған кезде Арлан ұялып қалды. Аштық оны әлі де қысып тұрған еді. Енді бас тартудың кеш екенін түсінген Арлан ризашылықпен бас изеді. Тойғанынша тамақтанып алған соң, олар Эдриннің көлігіне отырып, жолға шықты. Арлан олардың қайда бара жатқанын білгісі келді. Бәлкім, сөздерді дұрыс қолданып, сауатты сұрақ құрастыра да алар ма еді. Бірақ ол Эдринге сеніп, үндеместен оның соңынан еруді жөн көрді.
Жиырма минуттай уақыттан кейін көлік екі қабатты ғимараттың қасына тоқтады. Арлан мұндай үйлерді Ресейде де көрген. Тек дәулетті адамдар ғана мұндай санаттағы баспананы сатып алуға мүмкіндігі бар еді. Соғылған биік дуалдар, шлагбаумы бар қақпа, күзеті бар бақылау-өткізу пункті.
— Жұрттың өмірі керемет, — деп сыбырлады Арлан.
Эдрин көлікке қайтып оралды да, езу тарта жымиып, кілттерді сылдырлатты.
— New home Arlan (Жаңа үй, Арлан).
Бұған жауап ретінде Арлан екі басбармағын жоғары көтерді. Жол-жөнекей Эдрин кілтті алу үшін әпкесіне соққанын түсіндірді. Куала-Лумпурдың оңтүстігіндегі бір тұрғын ауданда оған тиесілі ескі шағын үй бұрыннан бар болатын. Онда ешкім тұрмайтындықтан, ол керек емес заттарды сақтайтын қойма ретінде қызмет ететін.
Жолдың екінші жартысы әлдеқайда көп уақыт алды. Ақыры Селаянгқа кіру үшін оларға бір сағаттай уақыт қажет болды. Негізінен кедей халық тұратын, өзіндік ішінара инфрақұрылымы бар шағын қала үлгісіндегі кент. Арлан Селаянг ауданы туралы ешқашан естіген емес, бірақ сол сәтте оған бәрібір еді. Эдрин оған бассауғалайтын пана береді, ал бұл дегеніміздің өзі тамаша жаңалық-тұғын.
Олар шағын тар көшеге бұрылды. Арлан көліктің терезесіне телміріп, таяу уақытын өткізуге тура келетін жерді анықтап көруге тырысты. Тіпті үй деп атауға да ауыз бармайтын көптеген бір қабатты құрылыстар. Бір-біріне тығыз орналасқан ондаған құрылыстардың негізінен толқынды алюминий қаңылтырларынан тұратын жайпақ шатыры бар еді. Қабырғалары қалыңдығы мен пішіні әртүрлі ағаш бөренелер мен тақтайлардан жасалған. Оларды тұрғындардың өздері қолдарына түскен кез келген нәрседен салған сияқты көрінді. Кейбір үйлердің шағын қолдан жасалған верандасы бар еді, онда керілген жіптерде киімдер кеуіп тұрды немесе үйіліп қалған ескі-құсқы қоқыстар жатты. Жарамсыз болып қалған велосипед рамалары мен дөңгелектері, адам танымастай тозған балалардың жұмсақ ойыншықтары және аумақта шашылып жатқан көптеген бос кір қораптар.
Олар кішкентай үйлердің біріне келіп тоқтады. Кіреберіс есігі — кей жерлерінде қураған сыры түсіп қалған, сыдырылған ағаш есік. Арлан бұл жаңа баспананы тек ауылдағы мал қорасымен ғана салыстыра алды. Қазақстан мен Ресейде тіпті ең арзан жертөлелердің өзі сырттай қарағанда әлдеқайда жайлы көрінетін. Олар ішке кірді.
Арланның көз алдына жиырма шаршы метрден аспайтын шағын бөлме ашылды. Ойылып қалған жерлері көп, сыры ұшқан жасыл қабырғалар. Бүкіл бөлмеге бір ғана терезе, оның өзінде әйнек жоқ. Қалай болса солай тақтаймен шегеленген қабырғалардағы үлкен саңылаулардан жел гулеп тұрды. Бөлменің ортасында тірек ретінде бірнеше ағаш бөренелер шатырды ұстап тұр екен. Бұрындары олар бөлгіш қабырғаларды біріктіретін бөлшек ретінде қызмет еткен сыңайлы. Төбесі қабырғалы алюминий және фанера қаңылтырларынан тұрды. Ылғалдан шіри бастаған оның кей тұстарына қабырғада ілулі тұрған ағаш кесінділері шегеленіпті. Арлан аяғының астына қарады. Тәпішкесінің табаны жалаңаш бетонның бүкіл бетін жапқан қалың шаң қабатына жартылай батып кетті.
— Arlan? — деп дауыстаған Эдрин Арланның иығына кінәлі сезіммен қолын қойды. — I understand this is not what you expected to see. But… but this only one place that I can offer now (Арлан. Мен түсінемін, бұл сенің күткеніңдей емес шығар. Бірақ… бұл менің қазір саған ұсына алатын жалғыз жерім).
Арлан кейбір сөздерді түсінбесе де, сөздің сарынын ұқты. Эдриннің дауысынан аздаған қобалжу мен өкініш байқалды. Әрине, Арлан барлық қолайлы жағдайы бар қарапайым пәтерде немесе қонақүй нөмірінде болғысы келетіні сөзсіз. Далада өткізген азапты күндерден кейін ыстық ваннаға түсуді қалар еді. Екінші жағынан, Эдрин оған көмектесу арқылы тәуекелге барып отырғанын ол өте жақсы түсінді. Оның үстіне, олардың танысқанына небәрі екі-ақ күн болған.
— Итс окей Эдрин. Ай лайк ит. Хоум итс хоум (Үйдің аты — үй).
— Really?! (Шынымен бе?!)
— Йес. Бэст! — деді Арлан басбармағын жоғары көтеріп.
Мұны күтпеген Эдрин абдырап қалды. Ол Арланды соңынан еруге ыммен шақырды. Түкпірдегі бұрышта шаң басқан қара қаптардың үлкен үйіндісі жатты. Эдрин оларды кезекпен аша бастады. Біреуінен ол бір-екі кішкентай ағаш орындық шығарды. Содан кейін бірден келесісіне қол созып, бір уыс киім алып шықты.
— There are things you can use. Old bucket, a pair of child chairs, some kind of clothes (Мұнда сен пайдалана алатын заттар бар. Ескі шелек, бірнеше балалар орындығы, киімдер).
Арлан жауап ретінде тек бас изеді. Үйіндіден бір футболканы суырып алып, ол оны алдына жайып көрді. Оның әбден тозып, жыртылуға шақ қалғаны соншалық, бұған дейін онымен жүз шақты адам марафон жүгіріп өткендей әсер қалдырды. Содан кейін оны жуып әуре болмай, қапқа тастай салғандай. Оның иісінің жиіркеніштілігі сонша, Арланның көзі ашыды. Бұл киімді көргендегі алғашқы ойы — оны өртеп жіберу.
— You just need to clean it (Оны тек жуып алу керек), — деп жымиды Эдрин. — Клин. Почистить. Әрине, жап-жаңа болып шығады.
— Ok! — деп жауап берген Арлан, барынша табиғи етіп ештеңе етпейтінін көрсетіп, Эдринге жымия қарады.
Мүмкін көп адамдар тұрғын үй деп атауға әрең келетін бұл кір, ескі қорапта тұрудан жай ғана бас тартар еді. Бұл заңды да болар еді. Бәлкім, Эдриннен қонақүйден нөмір талап ететіндер де табылар ма еді. Ал Арлан болса, керісінше, оған ешкімнің ештеңеге қарыздар емес екенін және ең алдымен ол өзіне ғана сенуі керектігін түсінді. Оның үстіне, тым болмаса осындай бассауғалайтын пананың бұйыруының өзі бір ғанибет еді. Арлан суық қара жерде және қатты орындықтарда өткізген түндерін есіне алып, бұл үй одан көш ілгері ғой деп шешті. Ол Эдринге жақындап, жымиған күйі қолын қысты.
— Сэнк ю вери мач май фрэнд!
Қаланың шетіндегі ағаш лашықты Арланның осылай қабылдауы Эдринді аздап ұялтты. Ол абайлап:
— Is it ok? (Бәрі дұрыс па?) — деп сұрады.
— Йес. Гуд. Вери вери, — деп бас изеді Арлан қанағаттанған жүзбен.
Сол сәтте Арланның бойынан тараған жылы лебіз Эдринге де жұқты. Ол тынышталып, оған жауап ретінде күлімсіреді. Ең алдымен ол пайдалануға қажетті және керек деген заттарды ғана қалдырып, үлкен қаптар үйіндісін аршуға көмектесті. Қаптардың ішінен әбден тозған, бірақ жарамды матрас табылды. Одан кейін Эдрин құбырларды, суды және душты тексерді. Тағы бір кішкентай бөлме желдеткішін табудың сәті түсті. Тіпті түнде де ыстық жиырма үш градустан төмен түспейтін елде салқындық көзінің болуы аспаннан түскен сыймен тең еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол қосылмады. Эдрин көліктен азық-түлік салынған пакетті әкелді. Бірнеше бөтелке ауыз су және екі-үш сэндвич. Бұл Арланға ертеңгі кешке дейін шыдауға жетуі тиіс еді.
— So, Arlan. I will be back tomorrow and bring some food. Ok?! Food?! Do you understand me? (Сонымен, Арлан. Мен ертең келіп, тамақ әкелемін. Жақсы ма?! Тамақ?! Сен мені түсініп тұрсың ба?)
— Фуд ис гуд, Эдрин. Ай андэрстэнд.
Арлан көлікті жанарымен шығарып салып, жұлдызды аспанға біраз қарап тұрды да, үйге оралды. Сағат түн ортасы шамасында еді, бірақ ұйықтауға жатпас бұрын ол жинастырып алуды ұйғарды. Кем дегенде матрас төсейтін бұрышты тазалап алу қажет. Қолдарына пакет киіп алған Арлан терезенің астындағы бұрышты сыпырды. Көлемі екі де екі метр болатын жерді қоқыстан барынша тазартуға тырысып, мұқият жинады. Бұл өзі жатып, заттарын орналастыруға әбден жеткілікті еді. Он минуттан кейін бәрі дайын болды. Маңдайынан тер аққан Арланның есіне желдеткіш түсті. Ол қоқыс үйіндісінің арасынан тапқан кішкентай металл пластинканы алып, оның қақпағын абайлап ашты. Сөйтсе, ең негізіндегі сым түйіспе қалыбынан үзіліп кеткен екен. Шамасы, ол биіктен құлап, шнурына асылып қалған немесе біреу оны қатты жұлқа тартқан, деп ойлады Арлан. Ұштарын пластик қабықшадан тазартып, сымдарды ұяшықтарға салды. — Өтінемін, өтінемін, өтінемін… — деп сыбырлады Арлан желдеткішті розеткаға қосып жатып.
Ол көзін жұмып, сары «ON» батырмасын басты. Қырылдаған дыбыс естілді. Қалақтары екі жаққа жұлқына бастады. Бірнеше секундтан кейін Арланға қарай жеңіл самал жел соқты. Ол орнынан тұрып, балаша шапалақ ұрды. Бұл кішкентай болса да, алғашқы жеңісі еді. Шаршаған және үсті-басы кір Арлан ұйқыға жатпас бұрын душқа түсіп алды. Душ кабинасы фанера қаңылтырларымен қоршалған бөлменің екінші бұрышында орналасқан. Арлан бұдан өзі үшін ешқандай таңғаларлық нәрсе көрмеді. Дәл осындай кабина ауылдағы аулада да тұрған болатын. Суық немесе ыстық су беруді реттегіштер болмады. Бірақ салқын ауа қапырық жер үшін тамаша. Жалғыз кемшілігі
— судың қабырға бойымен орналасқан және сыртқа шығатын арыққа ағуы болды.
Ылғалдың жиі жиналатыны байқалып тұрды, соның салдарынан жағымсыз иіс шығып, ал дымқылдық жәндіктерді өзіне үйірлететін еді.
Арлан матрасқа оталған ағаштай құлады. Желдеткіш әлсіз болса да, терісін салқындатып тұрды. Терезе сыртында шегірткелер шырылдап жатты. Тәртіп сақшыларының көзіне түсіп қаламын ба деп қорқып, ол енді жалтақтаған жоқ. Соңғы түндермен салыстырғанда, бұл ағаш қорап оған бес жұлдызды қонақүйдің нөміріндей көрінді.
Бақыттан басы айналып Арлан енді еркін тыныс ала алды. Кірпіктері баяу қорғасындай ауырлап, ол қалай ұйықтап кеткенін де байқамай қалды.
5-тарау
«Сені екі нәрсе айқындайды: түгің жоқ кездегі сабырың және бәрі бар кездегі мінез-құлқың».
Зиг Зиглар, америкалық автор, лектор және мотивациялық спикер.Таңертең Арлан екі сэндвичтің біреуін жеп, үстінен суды молынан ішті. Екіншісін кешке дейін сақтап қоюды жөн көрді. Эдрин соғып кетуге уәде бергенімен, оның қашан келетіні белгісіз еді. Далада жартылай аш өткізген бір апта Арланды бұдан былай азық-түлікті ақылмен пайдалануға үйретті.
Күні бойы ол жаңа үйін абаттандырумен айналысты. Тас жабыны толығымен тазартты. Шаңның көп болғаны соншалық, қара қоқыс қабы аузы-мұрнына дейін лық толды. киімдердің бір бөлігін ол шүберек ретінде пайдаланды. Ал екінші бөлігін қол сүртетін орамалдарға бөліп алып, алдын ала сабынмен жуып, кептіріп іліп қойды. Мұндай шаруақорлық оған анасынан дарыған еді. Отбасында қыздар болмағандықтан, ұлдарға үй шаруасын меңгеруге тура келген. Егер бұрын басында жұмыс ерлердікі және әйелдердікі болып бөлінеді деген соқыр сенім болса, Арлан өз бетінше өмір жолына аттанғалы бері бәрін жасай алатынына шексіз риза еді.
Уақыт ымыртқа таяп қалды. Малайзияда күн ерте бататындықтан, кешкі сағат алтыда тастай қараңғылық орнайтын. Арлан Эдрин келіп қалмас па екен деп қайта-қайта далаға көз тікті. Кейінге қалдырған сэндвичі сол күйі үстел үстінде жатты. Уақыт өтіп жатты, ал жолдасынан әлі хабар жоқ еді. Аштықтан әлсірегендіктен, Арланның басына түрлі ойлар келе бастады. «Егер Эдрин оны осында мәңгілікке тастап кетсе және қайтып оралуды жоспарламаған болса ше?! Егер ол сыпайылық танытып кездесу кезінде бас тарта алмай, кейін мені әпкесінің осы ескі қоймасына қамап тастап, менен құтылғысы келді ме?! Егер оның жоспары менің қырағылығымды бәсеңдету болса және ол қазір осында көші-қон полициясының қызметкерлерімен бірге келе жатса ше?!»
— Мені енді өмір бойы Жаманбек сияқты жындар қоршап жүре ме сонда?! — деді Арлан басын ұстап.
Эдрин оған мейірбан әрі жанашыр адам болып көрінген еді. Арлан оған күмән келтіргісі келмеді. Асқазанын толтыру үшін бір литр су ішіп алып, ол ұйықтауға жатты. Сағат түн ортасынан ауып кеткен болатын. Әрі қарай күтудің мәні жоқ деп санады Арлан. Өзін басқа нәрсемен алаңдатып, ұйықтап кету үшін ол туған жерін есіне түсіре бастады.
Кенет, Арланның басына күтпеген ой келді де, ол өмірінде бірінші рет дұға етуді ұйғарды. Ол мұны қалай дұрыс жасарын білмеді. Дауыстап айту керек пе, әлде іштей айту жеткілікті ме. Өзінің сенімділігі үшін ол сөзсіз естуі үшін қатты дауыспен дұға етуді шешті. Кез келген басқа жағдайда ол мұны іштей жасар еді, бірақ өзімен-өзі жалғыз қалғандықтан, ұялатын ешкім жоқ еді.
— Құдай, сәлем, мен Арланмын. Мен мұны ешқашан жасап көрген емеспін және… мұның қалай дұрыс екенін білмеймін. Дегенмен, анамның дұғаларын жиі көруші едім. Сондықтан мен де байқап көрейін. Білесің бе, соңғы бір айда қаншама оқиғалар орын алғанын, ал соңғы екі күнде одан да көп. Мен сенің шын мәнінде бар немесе жоқ екендігің туралы ешқашан ойланбаппын. Бірақ қиын тағдырымда маған көмектескен адамдар кездейсоқ кездеспегені анық. Менімен риясыз тамағын бөліскен Суреш те. Маған баспана тауып берген Эдрин де. Иә, бәлкім, хансарай емес шығар, бірақ мен шағымдануға үйренбегенмін. Мен бұл жерден шығуға тырысып жатқанда, жақындарым аман-сау болса екен. Менің сенен сұрайтыным осы ғана. Бірақ маған да көмектессең қарсы болмас едім. Қалай болғанда да, мен қалайда үйге ораламын деп өзіме серт бердім. Жолы болмай қалған жолаушы ретінде емес, табысы мол адам ретінде. Әлі нақты жоспарым жоқ, бірақ мен қалайда жетістікке жетуге тырысамын!
Арлан төбеге қарап үнсіз қалды. Оның сөздерді дұрыс таңдағаны және дұрыс дұға еткені маңызды емес еді. Ол мұны шын жүректен, пәк көңілмен жасады, және бұл әбден жеткілікті болатын. Оның есіне анасының кешкісін қабырға алдында отырып айтатын сөздері түсті. Ол жай ғана соларды қайталауды ұйғарды:
— Құдай Әке! Мен саған сенемін, мен сені ешқашанда ұмытпаймын! Қате істеген нәрселерімнің бәрі үшін кешіре гөр! Егер шынымен бар болсаң, маған көмектесе гөр, ал мен жақсы адам боламын, тек жақсы жаққа қарай өзгеремін, — деді ол сәл үнсіздіктен кейін — Аумин! — деп қойып.
Арлан бұл рәсімді тағы бірнеше рет қайталап, содан кейін иіліп тағзым етті. Ауыр күрсініп, төсегіне оралды. Ол шалқасынан жатты, ал оның жанары төбеге қадалып, қараңғылыққа сіңіп кетті. Арланның жаны жай тапты. Ішінде әдеттен тыс жеңілдік пайда болды. Өмірінде болып жатқанның бәрі оның ішінде жиналып қалғандай еді. Жыл өткен сайын. Күн өткен сайын. Сағат өткен сайын. Жиналып қалған ойлардан, уайымдардан, күмәндардан арылу үшін тек қана дұға ету керек екен ғой. Ең маңызды, басқа ешкімге айта алмайтын тілектеріңді айту. Шын жүректен және адал ниетпен, ешқандай қулықсыз. Басындағы бейберекет хаос жоғалып, Арланның санасы барлық жағымсыз ойлардан тазарып, баяу ұйқыға кетті.




